Инвесторлар Каспийде жаңа арал салады

Жарияланды
Бұл Қашағандағы мұнай өндірісін арттыру үшін қажет

North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумы 2022 жылы Қашаған кен орнының екінші фазасын негізгі жобалауға кірісуді жоспарлап отыр. Бұл жоба мұнай өндірісін кем дегенде екі есе  өсіруге мүмкіндік береді.

Қазір Қашағанда кен орнын игерудің бірінші кезеңі жүріп жатыр. Ол  2016 жылы басталған,  2024 жылға дейін жалғасады. Бұл фазаның құны –  $55 млрд.

Қазіргі кезде Қашағанда тәулігіне 400 мың баррель  мұнай өндіріледі, бірінші кезең аяқталғанан кейін өндіріс көлемі тәулігіне 450 мың баррельді немесе 2024 жылға қарай жылына  22-23 млн тоннаны құрауы тиіс.
Салыстырар болсақ, былтыр Қашағанда 15,1 млн тонна (елдегі өндірілетін мұнайдың 18%-ы) өндірілді, биыл шығарылатын мұнай жыл соңына дейін 14,5 млн тоннаға жетуі керек. 

Құрамына алты шетелдік компания мен «ҚазМұнайГаз» кіретін NCOC консорциумы келер жылы екінші кезеңнің негізгі жобасына кіріспекші. Бұл жөнінде  Атырауда өткен «Қазмұнайгазсервис» конференциясында консорциум өкілдері мәлімдеді. 

Қашағанды игерудің екінші кезеңі нәтижесінде мұнай өндіру  500 мың баррельге дейін жетеді деген болжам жасалып отыр (жылына шамамен 8,7-9 млн т). 2027 жылға қарай тәулігіне 700 мың баррельге дейін, жылына шамамен 29,5-30 миллион тонна өндіру жоспарланған. 

Компания жоспарына сәйкес,  екінші кезеңнің өзі екі бөліктен тұрады (А және Б). А және Б кезеңдері жұмыс көлемімен ерекшеленеді: егер біріншісінде қолданыстағы инфрақұрылымның техникалық мүмкіндіктерін арттыру жеткілікті болса, онда Б кезеңінде жаңа бұрғылау аралы, құбыр және құрлықта мұнай мен газ  өңдеу зауыты салынбақ. Мұнай өндіру кезінде алынатын ілеспе газды консорциумның өзі емес, үшінші тарап қайта өңдемекші: 2030 жылға қарай, екінші фаза шеңберінде Қашағаннан көмір қышқыл газды жеткізу жылына 6-6,2 млрд текше метрге жетеді.

Бірінші бөлім: жаңғыру

II (А) фаза жобасы 2024-2026 жылдарға  жоспарланған, ал 2022-2023 жылдары базалық жобалау жүргізілуі тиіс. Қашағанда тәулігіне өндірілетін мұнай көлемі 500 мың баррельге дейін теңіздегі және жерүсті кешендердің қолданыстағы жабдықтарын жаңғырту есебінен жеткізіледі. NCOC өкілдері консорциум мақсатты көрсеткіштерге ең аз шығын мен қарапайым операциялар арқылы қол жеткізу үшін барын салатынын айтады.
Шикі газды теңіз аралынан жағадағы «Болашақ» мұнай-газ өңдеу зауытына,  одан әрі үшінші тараптың газ өңдеу зауытына тасымалдайтын құбыр салынуы тиіс. 

«Алдын ала іргелі жобалау нәтижесі жобаны іске асыруға болатыны байқатты. Алдын ала мәлімет бойынша, 2023 жылдың соңында соңғы инвестициялық шешімді NCOC акционерлері қабылдайды деп жоспарлап отырмыз. Акционерлер шешім қабылдаған соң,  бірден 2024–2026 жылдарға жоспарланған жобаны жүзеге асыру кезеңіне көшкіміз келеді» деп атап өтті  концорциум өкілдері. 

