Коронавируспен күреске Ұлттық қордың қаражаты жұмсалмақ
4,4 триллион теңгеден 1,8 триллион теңге еліміздегі дағдарысқа қарсы күреске жұмсалмақ. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты.
«Қазақстанда дағдарысқа қарсы күреске бөлінген қаржының жалпы көлемі 4 триллион теңгеден асады. Бұл шығындар республикалық бюджеттен 2,1 трлн теңге және инфрақұрылымдық облигацияларға қаражат тарту есебінен жүзеге асырылады. Сонымен бірге, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт 1 триллион 852 миллиард-қа артты»,-деді ол.
Сонымен қатар, министр өткен брифингтердің бірінде Ұлттық қордың қаражаты пайдаланылмайды деп мәлімдеген болатын. Сол үшін кешірім сұрады.
«Коронавирус жағдайына байланысты өткен алғашқы брифингтердің бірінде мен Ұлттық қордың қаражаты пайдаланылмайтынын айттым. Бұл мәлімдеме дұрыс болмады, сол себепті кешірім сұраймын», – деді Абаев.