Нұр-Сұлтан және Алматыдағы кәсіпорындар бір аптаға жұмыстарын тоқтатады
Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 30 наурыз бен 5 сәуір аралығында кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмысы уақытша тоқтайды. Бұл туралы үкімет басшысының ресми сайтында хабарланды.
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның селекторлық отырысы өтті. Еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы ахуал туралы әкімдер Алтай Көлгінов пен Бақытжан Сағынтаев баяндады.
Мемлекеттік комиссия коронавирустық инфекцияның таралуын шектеу мақсатында Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында биылғы 30 наурыз бен 5 сәуір аралығында орталық мемлекеттік органдар, әкімдіктер, құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау ұйымдары, БАҚ, азық-түлік дүкендері, дәріханалар мен тіршілікті қамтамасыз ету ұйымдарын қоспағанда, меншік түріне қарамастан барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмысын уақытша тоқтату туралы шешімді бекітті.
Толық тізім қалалардың әкімдіктерімен келісе отырып анықталады.