Тыйым салынған ұйымдар карантин кезінде жұмыс істегені анықталды
Алматыда тыйым салынған ұйымдар төтенше жағдай кезінде жұмыс істеген, – деп хабарлайды Polisia.kz сайты.
Алматы полициясы төтенше жағдай кезінде бизнесті жүргізуге тыйым салынғанына қарамастан, карантин режимін елемей, жұмысын жалғастыратын кәсіпкерлерді анықтады.
«Біздің бөлімшенің қызметкерлері кәсіпкерлік қызметін жалғастырып келген бірнеше ұйымды анықтады. Тексеру кезінде, түнгі сағат 22:30 шамасында Бөгенбай батыр көшесінде автокөлік жуатын орын, ал, біраз уақыттан кейін жұмыс істеп тұрған массаж салоны да анықталды. Тексеру кезінде әкімші және бірнеше массажшылар жұмыс орындарында болды. Олар және алты көлік жуушы ҚР ӘҚбК-нің 476-бабына сәйкес – төтенше жағдай режимін бұзу бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деді Медеу аудандық Полиция басқармасының басшысы Болат Тотыбаев.
Массаж салоны әкімшісіне және оның жұмысшыларына қатысты мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың шешімімен, 5 тәулікке әкімшілік қамауға, көлік жуу жұмысшыларына қатысты 10 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салу туралы шешім қабылдады. Көлік жуудың иесі – 1985 жылы туылған Б.есімді ер адам сот отырысына келмеді. Оны сотқа мәжбүрлеп әкелу туралы шешім қабылданды.