42500 теңгеге 3,7 млн адам өтініш берген

Жарияланды
Келесі айға қайта өтініш берудің қажеті жоқ

Төтенше жағдай 30 сәуірге дейін созылды. Сондықтан карантинге байланысты табысынан айырылғандарға келесі айға да 42500 теңге тағайындалады. Оған қайта өтініш берудің қажеті жоқ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн баспасөз маслихатында Еңбек және Халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді.

«Қазіргі кезде осы төлемді алуға 5 млнға жуық өтініш келіп түсті, нақты 3 млн 703 мың адам өтініш берген. Соның ішінде 1 млн 779 мың адамға әлеуметтік төлем тағайындалды. Олардың есепшоттарына 75 млрд 600 млн теңге аударылды», – деді министр.

Өтініш беру ережесі бірнеше рет өзгерген төлем бойынша түрлі сауалдар толастар емес. Соның бірқатарына министр қайта жауап берді. 

«Бұл әлеуметтік төлем жұмыс істеп жүрген, төтенше жағдай салдарынан сол табысынан айырылған адамдарға қарастырылған. Сондықтан, әуелі өздеріңіз үшін соны белгілеп алыңыздар, менің жағдайым осыған жата ма, жатпай ма? Қазақшалап айтсақ, ақша таба алмай қалдым, енді табыс жоқ. Себебі төтенше жағдайға байланысты жұмыс тұрып қалды. Егер жағдай осылай болса, өтініш беруге құқыңыз бар. Өтініш берген кезде, астында «төтенше жағдайға байланысты табысымнан айырылдым» деген жазба бар, соған белгі соғып, растайсыз. Бірақ егер төтенше жағдайға дейін жұмыс (ресми, бейресми) істемей келіп, ақша тапқан жоқсыз, беріп тұрған 42500 теңге ала салайын деп БЖТ (ЕСП) төлеудің қажеті жоқ. Ондай адамдарға берілмейді»,- деп атап өтті Нұрымбетов.

Осы ретте министр бұл төлем нақты кімдерге тағайындалатынын қайта айтып өтті.

«1.Жалдамалы жұмыскер, төтенше жағдайға байланысты бастығыңыз саған төлейтін ақшам жоқ деп, ақысыз демалысқа жіберді. Сіз үшін өтінішті жұмыс беруші өткізу керек. Бірақ егер жұмыс берушіңіз осы күнге дейін «ұйықтап» жатса, өзіңіз беру мүмкіндігін қарастырып қойдық (мекеменің БИН көрсету арқылы). Сіз ештеңе төлемейсіз. Себебі Сіз ресми жалдамалы жұмыскерсіз.

2. Жеке тұлғалар. Ресми жұмыс жасап жүрген. Жеке кәсіпкер (ИП), немесе ресми БЖТ (ЕСП) төлеп жүрген кәсіпкерсіз. Сіздің тірлігіңіз бар, бәрі ресми болса, жасыңызға, жағдайыңызға қарамаймыз. Егер соңғы 12 айда бір ғана әлеуметтік төлем жасаған болсаңыз және мен төтенше жағдай кесірінен табысымнан айырылдым деп санасаңыз, өтініш беріңіз. Жоғарыдағы екі мысал бойынша сіздің зейнеткер, мүгедек, не жәрдемақы алушы болғаныңыз еш кедергі болмайды. 

3. Келесі топ – бейресми жұмыс істеген болсаңыз.  Еңбек шартыңыз болмаған, ИП жоқ, БЖТ (ЕСП) төлеген емеспін, осы уақытқа дейін салық төлемедім деп мойындап, бір рет ЕСП төлеп, екінші күні өтініш бересіз. Сіз осы күнге дейін ешқандай заңды сақтамай жұмыс істеген екенсіз. Бірақ, төтенше жағдайда, оған да көз жұмамыз, Сізге де 42500 алуға болады»- деді министр. 

Деректерді тексеру және өтінішті қарау мерзімі 3 жұмыс күнін құрайды. МӘСҚ-та төлем жасау туралы шешім қабылданғаннан кейін өтініш берушіге SMS-хабарлама келеді. Кейіннен өтініш берушінің деректері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ға жіберіледі, ол оны екінші деңгейдегі банктерге төлем жүргізу үшін жібереді.

Әлеуметтік төлем алуға өтінімді eGov порталы, 42500.enbek.kz веб-сайты және  https://t.me/Help42500Bot адресі бойынша Telegram-бот арқылы беруге болады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің цифрландыру кеңсесі, Президент Әкімшілігі жанындағы IT-штабтың қолдауымен 42 500 теңге жәрдемақы төлемінің статусын тексеру қызметін іске қосқан.

Статусты тексеру үшін 42500.enbek.kz сайтына кіріп, ЖСН және жеке куәлік нөмірін енгізіп, «Тексеру» түймесін басу керек. Сонда статусы бірден көрсетіледі. Бір құрылғыдан бір сағат ішінде 3 өтінішті тексеруге болады.

Сонымен қатар шенеунік ЖСН-і қате, басқа біреудің есепшоты көрсетілген, баяғыда тарап кеткен банктердегі есепшотты жазған азаматтардың өтініші кері қайтарылып жатқанын айтып өтті. 

Сондай-ақ оқыңыз