Карантин кезінде кәсіпті қалай құтқаруға болады?

Жарияланды
Оффлайннан онлайнға көшіп, клиентті ұстап қалудың алты әдісі

Төтенше жағдай мерзімі ұзарды. Бизнес иелері дәл қазір қиын күн кешіп жатыр. Негізі кризис кезінде кәсіпкерлердің екі-ақ амалы бар: кәсібін тоқтатып, кейін бір реті келіп жатса жандандыру немесе соңына дейін күресу. Егер тұтынушы сіз жаққа келмей қалса, оларға өзіңіз баратын тәсілдер іздеген жөн. Ендеше, назарыңызға бірнеше әдіс ұсынып көрейік. Кәдеге жарасын!

1.    Азық-түлік жеткізу қызметі

Карантин жағдайында жеткізу қызметін қолданған баршаға ыңғайлы. Әйтсе де, кез келген кәсіп түрінің оң жамбасына келе бермейді. Кафе, асхана сынды тамақтану орындарына бұл қолайлы. Тіпті көпшілігі карантинге дейін-ақ қызметтің бұл түрін ұсынатын. Қазір енді екі бастан жеткізушінің көмегіне жүгінуге мәжбүр. Түсетін табыс бұрынғыдан әлдеқайда азаяры анық. Дегенмен жалға төлейтін соманың бір бөлігін жауып, қызметкерлерге жалақы беруге жетіп қалуы мүмкін. 

Жеткізу қызметі карантин кезінде үйінен шыға алмай отырғандарға қажет әрі пайдалы тауарлар сататындар үшін де қолайлы. Мәселен кітап, азық-түлік, киім және үйде арналған заттар сататын дүкендердің онлайнға ауысқаны жақсы. Курьер арқылы жеткізуге тез әрі шығының комиссия жеп қоймайтындай етіп ұйымдастыра білу үшін технологиялық тәсілдерді қолдану керек. Куайринг деген тәсіл бар. Яғни бұл – классикалық терминалдың бір баламасы. Курьердің бәріне бір-бір терминал беріп қоя алмасыңыз анық. Сондықтан QR-код бейнеленген қағаздарды шығарып беріп, жеткізушілерге таратасыз. Сол арқылы тұтынушылар смартфон камерасын қолданып төлем жасай алады. 

2. Ингредиенттерді үйіне жеткізіп беріп, оны қалай қолданатынын онлайн үйрету     

Клиенттермен тығыз байланысты қажет ететін кәсіп иелерінің де карантин кезінде ісін әрмен жалғастыруына мүмкіндік бар. Мысалы ас әзірлеуді үйрететін мектептер қажет ингредиенттерді жеткізіп берсе болады. Мысалы торт пісіретін құралдарды қалай қолдану керегін видеобайланыс арқылы үйретесіз. Мұны көптеген кәсіп түрлеріне енгізуге болады. Бір айта кететіні, қазіргі таңда онлайн шеберлік сағаттарын өткізу Қазақстанда да трендке айналды. Видеобайланыс үшін мессенджерлерді немесе әлеуметтік желілерді қолдануға болады. 

3. Құрал-жабдықты жалға беру

Карантин кезінде клиенттері үшін есігі жабық кәсіп көп. Сөйте тұра өз ресурстарын пайдалану арқылы амалын табуға болады. Яғни қолда бар құрал-жабдықтарды жалға беру арқылы кем дегенде қызметкерлерін жалақымен қамтамасыз ете алады. Айталық, спортзалдағы жабдықтарды локаут кезінде жалға беруге болады. Әдетте үйде іші пысқандардың дені денсаулыққа мән беруге тырысады. Бір жағы вируспен күрес үшін де қажет. Сондықтан жалға алатындар аз болмауы тиіс.

4. Онлайн курс өткізу

Білімді бөліскен дұрыс. Әсіресе, осындай мүмкіндік бар кезді пайдаланып қалса тіпті жақсы. Қалай десеңіз, ақылы марафондар ұйымдастыруға болады. Ол үшін Instagram желісін қолдануға болады. Бизнес қалай бастауға болады, ағылшын тілін тез меңгеру, SMM-ді үйретені курстар және т.б.    

 5. Қашықтан қызмет көрсету

Заманауи технологияларды көмегімен тіпті карантин кезінде де қызмет көрсетуге мүмкіндік бар. Сабақ беріп, үйретумен шектелмей, оқшауланғанға дейін көрсеткен қызметтерді онлайн жалғастыруға болады. Дәрігерлердің өзі қашықтан жұмыс істей алады. Ақ халаттыларды алып қарайық. Науқас ауру белгілерін, қазіргі жағдайын айтады. Дәрігер видеобайланыс арқылы ауырған жерді қарап не симптомдарын сұрастырады. Сөйтіп қандай ем жасау керегін не қандай дәрі ішу керегін айтады. Сол сияқты заңгерлердің де онлайн кеңес беруіне болады. Оқушы балаларға неге қосымша сабақ жүргізбеске? Бүгінде концерттің өзі онлайн өтіп жатыр. Көктемгі концерт, тур, той сынды іс-шаралардың бәрі кейінгі шегерілді. Сол үшін тікелей эфирде ән салып жүр. Бұл айтқан әдіс әсте мол пайда әкелмеуі мүмкін. Бірақ карантиннен кейін клиенттерден айырылып қалмауыңызға сеп болады.

6. Бизнестің концепциясын өзгерту

Кәсіптің қай түрі болсын тұрақты емес. Кризис кезінде өңі тіпті өзгереді. Сондықтан бұл сәтті тиімді пайдаланып, клиентке жақындай түсуге амал қылу қажет. Lamborghini мен Balenciaga зауыттарында медициналық маска тігіліп жатқанын сіз де естіген боларсыз?! Алпауыттар солай істеп жатса, шағын және орта кәсіп иелеріне де неге тың нәрсенің дәмін татып көрмеске? Аспаздар мектебі клиенттерімен байланысты үзбестен әрмен қарай дайын тамақтарға тапсырыс қабылдап, үйге жеткізумен айналыса алады. Бағдарламалау курстарын жүргізетіндер жергілікті кәсіпкерлерге өнімдерін орналастыруға мүмкіндік беретін сайттар жасаса құп. Жалпы алғанда сауданы онлайнға ауыстыру оңай. Көп қаражат та қажет емес. Бар болғаны әлеуметтік желіні қолдана білсеңіз болғаны. Төлем жасау жолын ұйымдастыру да оффлайнға қарағанда жеңіл.  

Сондай-ақ оқыңыз