Павлодардан 10 ғасыр бұрын өмір сүрген адамдардың сүйегі табылды
Павлодар педагогикалық университетінің ғалымдары Байдала ауылының маңында жүргізілген археологиялық жұмыстар барысында ІХ-ХІ ғасырларға жататын құнды қорғандарды тапты. Әлкей Марғұлан атындағы орталық жетекшісі Тимур Смағұловтың пайымдауынша, бұл қорғандар қимақ қағанатына тиесілі. Себебі олардың астанасы – Имақия қаласы Ертіс өзенінің бойында орналасқан.
Сондай-ақ, ғалым Байдаладағы қимақ қорғандарының ғылыми құндылығы жоғары екенін атап өтті. Топырақтың химиялық құрамы жақсы болғандықтан, ағаш бұйымдар, жібектен тігілген киімдер, былғары мен металдан жасалған түрлі заттар жақсы сақталған.
Жалпы, ғалымдар бұл аумақта 2008 жылдан бері қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Археологтардың айтуынша, мұнда қыпшақ-қимақ заманынан бөлек, сақ дәуіріне жататын қорымдарды кездестіруге болады.
Мәселен, жақында осы аумақтан жылқымен бірге жерленген қимақ жауынгерінің сүйектері табылды. Бір ерекшелігі, жерленген адамның үстіне қойылған тақтайлар бір-біріне бірде-бір шегесіз бекітілген.
Ендігі ретте қорғаннан табылған адам сүйектері мен заттар арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін зертханаларға жіберілмек. Мұнда рентген және компьютерлік томография арқылы анатомиялық деректер анықталатын болады.