Елімізде 12 жастан асқан балаларға вакцина салынады. Министр балаларға қай вакцина салынатынын айтты
Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова елдегі эпидахуал, вакциналау қарқыны және ұжымдық иммунитет жайлы соңғы жаңалықтармен хабардар етті және дәл қазіргі кезде қордаланып тұрған негізгі проблемаларға тоқталды.
Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинаяттың айтуынша, ешқандай медициналық қарсы көрсетілімі жоқ адамдар вакцина алуға тиіс.
«Мейірбикелер болсын, басшылар болсын, вакцналауға шақырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Егер адамда ешқандай медициналық қайшылық болмаса, ауруы болмаса, ол ұжымына, отбасына қауіп төндірмес үшін екпе салдыруы тиіс. Өзі үшін де, қоршаған ортаға, адамдардың денсаулығына да зияны тимеуі керек. Қазіргі кезде ауру ушығып тұр. Өлім-жітім артып отыр. Біз ауруханаға барғанда вакцина салдырмағанына өкініп жатқан науқастарды көреміз. Медицина қызметкерлері, басшылар үгіт-насихат жұмыстарын қарқынды жүргізуде» деді вице-министр.
Оның айтуынша, вакцинаны аурудан жазылғанша алмауға болады. Сондай-ақ, вакцина құрамындағы элементтерге гиперсезімталдық, аллергиялық реакциясы болса, екпе салынбайды. Созылмалы аурулары бар адамдар үшін де екпе салу уақытша кейінге қалдырылуда. Бірақ жағдайы жақсарғанда, олар егіледі.
Ал жақын арада елге жеткізілетін америкалық Pfizer вакцинасы бірінші кезекте 12 жастан асқан балаларға салынбақ. Бұл критерийге 2 млн-нан астам кәмелетке толмаған қазақстандық жатады.
«Нақты мерзімін айта алмаймыз, өйткені вакциналау ерікті түрде жүргізіледі. Балаларына вакцина салдыруды сұраған ата-аналар көп, бірақ, өкінішке орай, әзірге бұл вакциналар Қазақстанда жоқ. Мұндай мүмкіндік пайда болғанда, балаларға қолдануға ұсынылған вакциналарды жеткіземіз. Вакциналардың түсуіне қарай біз халықты одан әрі вакциналау мерзімдерін анықтаймыз, бірақ балаларға басымдық беріледі» деп атап өтті денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Брифингте жалған вакциналау паспорты мәселесі де сөз болды. Ажар Ғинаят ауруханаға түскен жағдайда, жалған вакцинала паспортын сатып алғаныңызды айту керек дейді.
«Вакцина алған азамат ауруханаға түскенде дәрігерлер сұрайды, қазір аурудың көп асқынбайтынын тәжірибе көрсетіп отыр, бұл науқастарға бастапқыда өте ауыр дәрілер бермейді, оларды аурудың дамуына қарай емдейді. Ал жалған вакциналау паспортын сатып алған адам ауруханаға түскен жағдайда, бұл туралы дәрігерлерге айтқаны дұрыс. Дәрігерлер ем-домды пациенттің анализдеріне, аурудың клиникалық картинасына, яғни, симптомдарына қарап, жүргізеді. Сонда да вакцина алмаған және алған адамдарға дәрігерлердің көзқарасы әртүрлі. Өйткені екпе салдырмаған адамдарда індет тез асқынып кетеді немесе инфекциялық токсикологиялық шок болады, цитокиндік дауыл сияқты осы індеттің асқынулары бар, дәрігерлер соыны қадағалап отырады. Жалған паспорт алған азаматтарға, пациенттерге, емдеп жүрген дәрігеріңізге шындықты айтуларыңызды сұраймыз» деді вице-министр.
Министрдің сөзінше, жақын арада жаңа вакциналар әкелінеді.
«Қазір жұмыс істеп жатырмыз, жақын арада басқа компаниялардың вакциналары да көптеп әкелінеді. Өкінішке орай, жеткізушілер бізге қажет мерзімде жеткізе алмайды. Сондықтан біз вакцинаны Қазақстанға барынша жеткізудің әрбір мүмкін жолдарын пысықтап жатырмыз» деп жауап берді денсаулық сақтау министрі.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетованың айтуынша, вакцина алғаннан кейін КВИ жұқтыру пайызы өте төмен. Бүгінгі таңда вакциналаудан кейін вирус жұқтырған 4765 жағдайы тіркелген. Бірінші кезеңнен кейін – 2384, екінші кезеңнен кейін – 2381.
«Айта кетейік, бұл вакцина алғандардың аз ғана пайызы. Ол 0,09% құрайды. «Спутниктен» кейін сәйкесінше, 2048 және 2102 адам ауырды. Оның да үлес салмағы 0,09%, «Hayat-Vax» – 467 ғана, «CoronaVac» – 56, «QazVac» – 86. Бүгінгі күні бізде вакциналардың бірінші компонентінен 582 141 доза, екінші компонентен 1 000 194 доза бар. «CoronaVac» вакцинасының алғашқы дозасынан шамамен 20 000 доза қалды, ол барлық дерлік өңірлерде бар, бірақ әртүрлі мөлшерде. Ең көп мөлшерде Маңғыстау облысында, ал ШҚО мен Ақтөбе облыстарында жоқ. «Спутник» вакцинасының бірінші компонентінен 561 000 доза қалды, ол барлық өңірлерде бар, «QazVac»-тың 3000 дозасы бар, ең көп мөлшерде Маңғыстау облысында және Атырау облысында, ал төрт өңірде – Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан облыстарында және Алматыда жоқ» деп атап өтті спикер.
Жиында сондай-ақ медицина қызметкерлеріне төленетін қосымша ақы жайлы да айтылды. Қосымша ақы алатын тізім кеңейді деген Ажар Ғинаят төлем мөлшерін айта алмады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша министрлік бұйрық жобасын әзірледі. Дәрігерлердің санаттары анықталды. Бұл бұйрық жобасы қазір медициналық ұйымдар, денсаулық сақтау басқармалары арасында ғана емес, сондай-ақ ашық НҚА сайтында да қызу талқылануда. Ковидтік стационарларда жұмыс істейтін дәрігерлердің бірнеше санаты анықталды. Тізім ұзарды, бұл – реаниматолог, анестезиолог, инфекционист, анестезиолог, эпидемиолог, психолог, БМСК әлеуметтік қызметкерлері, ядролық медицина орталығының қызметкерлері, сондай-ақ патологоанатомдар» деп жауап берді спикер.
Елдегі ұжымдық иммунитет қашан қалыптасады? Ажар Ғинияттың айтуынша, ұжымдық иммунитеттің қалыптасуы халықтың белсенділігіне байланысты.
«Қазіргі кезде қолжетімді вакцина өндірушілермен келіссөздер жүргізілуде. Мақсатымыз – елге көбірек вакцина әкеліп, адамдарды барынша қамтып, ұжымдық иммунитет қалыптастыру. Бүгінде вирустың мутацияға ұшырауына орай, елімізде вакцина салдыруы тиіс адамдардың 80% вакцина салдырғанда ғана ұжымдық иммунитет қалыптасып, инфекция толастауы мүмкін. Бұл 11 млн адам. Бұл медицина қызметкерлеріне ғана емес, халықтың белсенділігіне де байланысты. 2-3 айдың ішінде 10 млн адамды егуге болады» деді вице-министр.