Бұқаралық спорт бизнестің меншігіне беріле ме?
Бұқаралық спорт –ежелден көтеріліп келе жатқан тақырып. Бұл мәселе жайлы президент Қасым-Жомарт Тоқаев та пікір білдіріп, сөзден іске көшу керек екенін айтқан болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жедел түрде дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытудың бес жылдық жоспары әзірленуі тиіс.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынына қатысқан ҚР МСМ «Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу – әдістемелік және талдау орталығы» РМҚК директоры Абзал Мыхыбаев бұқаралық спортқа қатысты біраз шаруаның бастау алғанын айтады.
«Салауатты өмір салтын белсенділік немесе дене шынықтыру арқылы насихаттау және дәріптеу аясында біраз жұмыс атқарылуда. Біріншіден, «Бұқаралық спорт – белсенді ел кепілі» жобасы іске қосылды. Ол интернет, әлеуметтік желі және теледидар арқылы таратылады. Екіншіден, belsendiel.kz сайтының жобасы жұмыс істеп тұр. Онда қолға алынған кешенді жоспар аясында оқырмандарға жаңалықтардан бөлек, дене белсенділігінің пайдасы, оның формалары, әдістері мен құралдары туралы өзекті және ғылыми негізделген ақпарат ұсынылады. Ақпарат барлық жас санаттарына – балаларға, ересектерге, зейнет жасындағы адамдарға және отбасыға арналып, бөлімдерге бөлінген. Жалпы, қызығушылық танытқан кез келген адам өзіне пайдалы ақпаратты табады»,– дейді сарапшы.
Іске қосылған сайттың басты ерекшелігі – ресурста спорттық нысандар картасы жұмыс істейді. Яғни, ата-ана өз үйіне жақын нысанды таңдап, баласын соған бейімдей алады. Әзірге картаның үштен бірі толтырылған. Жұмыс жыл соңына дейін толыққанды аяқталмақ. Кешенді жоспардың негізгі тармағы – ауылдық округтерді спорт нұсқаушыларымен қамту. Мамандар үшін арнайы әдістемелік құралдар әзірленіп жатыр. Келер жылдан бастап мамандардың біліктілігін арттыру бойынша жоба басталады.
Ал «Ұлы Дала скауттары» ҚБ бас хатшысы Ильдар Катеновтың айтуынша, баланы бір нәрсеге қызықтыру аса қиын емес. Тек соған сай үлгі бола білу қажет.
«Қазіргі балалар аула ойындары жайлы білмейді, өзара қарым-қатынас орнату дағдылары дамымаған, не жайлы әңгімелесу керегін де біле бермейді. Осының бәрін ұйымдастырып, ортақ дағды қалыптастыруға ұйытқы болатын аула клубтарын құру керек. Бірақ ондай клубтардың қызметін ақылы қылу керек. Себебі, ақша төлеген жерде жауапкершілік болады. Не болмаса, спикер ваучер принципін енгізуді ұсынамыз. Біз тегін нәрсенің әрдайым сапалы болмайтынын білеміз. Бұқаралық спортты дамытуға бизнес өкілдерін шақыру керек. Егер бизнес мемлекет пен саясаттың осы бағытта жұмыс істеп жатқанын сезсе, ол бұл жүйеге, бәсекелестік ортаға келеді. Себебі, бала кейде спорт түрін емес, оның көңілін таба алған жаттықтырушыны таңдайды»,– деді Катенов.
Оның айтуынша, жақсы, сапалы кадрлар тек бәсекелестік орта болған кезде ғана қалыптасады.
«Сондай-ақ, мектеп спортын дамытуға болады. Жаңа ғимараттар салу үшін көп уақыт қажет, ал мектептерде бәрі дайын. Бала онда өзін жайлы сезінеді. Әдетте мектептер оның тұрғылықты жеріне жақын орналасады»,– дейді Ильдар Катенов.
Алдағы уақытта елімізде спорт кешендерінің саны артпақ. Бұл туралы «Тарлан батырлары» ЖШС директоры Бақтияр Артаев айтты.
«Жаңа бағдарлама мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде жүзеге асырылады. Спорт кешендерінде барлық жағдай жасалған. Күн сайын 300-500 бала тек бокспен ғана емес, жалпы, 6 спорт түрінен жаттығады. Бағдарлама аясында мемлекеттік органнан алынған субсидия балаларды спортқа тегін баулуға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде спорт орталықтары бес өңірде ашылды. Бұл жұмыстар одан әрі жалғасады. Сонымен қатар спорт орталықтарында қоғаммен қарым-қатынас орнату, күш-қуатты қалай жұмсау қажеттігі туралы ақпарат беретін тәрбие сағаттары да өткізіледі»,– деді Артаев.
Мектеп спорты федерациясының ресми өкілі Әлия Түсіпбекова ендігі кезекте балалар спортына ерекше көңіл бөліну керек деген пікірде.
«Енді барлық акцент кәсіпқойдан балалар спортына ауысады. Спорт қоғамдастығы осындай хабарды зор ынтамен қабылдап, Қасым-Жомарт Кемелұлына осы мәселеде маңызды шешім қабылдағаны үшін ризашылығын білдіреді. Өкінішке қарай, көптеген жылдар бойы балалар спортының мәселелері білім беру және білім беру процестерінен тыс қалғанын объективті түрде мойындау керек. Спорттағы бұқаралық ақпарат құралдарының дұрыс емес нұсқаулары дене тәрбиесі жүйесінің дамуының төмендеуіне айтарлықтай әсер етті. Кейде жеке спорттық базасы жоқ балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері үшін аз бюджеттік дотациялар жастарды спортқа жаппай тартуға ықпал етпеді. Аула спортына тиісті көңіл бөлінбеді»,– деді спикер.
Сарапшы айтқан ресми дерекке сүйенсек, қазір балалар мен жасөспірімдердің үштен бірі ғана белсенді өмір салтын ұстанады. Дене шынықтыру сабақтары балалардың дене белсенділігінің жетіспеушілігін өтемейді. Өз кезегінде бұл қиын ахуал табиғи түрде созылмалы аурулардың өсуіне, жарақаттануға әкеледі және олардың физикалық даму деңгейіне әсер етеді.
Қазір Қазақстан бойынша 40 мыңнан астам мүгедек бала ерекше білім беруге мұқтаж болып отыр екен.
«Еліміздегі 1970 жалпы білім беретін мектепте спорт залдары жоқ. 1991 жылға дейін білім беру ұйымдарының 9 мыңнан астам спорт ғимараттары салынса, 1998 жылдан бастап 2 мыңнан астамы салынды. Оның 30 пайызының сапасы сын көтермейді. Қала берді спорт түрлері бойынша сабақ ұйымдастыратын маман да, спорттық жабдықтар мен мүліктер де жеткіліксіз. Ауыл мектептерінде кейде спорт доптары да болмайды»,– деді ресми өкіл.
Сарапшылардың айтуынша, мәселені шешудің негізгі екі жолы бар: Сабақтан тыс уақытта мектеп спорт клубтарында дене шынықтырумен айналысатын балалар санын арттыру және педагогтардың біліктілігін арттыру жүйесін жақсарту, әдістемелік базаны және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жаңарту арқылы кадр тапшылығын жою.