Кепілге қойылған мүлікті тәркілемес бұрын, оны борышкердің өзі сатуына мүмкіндік берілуі тиіс –Қ.Тоқаев

Жарияланды
Аукционға шығарылған кепілмүліктің нарықтық құны ескерілуі керек

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында Мемлекет басшысы банктердің кепіл саясатын жетілдіру және бағалау қызметін реттеу мәселесіне арнайы тоқталды. Қарызын өтей алмаған борышкердің кепілге қойған мүлкін тәркілеуден 3 ай бұрын және іс жүргізу аясында тағы 3 ай кепілдүниені өзі сатуына мүмкіндік берілуі керек. Ал төленбеген берешек сомасы кепілзат құнының 15 пайызынан аспаса, ал қарыз өтеу 6 айдан кешіктірілмесе, онда кепілге қойылған мүлікті өндіріп алуды шектеу қажет.

Қыркүйек айында Алматыда үйден мәжбүрлеп шығару кезінде қоғамды дүр сілкіндірген қайғылы оқиға болғаны белгілі. Мұны ақтауға болмайтын қылмыс деп атаған Президент біздің құқықтық мемлекет екенімізді, барлық даулы мәселе тек заң аясында ғана шешілуі керегін айтты. 

«Ешкімнің заңсыз әрекетпен мәселе шешуіне рұқсат етілмейді. Бұл қайғылы оқиға қарыз алушылардың өз міндеттемелерін орындамауы, банктердің кепілге қойылған жылжымайтын мүліктерді алып қою, сату және тиісті бағалау тетіктерінің шикілігі мәселені жүйелі шешу қажет екенін көрсетті. Бүгінде 540 мың отандасымыздың қарызын өтеу мерзімі 90 күннен асқан, жалпы сомасы 354 миллиард теңге болатын берешегі бар. Қаржы секторына зиян келтірмей, борышкерлерді қолдау үшін тиімді шаралар қабылдау қажет» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 Осы орайда мүмлекет басшысы борышкерлер мүлкін аукционңа шығару  тәртібін өзгертуді тапсырды. Екінші деңгейлі банктердің кепілдік саясатының икемділігін қамтамасыз етіп, бағалау қызметін реттеуді күшейту қажет. Қарызын өтей алмаған борышкердің кепілге қойған мүлкін тәркілеуден 3 ай бұрын, іс жүргізу аясында  тағы 3 ай кепілдүниені өзі сатуына мүмкіндік берілуі керек. Ал төленбеген берешек сомасы кепілзат құнының 15 пайызынан аспаса, ал қарыз өтеу 6 айдан кешіктірілмесе, онда кепілге қойылған мүлікті өндіріп алуды шектеу қажет.

«Егер қарыз алушының сатылған мүлкі негізгі борыш сомасын жаппаса, оның қалған берешегі есептен шығарылуы тиіс. Бірақ бұл борышкердің басқа мүлкі жоқ және оның табысы ең төменгі жалақының екі еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда ғана қолданылады» деді Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында.

Мемлекет басшысының айтуынша, аукциондық сауда-саттықтың ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету талап етіледі.

«Аукционға шығарылған кепілмүлік нарықтық құнының 70%-нан төмен бағаланбауы тиіс. Сонымен бірге, мұндай сауда-саттыққа кепіл ұстаушыларға – банктерге, сондай-ақ олармен аффилирленген олардың қызметкерлеріне және сенім білдірілген адамдарға жол беруге болмайды, борышкердің және оның жақын туыстарының сауда-саттыққа бір мезгілде қатысуын болдырмау қажет» деді Президент.
 

Сондай-ақ оқыңыз