Кейбір алматылықтарға көлік тізгіндемеу ұсынылды

Жарияланды
Ауа райының күрт бұзылуы ықтимал

«Қазгидромет» РМК жүргізушілік өтілі аз алматылықтарға ауа райының бұзылуына байланысты автомобиль жүргізуден аулақ болуды ұсынды.

«Жолдың көлік жүретін бөлігін мұз басу, яғни көктайғақтың орын алу мүмкіндігі салдарынан, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді қауіпсіздік шараларын қолдануға шақырамыз», – делінген таратылған хабарламада.

Сонымен қатар, кәсіпорынның баспасөз қызметі 5-қарашаға қараған түні Алматыда арты қарға айналатын жаңбыр жауатыны және ауа температурасы күндіз 1-3-ке дейінгі, түнде 2-4-ке дейінгі жылылыққа төмендейтіні туралы хабарлады.

«Белсенді циклон салдарынан, республиканың көптеген аймақтарында ауа райы күрт суытып отыр. Қазақстанның оңтүстігінде де күн суытып, жаңбыр және сулы қар жауу басталмақ. Жақын тәуліктерде циклонның шығысқа қарай ығысуына байланысты республиканың оңтүстік-шығысы мен шығысында  жаңбыр, қар жауып, күшті жел тұруы күтілуде. Сондықтан Қазақстанның бүкіл аумағында күн суытады, солтүстік аймақтарда минус 2-10°С, оңтүстікте – 0-8°С аяз күтілуде, бұл көп жылғы орташа  деңгейдегіден 3-6°С төмен», – делінген хабарламада.

Естеріңізге салсақ, бұдан бұрын Қазақстанның бір қатар аймақтарында жұмыс аптасы  аяздардан басталатыны туралы хабарланған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз