Педофилді қалай жазалаған жөн?

Жарияланды
Өлім жазасы тым ауыр ма, әлде «айуанды» аяуға болмай ма?

Infopublic.pravstat.kz сайтында педофилдер картасы бар. Ол жерде елімізде кәмелетке толмаған балаларға қатысты сексуалды зорлық-зомбылық жасағандар туралы ақпарат жарияланып тұрады. Яғни әр аймақта осы фактілер бойынша сотталғандардың тізімі жарияланады. Сонымен бірге педофилдің суреті, қанша жылға сотталғаны — бәрі жазулы. Сайттағы мәліметтерге көз салсақ, биыл 6 айдың өзінде кәмелетке толмағандарға сексуалды зорлық жасағаны үшін 197 адам сотталғаны белгілі болып отыр. Ал 2015 жылдан бері есептегенде 1868 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты. 

Ішкі істер министрлігінің ресми статистикасы бойынша, 2020 жылғы қаңтар-тамыз аралығында кәмелетке толмағандарға жыныстық қолсұқпаушылыққа қарсы 550 қылмыс жасалған. Олардың көпшілігі, яғни 250 факт – күш қолдану, бопсалау, қорқыту немесе баланың дәрменсіздігін пайдалану арқылы абсолютті зорлық-зомбылық жағдайлары. Мұндай қылмыстың жартысынан көбін баланың жақын ортасындағы адамдар жасайды. Жәбірленушілердің жас шамасы 14-тен аспайды. ІІМ мамандары құқық қорғау органдары осындай қылмыс түрлерін болдырмау үшін күресіп жатқанын, алайда бұл мәселе полиция күшімен, жазаны қатаңдатумен ғана шешілмейтінін айтады. 

«Балаларға, оның ішінде сексуалдық зорлық-зомбылық үшін жауапкершіліктің күшеюіне қарамастан, мұндай факт саны азаймай отыр. Бұл – азаптау, ұрып-соғу, бопсалау… Олардың үштен бірі жыныстық қол сұғылмаушылыққа қатысты», – деп атап өтті Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аймақ әкімдеріне биылдан қалдырмай балабақшалар мен мектептерге толығымен камера орнатуды тапсырған еді. 

 Соңғы жылдары балалар мен жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары көбейіп барады. Балаларға зорлық-зомбылық көрсету жағдайлары да азаймай тұр. Үкіметтік емес ұйымдармен және сарапшылармен бірлесіп, мұндай теріс үрдістің алдын алу үшін шаралар қабылдау қажет. Осы мәселеге қатысты шетелдің озық тәжірибесін қолдануға болады»,– деді ол.

Жалпы алғанда бұл мәселеге келгенде бей-жай қарайтындар аз. Өйткені таразының басында бір жасөспірімнің болашағы тұр. Зорлық көрген баланың психикасына орны толмас зиян келеді. Мұндайда көпшілігі өлім жазасын тағайындау керек дейді. Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп әлеуметтік желідегі парақшасына мынадай жазба қалдырған:

«Айуанды атуға болады! Азғындық жолға түсіп, адамдық қасиетінен айрылған адамды біздің қазақ «айуан» дейтін… Жалғыз Сәтбаев қаласында ғана емес, республика көлемінде педофил көбейді. Бұл айуандар көбейгенін аңғартады. Құтырған иттің өзін атып тастаймыз! Адамнан айуанға айналғандарды неге атуға болмайды?! Айуанға адам құқығы деген мүсіркеумен қарауға болмайды». 

Ал заңгер Абзал Құспан болса, ату жазасына қарсы.

«Алдыңғы қатарлы Еуропа елдері педофилдерге химилық кастрация жазасын қолданады. Бізде де 2018 жылдан химиялық кастрация жазасы бар. Мұндай үкімге толықтай келісемін. Бірақ химиялық кастрацияны қолданған кезде де аса мұқият болған жөн. Ең бастысы, сотталған адам түрмеде бір жыл отырған соң ғана химиялық кастрация жасаған жөн. Өйткені біздегі сот жүйесі дұрыс емес. Қылмысы дәлелденбей сотталып жатқандар көп. Сотталған соң бір жыл ішінде жоғарғы сотқа дейін шағым түсіріп, өзінің кінәсіз екенін дәлелдеуі мүмкін. Сондықтан химилық кастрацияны қылмысы жан-жақты тексеріліп болған соң ғана қолданған дұрыс»,– дейді Абзал Құспан. 

Қазақстанда 1 500-ге жуық педофил мен қыз зорлаған 2 800 қылмыскер ресми есепке алынған. Олардың 1 600-і темір тордың арғы жағында, деп жазды inbusiness. Кәмелет жасына толмаған жасөспірімдерді зорлағандардың арасында 1-ақ жылға сотталғандар бар. Педофилдерге мәжбүрлі химиялық кастрация жасау да бюджеттен қаржыландырылады. Біле жүріңіз, педофилдерді мәжбүрлі химиялық кастрациялау туралы заң  2018 жылы қаңтар айында күшіне енген. Түрмеде 18-ден 77 жасқа дейінгі ер адамдар отыр.

