Табысқа жетелейтін «бес сағат» ережесі

Жарияланды
Аптасына оқуға осынша уақыт бөлудің қандай пайдасы бар?

Бүгінде білімге құйылған инвестицияның міндетті түрде ақталатынын, оқудың маңызын жиі айтамыз. Табысты тұлғалар оқу арқылы өздерін дамытады екен. Мысалы, Барак Обама күніне бір сағат міндетті түрде кітап оқиды. Билл Гейтс болса, аптасына бір кітапты тауысады деседі. Тіпті оқуға ден қойғаны сонша, жылына алатын еңбек демалысының екі аптасын кітапқа арнап келген екен. Ендеше, аптасына кемінде бес сағат оқу арқылы табысқа қалай жетуге болады? Күнделікті күйбеңмен «уақыт жоқ» деп сылтауратып жүргендерге қандай кеңес бар? Осыған арнайы тоқталуды жөн көрдік. 

Білім — ақшаның көзі

     Футуролог Питер Диамандистің айтуынша, қазір біз қарқынды демонетизация кезеңіндеміз. Яғни бүгінде технологиялар кезіндегі бағалы тауарлар мен қызметтерді құнсыздандырып, тіпті тегін қылып жатқан шақта. «Изобилие» деген кітабында маман диаграмма түрінде баға өзгерісін көрсеткен. Мысалы, 1969-1989 жылдары энциклопедиялар жинағы, GPS, видеоконференциялар қызметі және өзге де тауар, қызметтер жалпы алғанда шамамен 900 мың доллар тұрыпты. Ал қазір олар интернетте тегін тұр. Питердің ойынша, алдағы уақытта бұл демонетизация үдей түседі. Өйткені концерт, спорт жабдықтарының орнын қазір VR басып келеді. Сол сияқты білім және денсаулық сақтау салаларындағы инновациялар құны да бұрынғыдан арзандап жатыр. Олай дейтініміз, дәстүрлі ЖОО-ларда ғимаратқа, өзге де заттарға шығындалады. Ал жаңа оқу орындарында дәл сондағы қызметтер онлайн көрсетіледі. CRISPR, XPrize Tricorder сынды жаңа технологиялар, жасанды интеллект көмегімен жасалатын диагностика денсаулық сақтау саласында өзгеріс тудырып жатыр. Бара-бара олар медициналық қызмет құнын төмендетіп, аурудың алдын алуға кірісетін болады. 

Айталық, азық-түлік саласындағы қызметкер іздегенде арнайы курсын оқыған, білікті маманға жақсы айлық төленеді. Ал ол үшін университетте оқудың керегі жоқ. Бар болғаны машықтанып, тез сіңіріп ала алса, оқуына бей-жай қарамай, жауапкершілік танытса болғаны. Ал енді еңбек етуден қашпайтын, бірақ курсына уақытылы қатыспаған адамды жұмысқа алу ықтималы төмендейді. Жалпы бүгінде кез келген командаға аларда арнайы оқуын оқытып, сосын барып алу тенденциясы байқалады. Ендігі бір қауіп — жасанды интеллектінің адамдардың орнын басуы. Яғни жалақысы төмен қызметкерлердің жұмысын роботтар атқара береді де, есесіне экономикалық баспалдақтың жоғарысындағы мамандар көбірек оффер мен ақшаға ие болады.

Бір қызығы, мәселе жұмыс тапшылығында да емес. Дұрысы, қажетті машықтың болмауында. Мысалы The Atlantic-те жарияланған мақалада мынадай дерек келтіріледі: «АҚШ-тың түрлі аймағы мен саласындағы жұмыс берушілер біраз жыл бойы білікті маман тапшылығы бар екенін айтып келген. Статистика да солай деп тұрыпты. Сөйтіп 2015 жылғы дерек бойынша, бос орындар саны тарихи максимумға — 5,8 миллионға жетіпі. Ал жұмыссыздық деңгейі болса, соғыс кезіндегіден әлдеқайда төмен болған екен. Соның өзінде 17 млн америкалық жұмыссыз ретінде тіркеліп, жұмыс іздеп жүріпті». Бұл дегеніміз жұмыс бар, бірақ талапқа сай келетін маман жоғын білдіреді.  

Демек, кәсіби білім — универсал валюта. Білім — жаңа ақша көзі. Біреумен бөліссеңіз, кеміп қалмайды. Қайта айтқан сайын жақсырақ жадыңызға сақтап, жаңа идеялар аласыз. Бүгінде IT саласының қарқынды дамып келе жатқанының арқасында ақпарат алмасу үшін қашықтық кедергі емес. Тегін әрі жедел алмасуға әбден болады. Сондықтан мұндай мүмкіндікті барынша пайдаланып қалған адам табысқа жете алады. Материалдың басында Обаманың әдетін айттық. Бір сұхбатында ол президент болған шақта да неліктен кітап оқуды тастамай, оған уақыт тапқанына былайша жауап берген екен: «Ақпаратқа көміліп қалған кезде, кітап бәрін баяулатып, басқа жағынан қарауға, өзіңді өзгенің орнына қоюға мүмкіндік береді. Мен үшін осы екі нәрсе маңызды. Ең жақсы президент болуыма әсер етті ме, нақты айта алмаймын. Бірақ сегіз жыл бойы менің тепе-теңдік сақтауыма сөзсіз үлес қосты».   

