Өскемен мен Семей қалаларында қосымша шектеулер енгізілетін болды
Өскемен мен Семей қалаларында қосымша шектеулер енгізілетін болды, деп хабарлайды Сoronavirus2020.kz сайты.
«Өскемен мен Семей қалаларында 2020 жылғы 2 сәуірде сағат 00.00-ден бастап, қосымша шектеулер енгізіледі. Шығу және кіру шектеледі, 15 бақылау-өткізу пункті қойылады. Көлік қозғалысы күндіз шектеліп, түнде тоқтайды. Тек қызметтік көліктерге рұқсат берілді» делінген хабарламада.
Одан бөлек, 6 сәуірден бастап, жеке көлік қозғалысы шектеледі. Күнтізбенің жұп күндері, көлік нөмірі нөлді қосқанда, тек жұп санына аяқталғандар, ал тақ күндері, көлік нөмірі тақ санға аяқталғандар ғана жүреді.
6 сәуірден бастап, Өскемен, Семей аумағында тұрғындардың жүріс-қозғалысы тек рұқсат қағазы арқылы жүзеге асады:
І түрі – қалалардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйым қызметкерлері, жұмыс істейтін азаматтарға арналған.
ІІ түрі – әрбір отбасына беріледі. Ол арқылы аптасына 3 рет сауда нысандарына, дәріханаларға, банктер мен медицина мекемелеріне баруға болады.
Рұқсат қағазының жасыл түсі – жұп күні, ақ түсі – айдың тек тақ күндері шығуға мүмкіндік етеді.
Сондай-ақ, 2 сәуірден бастап, азық-түлік бөлімдерінен басқа, ірі сауда нысандарының қызметі тоқтайды.
Мейрамханалар, дәмханалар, асханалар онлайн түрде тапсырыс алу, жеткізу режиміне өтеді.
Қызмет көрсететін – сұлулық салондары, массаж орталықтары, сауналар толық жабылады.
Қоғамдық тәртіпті сақтау шаралары күшейтілді. Өскемен 200, Семей 202 шаршы аумаққа бөлінді. Коммуналдық және байланыс қызметтері үздіксіз жұмыс атқаратын болады.