Алтыншы арал

ІI (Б) жоба шеңберінде Қашағанда тәулігіне өндірілетін мұнай көлемі 700 мың баррельге дейін артады. Бұл межеге 2030-2031 жылдары қол жеткізілмек. Концорциум бұл кезеңнің негізгі жобалау жұмыстарын 2022 жылы бастап, оны 2024 жылға дейін аяқтап тастағысы келеді. Алдыңғы кезеңнен айырмашылығы, Б жобасы ілеспе газдың негізгі бөлігін кері айдауды көздемейді (қазіргі кезде Қашаған мен өзге де көптеген мұнай-газ кен орындары осылай істейді).

 Бұл Қашаған 2030-2031 жылдарға қарай өңтелетін газ көлемін 6,0–6,2 млрд текше метрге дейін  жеткізе алатынын білдіреді.

«Инвестиция жайлы нақты шешімді 2024 жылы қабылдауды жоспарлап отырмыз, қалай десек те, жобаны жүзеге асыру ұзақ уақытты қажет ететіндіктен, мұнайды ол жақтан тек 2030-2031 жылдары ғана шығара аламыз» деді жоба жетекшісі Ақылбек Әкеш. 

Жоба тұжырымдамасы жаңа ірі нысандардың: теңіздегі бұрғылау аралының, жаңа ұңғымалардың, мұнай мен газды өңдеу қондырғысынан жағаға тасымалдауға арналған құбыр құрылысын қамтиды. «ҚазМұнайГаз» компаниясының мәліметі бойынша, қазіргі уақытта теңізде бес жасанды арал тұрғызылған: D аралында  операциялық-технологиялық кешен, А аралы және EPC-2, EPC-3 және EPC-4 аралдарының алғашқы өндірістік орталықтары. Бұл тізімге жаңа, алтыншы арал қосылады деп күтіліп отыр. 

Қашаған 2030 жылдан кейін қандай болады? 

NCOC консорциумы алдағы 2-3 жылда кен орны екінші кезеңінің А және В жобаларын қаржыландыру жайлы нақты шешім қабылдауға ниетті. Алайда Қазақстан билігі қазірдің өзінде шетелдік инвесторлардан 2055-2060 жылдарға дейінгі жоспарды қамтитын кен орнын толық ауқымды игеру тұжырымдамасын бекітуді талап етіп отыр. 
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл теңіз жобасын толық көлемде игеру мерзімін ұзартуға жол берілмейтінін кемі үш рет мәлімдеді. 

ҚР Үкіметі инвесторлардың инвестициялық міндеттемелерін бекітетін жобаның ұзақ мерзімді жоспарын қабылдауға мүдделі. Ад инвесторларға мұнай бағасының құбылмалылығы мен «жасыл транзитке» қатысты тәуекелдер туындап  тұрған кезде, уақыт ұта тұру маңызды. 

«Қашаған бойынша өнімді бөлу туралы келісім мерзімі 2041 жылы аяқталады, ал кен орны орасан үлкен. Мемлекет жобаның қалай жүзеге асатынын көргісі келетін сияқты. Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын ExxonMobil және Shell келісімшартты 20 жылға ұзарту туралы өтінішпен жүгінген, алайда билік бұл әңгімеге өндіріс басталғаннан кейін қайта оралайық деген» деп түсіндірді Kazservice Қазақстан мұнай сервистік компаниялар одағының бас директоры Нұрлан Жұмағұлов. 

Атырау облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының сайтында жарияланған тұжырымдаманың алдын ала нұсқасында 2042 жылға қарай Қашағандағы өндіріс көлемі тәулігіне 889 мың баррельге, одан кейін 1 089 мың баррельге дейін артуы мүмкін деген болжам жазылған. Егер консорциум мүшелері осындай міндеттемелерді өз мойнына алса, бұл Қазақстан үкіметіне жобадан түсетін ақша ағынын сенімді болжауға мүмкіндік беріп, бұл өз кезегінде жыл сайын орталанып жатқан Ұлттық қор қайта толығады деген сөз. Қашаған жобасының маңызды бөлігі  – қазақстандық мердігерлерге тапсырыс беру, жоба жүзеге асады деген сенім бұл кмпаниялардың ұзақ мерзімді жоспар жасауына мүмкіндік береді. 

Сондай-ақ оқыңыз