Батыс Қазақстан облысындағы мұнай өңдеу зауыты 2020 жылы ашылады

Жарияланды
Инвестиция көлемі – 158 млрд теңге

Батыс Қазақстан облысында мұнайды тереңдетіп өңдейтін зауыт салынып жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс басшысы Ғали Есқалиев мәлімдеді.

«Қазіргі кезде мұнайды тереңдетіп өңдейтін зауыт құрылысы жүріп жатыр. Инвесторы – «ABS Мұнай» ЖШС-ы,  инвестиция көлемі –158 млрд теңге. Зауыт 2020 жылы ашылады деп жоспарлап отырмыз», – деді облыс басшысы.

Сонымен қатар, 2020 жылы ашылады деп жоспарланған тағы екі жобаның құрылысы жүріп жатыр. Біріншісі – 4 млрд көлемінде инвестиция салынған Орал трансформатор зауыты болса, екіншісі – 2 млрд теңге қаржы тартылған жиһаз фабрикасы.

Ғали Есқалиевтың айтуынша, 2019 жылдың 9 айында Батыс Қазақстан облысында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 36 пайызға артып, 388 млрд теңгені құраған. Оның 90 пайызы – жеке инвесторлардың қаржысы. 

Қазіргі кезде облыста жалпы құны 1 трлн теңгеден асатын 42 жаңа инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.  Соның ішінде, 8 жобаға шетелдік инвесторлар қаржы салған. Биыл жалпы құны 317,7 млрд теңге болатын 10 жоба іске қосылады, олар 500-ден аса жұмыс орнын ашуы тиіс.

«Батыс Қазақстан облысының инвестициялық мүмкіндігі жоғары. Агроөнеркәсіптік кешен, туризм, жүк тасымалы саласын қамтитын инвестициялық жобалар пулын жасақтап жатырмыз. Болашақ инвесторлардың барлық мәселелерін жылдам әрі сапалы шешіп беретін инвесторларға қызмет көрсету жүйесі дайын болып қалды»,– деді облыс әкімі.

Сондай-ақ оқыңыз