Педофилдің «құрбаны» болған еліміздегі ең кішкентай сәби 2-ақ жаста болған. Атап көрсетерлігі, педофилдердің дені Қылмыстық кодекстің 120, 121, 122, 124-баптары бойынша сотталған. Бұл баптардың барлығында жаза мерзімі өте аз. 8 жасар баланы зорлағаны үшін 4 жыл, 13 жасар жасөспірімге қиянат жасағаны үшін 1-ақ жыл арқалаған азғындар бар.

Өзге елдерде жазаның осынау ауыр түрін қолдану тәжірибесі бар. Мысалы Қытайда бала зорлаған адамға аяушылық білдірмейді екен. Қылмысы дәлелденсе, өлім жазасына кесіледі. Одан бөлек, сот шешімі бойынша физикалық кастрация жасалуы да мүмкін. Ал Иранда ату жазасы мен дарға асу қолданылады екен. Осыған ұқсас жаза, яғни дарға асу Мысырда да бар. Солтүстік Корея үлгісі тіпті қатаң. Ату жазасы белгіленген соң, құрбаны болған бала ататын команданың құрамында болып, бақылайды. Мұны көрген баланың психикасы қандай болары тіпті белгісіз. Өзі қорланып, зорланған балаға ол аз болғандай, адамды көз алдында өлтіру рахат сыйлай қоймайтын сыңайлы. Ал Үндістанда құрбанның жасы 12-ге толмаған болса, өлім жазасы бекітіледі. Мұндай ауыр жаза Оңтүстік Корея, Ирак пен Африка елдерінде де бар. Ал Африканың кей елдерінде тіпті тірідей өртеп жібереді деседі.  

Педофил психологиясы, оны бұл қадамға не итермелегені туралы мәлімет көп емес. Психолог Сая Бақимованың айтуынша, педофилдің өзіне қарағанда, құрбандарына қатысты зерттеу, олардың эмоциялық-психикалық портреті жайлы ақпарат көбірек.

«Оларды не итермеледі, себебі не — нақты айта алмаймыз. Тек топшылауға болады. Кез-келген нормадан ауытқуды туа бітті белгілер мен өмір барысындағы стресстік кезеңдердердің түрткі болуынан деп түсіндіруге болады. Осы күйзелес кезеңі дегеннен шығады. Егер бала кезде өзі педофилдің құрбаны болса, жалпы зорлықтың қай түрі болсын басым болған атмосферада өссе, және ең маңыздысы дұрыс психо-эмоциялық көмек алмаған адам болашақта өзі біреуге зәбір көрсетуге болуы мүмкін. Бұл — өкінішке қарай, психиканың «агрессормен идентификация» деген қорғаныш механизмінің бір түрі. Яғни көрген қиындықтан адам сынып кетпеуі үшін, психика қалай да тірі қалу мақсатында осындай қорғанышқа барады»,– дейді маман. 

Елімізде 2000 жылға заңда дейін зорлықшыны бар болғаны 3-5 жылға бас бостандығынан айыру көзделген еді. 15 жылдан 25 жылға дейінгі мерзім он жыл бұрын ғана бекітілді. Одан кейін Қылмыстық кодексте педофилдерді белгілі бір лауазымды қызмет атқару құқығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы бап қосылды. 2018 жылы педофилдерге химиялық кастрация жасау туралы шешім қабылданды.

Химиялық кастрация жасайтындар елдер қатарында Франция, Ұлыбритания, Бельгия, Дания мемлекеттері бар. Мысалы Францияда бұл әдіс 2005 жылдан бері қолданылып келеді. Судья мен дәрігер арасындағы делдал саналатын психиатр-үйлестіруші шешім шығарып, педофилге таңдау құқығы беріледі: не химиялық кастрация жасатады, не болмаса психиатриялық аурухана қабырғасында өмір бойына қалады. Америкада 1990 жылдары мәжбүрлі кастрация жасату туралы заң қабылданған. Бұл дегеніміз сотталған адам бостандыққа шыққан соң жыныстық қылмысын тоқтатпаса, ендігіде еркінен тыс «піштіріледі». Сонымен бірге балаларды зорлаған адамның төлқұжатында бұл ақпарат жазулы тұрады. Яғни төлқұжаттың артында: «құжат иесі балаға қарсы жыныстық сипаттағы қылмысы үшін сотталған және АҚШ заңына сәйкес есепте тұр» делінеді. Мәжбүрлі түрде жасату Бельгия мен Данияда да бар. Польшада фармокологиялық кастарация әдісі қолданылады. Оның қаншалық қажет екенін сот шешеді. Құрбан 15 жасқа толмаған болса не туысқаны болса процедура міндетті. Ерікті хирургиялық кастрация Чехияда қолданылады. Ұлыбританияда химиялық кастрация ерікті түрде жасалады.   

 

Сондай-ақ оқыңыз