Қарызды қай банкте қайта қаржыландырған дұрыс?
Дағдарыс кезінде банк сенімді борышкерлерді тартқысы келсе, қарыз алушылар арзан несие алуды ойлайды. Осы ретте Ranking.kz елдегі банктердің қайсысы қарызды қайта құрылымдайтынын және пайызы қанша екенін анықтап көріпті.
Карантин кезінде банктердің кредит беруі бәсеңдеген: Қазақстандағы екінші деңгейлі банктердің қарыз порфелі бір айда 0,9 пайызға қысқарып, биылғы шілде айының қорытындысы бойынша, 14,85 трлн теңгені құрапты. Дегенмен, былтырмен салыстырған бұл көрсеткіш 8,3 пайызға артық.
Несие беру көрсеткіші төмендеуімен қатар, төлем мерзімі кешіктірілген қарыз қатары өсіп барады. Айталық, банктердің несие портфеліндегі уақытында төленбеген қарыз көлемі бір айдың ішінде – 9,6 пайызға, бір жылда 13 пайызға өсіп, 2,1 трлн теңгені құрап отыр. Яғни, уақытында төленбей, кешіктірілген борыш көлемі қарыз портфелінің 14,4 пайызына жеткен. Бұл көрсеткіш былтыр 13,8 пайыз болған.
Ал төленбегеніне 90 күннен асып (NPL 90+), қауіпті саналатын қарыз көлемі бір айда 0,4 пайызға қысқарып, бір жылда 3,3 пайызға өскен. Бұл қарыз портфельдің 9 пайызын құрайды. Ұлттық банк талабы бойынша, төлем мерзімі 90 күннен кешіктірілген қарыз көлемі банк несие портфелінің 10 пайызынан аспауы тиіс.
Несие беру қарқынының төмендеуі мен «қиын» қарыз көлемі арту ықтималдығы жоғарылаған сайын, банктер сенімді борышкер тартуға талпынады. Ал халықтық кәсібі тоқтап, табысы азайып тұрған шақта, несие алғысы келген кісілер пайыздың төмен болғанын қалайды.
Осы орайда ең танымал несие өнімі – тұтынушылық қарызды қайта қаржыландыру бойынша банктер не ұсынып отырғанын бағамдап көрелік.
Елдегі ең ірі деген оншақты банктің арасында тек төрт банк қана кепілсіз несиені қайта құрылымдау туралы ақпаратты ресми сайттарына жариялапты: ForteBank, Еуразиялық Банк, АТФБанк және Банк ЦентрКредит. Осылардың ішінде ең төмен жылдық сыйақы мөлшерлемесін ForteBank ұсынып отыр, 7,3%-дан басталады.
ForteBank ізін ала Еуразиялық Банк келеді, оның жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 13,8% пайыздан басталады. АТФБанк қайта қаржыландыратын қарыздың ЖТСМ-і 28,4%-дан басталса, ЦентрКредит Банктікі 37,86%-дан жоғары.
Қайта қаржыландырылатын қарыздың ең жоғары сомасын ForteBank ұсынып отыр, бұл банкте 7 млн теңгеге дейінгі қарызды қайта құрылымдауға болады. Ал қалған 3 банк клиенттерге 5 млн теңге дейін қарыз беруге дайын. Осы сегментте ұсынылатын қарыз мерзімі– 60 айға дейін.
Айта кетейік, елдегі екінші деңгейлі 27 банктің ішінде 17-і жеке тұлғаларға кепілсіз несие бере береді. Ал ТОП-ондыққа кіретін қаржы ұйымдарының тоғызы клиенттеріне осы өнімді ұсынады.