Түркиядағы қазақстандықтар елге оралды
Бүгін сағат 9:55-те Павлодар әуежайына бортында 125 қазақстандық бар ұшақ Түркиядан келіп қонды. Олардың басым бөлігі -Павлодар облысының тұрғындары.
Рейсті күтіп алғандардың барлығы арнайы қорғаныс костюмдерін киген. Елге оралғандардың температурасын өлшеп, коронавирус белгілеріне тексерді. Сондай-ақ, жеке қорғаныс құралдарымен жабдықтап, арнайы сауалнама жүргізілді. Жолаушылардың сырт киімдеріне дезинфекция жасалғаннан соң автобустармен карантин орнына жеткізілді. Сондай-ақ, олардың жүктеріне тазарту жұмыстары жүргізілді. Жолаушылар жүктерін карантиннен шыққаннан кейін ғана ала алады.
Түркиядан келген қазақстандықтар алдағы уақытарын карантинде өткізеді. Бүгін оларды арнайы дайындалған мекемелерге жатқызды. Бұл жерде әр адамға медициналық сараптама жасалады. Оның нәтижесі 1 тәулік аралығында белгілі болмақ. Егер COVID–19 анықталған болса, пациентті бірден инфекциялық стационарға жеткізіп, боксқа оқшаулайды.
Жолаушыларды тасымалдауға жұмылдырылған ұшақ пен барлық көліктерді, яғни автобустар мен жедел жәрдем машиналарын да дезинфекциялады.
Айта кетейік, бұл Қазақстанға азаматтарды шетелген әкелген алғашқы рейс емес. Бұған дейін Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау және Қарағанды қалаларына арнайы ұшақ отандастарымызды жеткізген еді.