Еліміздің бірқатар өңірлерінде карантин шараларын күшейту тапсырылды

Жарияланды
Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында бақылау күшейтілді

Бірқатар өңірлердің әкімдіктеріне санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына бақылауды күшейту тапсырылды. Бұл туралы  Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы хабарлады.

Премьер-Министрдің орынбасары Е. Тоғжановтың төрағалығымен өткен Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында еліміздегі қазіргі эпидемиологиялық жағдай, халықты жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз ету, шетелдегі ҚР азаматтарын елге қайтаруды ұйымдастыру және басқа да өзекті мәселелер қаралды.

Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов өз баяндамасында кейбір өңірлерде қарантин шараларын жеңілдету коронавируспен ауырғандар санының көбейуіне себеп болғанын атап өтті.

Осыған орай, Премьер-Министрдің орынбасары Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстары әкімдіктеріне өңір бойынша санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуына бақылауды күшейтуді, оның ішінде шектеу шараларын күшейту мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

«Өңір әкімдіктері санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуын қатаң бақылауда ұстауы тиіс. Талаптарды орындамаған бизнес субъектілерінің қызметін анықталған кемшіліктерді орнына келтіргенше уақытша тоқтату қажет. Бұл шаралар азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аса маңызды», — деді Е. Тоғжанов.

Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары Е. Тоғжанов бірнеше нақты тапсырмалар берді.

 

Сондай-ақ оқыңыз