Қазақстанда халықты алдап жүрген қанша қаржы пирамидасы бар?
Отандық БАҚ-та жиі айтылып, жиі көрсетілетін тақырып – қаржы пирамидасы жайында. Әркез сондай жалған ұйымдардың дау-дамайы, алданып санын соққан азаматтардың айқай-шуы жаңалық пен ток-шоулардың тұрақты тақырыбына да айналған. Енді аталған пирамидалардың жолы заң арқылы кесілмек.
Экономикалық тергеу қызметінің хабарлауынша, 2020 жылы елімізде 37 қылмыстық іс қозғалып, заңды белден басқан 18 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылған. Жалпы, Қылмыстық кодекстің 217-бабына сәйкес, Қазақстанда қаржы пирамидасының қызметіне тыйым салынған.
«Анықталған қылмыстық фактілерден адамдар зардап шегіп, алданып қалды. Олар құқық қорғау органдарына уақтылы хабарласпайды, немесе ақшаны қайтара аламын деп үміттенеді. Сондықтан қазіргі кезде профилактикалық шараларға баса назар аударылып отыр. Осы бағытта бірқатар шара қолға алынып, бірыз жұмыс атқарылып жатыр»,– дейді қаржы министрлігі қаржы мониторингі комитетінің тергеушісі Ерден Жұма.
Оның айтуынша, қаржы пирамидасын жарнамалап жүрген жандар да жазасыз қалмайды. Олар әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 150-бабы негізінде заңсыз әрекеті үшін жауап береді.
Бір қарағанда қаржы пирамидасының дәуірі өткендей көрінеді. Алайда осындай жағымсыз үдерістің сарқыншақтары әлі де болса қалмай келе жатқаны қоғамда арагідік байқалып қалады. Ондайды ұйымдастырудан тайсалмайтындар да көп, алданып қала беретіндер де жеткілікті.
Тамыздың соңын ала Түркістан облысында Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарының 300-ден астам тұрғыны қаржылық пирамиданың құрбаны болдық деп заң органдарына шағымданған. Полицейлер ұйым кеңсесіне тінту жүргізу кезінде түрлі құжат, құрылғы, компьютер, басқа да дәлелді айғақтар тапқан. Қазір бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
Бір ай бұрын тап осындай жағдай Қарағанды қаласында да анықталған еді. Онда азаматтар «алдану» үшін 180 мың теңге беріп, қаржы ұйымына мүше атанған.
Тағы да сол тамыз айында Қазақстан полициясы Questra World қаржы пирамидасын құрып, қазақстандықтардың 1 миллиард теңгеден астам қаражатын жымқырып кеткен ресейлік Ольга Клейнардты Беларусь елінен экстрадициялады. Оған дейін өңірлік филиалдар басшысы болып жұмыс істеген 8 адам ұсталған еді. Оның төртеуі – Қазақстан азаматтары.
Осыдан бірнеше күн бұрын ғана ішкі істер министрлігі Qnet компаниясының да қаржылық пирамида екенін анықтады. Министрліктегі тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділовтың айтуынша, компанияның бас кеңсесі Малайзияда орналасқан. Компания басшылары әртүрлі әшекей бұйымдарды сатылымға шығару арқылы желілік маркетинг қалыптастырған. Алғашқы төлем жарнасы 30 долларды құраған. Осы компаниямен серіктес боламын деп алданған адам саны қазір – 220. Ал келтірілген материалдық шығын көлемі – 160 миллион теңге.
Тізбелей берсек, тіпті көп. Бұдан шығар қорытынды – адамдардың қаржылық сауатты болуы оларды көптеген кесапаттан сақтайды. Әдетте мұндай қаржы пирамидасының белгілері қандай болады?
- Ақшалай қаражатты ауқымды сомада салуға шақырады;
- Ақшаңыздың қысқа мерзімде еселеніп қайтуына уәде береді;
- Төлем алу үшін таныстарыңызды тартуға үндейді;
- Жоба «ноу-хау» түрінде ұсынылады;
- Компания өзін – микро қаржылық ұйым, «несиелік бюро», «қарызға қарсы бағдарлама», «қаржылық қызмет көрсету орталығы» деп таныстырады.
- «Банк сізден бас тартты ма? Ендеше, біз көмектесеміз!», «Несиеңізді қайта қаржыландырамыз», «Қарыздан құтыл!» деген сияқты ұрандарды көтереді.
Ал егер сол қаржы пирамидасының құрамында болсаңыз не істеу қажет?
- Тағы бір мәрте бұл компанияның қаржы пирамидасы екеніне көз жеткізіңіз. Жоғарыда сипатталған белгілермен тексеріп көріңіз.
- Бұл компанияның қаржы пирамидасы екеніне көзіңіз жетсе және ақшаңызды кері қайтаруды ойласаңыз бұл шаруаның оңайлықпен шешіле салмайтынына дайын болыңыз;
- Егер пирамида схемасы әлі де күшінде болса онда компанияға жазбаша шағым түсіріп, ақшаңызды қайтаруды талап етіңіз. Егер ол талабыңыз орындалмаса құқық қорғау органдарына шағымданыңыз.