Браконьерлер мемлекетке 2,5 млн астам шығын келтірді
Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері браконьерлер мемлекетке 2,5 млн. астам шығын келтірді, – деп хабарлайды Polisia.kz сайты.
1-15 сәуір аралығында «Биоресурстарды қорғау» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Полицейлер аңшылық және орман шаруашылығы қорықшыларымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Сондай-ақ, іс-шараға шекара қызметкерлері де тартылды.
Тәртіп сақшылары қазіргі уақытта, облыс аумағында аң аулауға тыйым салынғанын ескертеді. Дегенмен, жедел-профилактикалық іс-шарасы басталғаннан бері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 383-бабы бойынша 10 адам әкімшілік жауапқа тартылған.
Аңға шыққандардың кейбіреуі қарумен, енді бірі тұзақпен орманға бет алған.
«Су қоймаларының жағасында уақыт өткізгенді ұнататындар рұқсат қағазсыз балық аулағаны үшін жауапқа тартылады», – дейді СҚО ПД жергілікті Полиция қызметі басқармасы табиғатты қорғау полициясы тобының басшысы Асхат Қожабаев.
Экологиялық қылмыс фактісі бойынша 9 іс қозғалды. Күдіктілерден 9 атыс қаруы мен 5 суық қару, 35 патрон тәркіленді. Браконьерлердің жалпы келтірген шығыны 2 млн. теңгеден асады.