Машық туралы 6 дерек

•    Болашақта құнды болатын машықты анықтап алыңыз. Білім құны бір орында тұрмайды, өзгеріп тұрады. Технология дамыған сайын белгілі бір білім алған адамдарға тапшылық пайда болады. Дер кезінде алып үлгерсеңіз, ұтасыз. Өйткені кейін әлгі машықтың құнды екенін көпшілік біліп алғанда оны үйреніп алған адам саны артып, құны да арзандай түседі. 

•    Жаңа машықты тез сіңіріп алу керек. Бұл алдыңғы тәсілдің жалғасы іспеттес. Айтқандай, бірегей мүмкіндіктерде тұрақтылық болмайды. Дер кезінде қолданып үлгермесеңіз, қолдан ұшырып аласыз. Демек, сізге машықтануға үйрену қажет. Ол үшін ойлау моделін пайдаланған жөн. Өйткені соның көмегімен барлық салада қолданылатын білімнің берік негізін қалауға болады. Яғни жаңа салаға ауысқанда, айтарлықтай қиын болмайды.

•    Біліміңіздің құндылығын айтудан ұялмаңыз. Ақыл дәрежесі бірдей болса да, табатын табысы екі түрлі адамдар болады. Мұнда мәселе — мойындату. Яғни айналадағыларды білікті екеніңізге сендіре білсеңіз, табысыңыз да еселей түседі.    

•    Білімді ақшаға айналдырыңыз. Оны материалдық құндылыққа айырбастаудың бірнеше жолы бар: жалақысы жоғары қызмет, айлықты көтеру, кәсібіңізді ашу, салалық сайт жасау, кеңесші ретінде білімді бөлісу, кәсіби беделді нығайту және т.б. 

•    Білімге инвестиция құйыңыз. Мақсаттарыңызға жету үшін қалтаны қатты қақпайтын, бірақ портфолионыңызды ажарландыратын әдістер бар. Соның ішінде онлайн курстар мен бағдарламаларды оқығаныңызды көрсету. Тіпті шынымен оқып, ғылыми дәреже алсаңыз да жарасымды. 

•    Оқуды үйреніңіз. Сонда оқудың әр сағатын ақшаға шаққанда еселеп көбейеді. Мысалы, аптасына бір кітап оқитын адам мен он күнде біреуін оқитын адамда айырма болады емес пе? Сонда бұл есеппен алып қарағанда, жылында айырмасы 30 пайызды құрап, нәтижесінде алғашқысы 85 кітапқа артығырақ оқиды деген сөз.  

      Көбіміз миымызға білім алатын уақыт 7-20 жас аралығында деген ақпаратты құйып алғанбыз. Осыны ойдан шығарыңыз. Білім алатын белгілі бір жас болмайды. Бар болғаны дәрумен ішкенде сақтайтын доза бар болатынындай, мұнда да бір режимді ұстану қажет. 

Қайтсек уақыт табамыз?   

The Shipyard компаниясының басшысы Бен Кларк бес жыл бойы таңғы сағат 6:45 пен 8.30 аралығында өзін-өзі дамытумен айналысып, оқыған екен. Сонда жалпы алғанда 2500 сағаттай кетіпті. Кейін қызы өмірге келгенде балаға көңіл бөлу керек деп шешеді. Десе де, кітап оқуды қойып кеткен деп қалмаңыз. Бен күн тәртібін өзгертеді. Оқуға уақыт бөлу үшін жасалуы керек шаруалардың тізімін азайтады. «Азырақ жұмыс істеп, көбірек оқыған сайын кей нәрсеге үлгермей жатқандай көрінуі мүмкін. Бірақ бір жылдың қорытындысына қарасаңыз, қайта өнімдірек істеген болып шығасыз» дейді ол. 

Негізі оқуға ден қою үшін міндетті түрде сағаттап кітаптан бас алмай отыру керек деген сөз жоқ. Кем дегенде күніне 15 минут бөлсеңіз де, жылға шаққанда 100 сағатқа теңеседі. Адамға бос уақыт табу қиын көрінеді. Әйтсе де, сәл тырысса қолдан келетін дүние. Бастысы, ерінбей, өзіңізді жеңу ғана. Сонда жемісін де көре бастайсыз. Әлемнің ең ақылды әрі бір қарағанда өте жұмысбасты адамдары аптасына кемінде 5 сағатты өзін-өзі қалыптастыру, дамытуға бөледі. Сол мақсатта оқуға көңіл бөледі. Осы қасиетті бойға сіңіру үшін мынадай үш қадамды саналы түрде жасауды әдетке айналдырыңыз:

•    Кітап оқуға, білем алуға арнайы уақыт бөліңіз. Қанша қарбалас болсаңыз да, назардан тыс қалдырмаңыз. 
•     Уақыт шыға қалса, кейінге қалдырмай, сол сәтті барынша тиімді пайдалануға тырысыңыз. Ештеңеге алаңдамаңыз. 
•    Алған білімді есте сақтап, оны қолдануды ойлаңыз. Тиімді әдісін тапсаңыз, білім алу процесінің тиімділігі артады. 
     Көбі оқуға ден қою қиын деп ойлап, кірісуге беттей алмай жатады. Ал негізі оқымай жүру қате. Өйткені біз үнемі жаңа нәрсені біліп, өзгелерден қалыспай, ақпаратқа толы заманға сай өмір сүруге тырысуымыз керек. Сондықтан аптасына ең кем дегенде 5 сағат оқу мақтанатын әдіс дегеннен гөрі қажеттілік.  

Сондай-ақ оқыңыз