Алматы облысының әкімі ауысты

Жарияланды
Амандық Баталовтың орнына Қанат Бозымбаев тағайындалды

Мемлекет басшысы Қанат Бозымбаевты Алматы облысының әкімі етіп тағайындау туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Бұған дейін Алматы облысы әкімі қызметін Амандық Баталов атқарған.

«Қанат Алдабергенұлы Бозымбаев Алматы облысының әкімі болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі лауазымынан босатылсын» делінген жарлықта. 

Қанат Бозымбаев 1993 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын экономист мамандығы бойынша бітірген. Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын 1997 жылы бастады. Жамбыл және Павлодар облысының әкімі болды. Сондай-ақ, квазимемлекеттік секторда және энергетикаға қатысты орталық мемлекеттік органдарда еңбек етті. 

2016-2019 жылдары ҚР Энергетика министрі қызметін атқарды.

Одан кейін Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі болды. Бұған дейін Бозымбаевтың денсаулығына байланысты министр қызметінен кеткені хабарланған болатын. 2019 жылы ол  мойын омыртқасына ота жасағанын айтқан еді. Дәрігерлердің ұсынысы бойынша Бозымбаев көлік пен әуе қатынасын барынша азайтуы керек еді. Сондай-ақ, дәрігерлер оған ұзақ физиотерапиядан өтуді ұсынған.
 

Сондай-ақ оқыңыз