Халық бюджет қаржысының жұмсалуын әкімдікке барып қалай талап етсе болады?
Бюджетті бақылау туралы түсінік ел арасында енді ғана қалыптасып келе жатыр. Бұл орайда белсенді қызмет етіп жүрген жанның бірі – Руслан Асаубаев. Ол Солтүстік Қазақстан облысындағы жемқорлыққа қарсы медиа орталық филиалын басқарады.
– Сізді әлеуметтік аудит жүргізу бойынша белсенді ретінде жақсы танимыз. Бірінші, әлеуметтік аудит дегеніміздің өзі не? Сұхбатты осыдан бастасақ.
– Соңғы кезде елімізде әлеуметтік аудит, қоғамдық мониторинг, журналистік зерттеу, шешім қабылдауға халықтың қатысуы сияқты терминдер трендке айналды. Мұның бәрі қоғам белсенділерінің халықаралық тәжірибені зерттеуіне, қоғамдық бақылауды қалыптастыруда жаңа механизмдерді енгізуіне мүмкіндік берді. Әлеуметтік аудит – сондай тәсілдердің бірі. Бұл – қоғамдық мониторинг және қоғамдық тыңдау элементтерін пайдалана отырып қоғамдық бақылау технологиясын қалыптастыру.
– Дәл осындай жолды таңдап алу туралы алғаш рет қашан ойыңызға келді?
– 2015 жылы мен Сорос-Қазақстан қоры ұйымдастырған «Публичная политика» бағдарламасының түлегі атандым. Бұл елімізде жас қазақстандық зерттеушілердің потенциалын арттыруға бағытталған бағдарлама. Менің тақырыбым – жергілікті өзін-өзі басқару – даму потенциалы және қазіргі проблемалар. Ал 2017 жылы «Мемлекеттік қаржыны басқару процесіндегі ашықтық және есеп беру саласындағы жас сарапшылар» жобасына қатыстым. Сол жерде Армения, Германия және Мексикадан келген спикерлер қоғамдық мониторингті қалай жүргізетінін және оның жергілікті саясатқа қалай әсер ететінін айтты. Оларды зерттеп және біздің нормативтік-құқықтық актілерді салыстыра отырып мен біздің азаматтардың бюджет қаражатын бақылауға қатысуға толық құқы бар екенін білдім.
– Бюджет қаржысын тиімді әрі уақытылы жұмсау бойынша біздің мемлекеттік органдар жұмысын қалай бағалайсыз?
– Негізі ақша бөлінеді, ал халық наразы бола береді. Халық әкімдіктің әртүрлі бөлімдерінің құзіретін анық түсінбейді, сондықтан кім өзін әкімдіктен деп таныстырса соған барлық реніштерін үйіп-төгіп айта береді. Бұл дегеніңіз – әкімдіктің әлсіз жұмысынан және халықты дұрыс ақпараттандырып отырмағандығынан хабар береді. Бір жағынан әкімдікте адам ресурсы да жетіспейді. Мәселен, осы жылы 70 аулаға жөндеу жасайды делік. 1000 ауланың ішінен жөндеу қажет етіп тұрғанын анықтау үшін комиссия жұмыс істеуі керек. Ал оған біршама уақыт кетеді. Сол себепті, бұл іске мейлінше халықты тарту тиімді болмақ.
– Көп адам ауылына жол салынуын, су тартылуын әкімдіктен талап еткісі келеді. Бірақ барған кезде не айтып, қалай талап ету керегін білмейді. Ол үшін адамдар нені біліп, не істеуі керек?
– Олар өз депутаттарын жақсы тануы тиіс. Сол адамнан бюджеттің бекітілуі, жүзеге асуы кезінде өз мүдделерін қорғауды талап етуі тиіс. Алайда біздің елде дәл бұлай қарым-қатынас жасау қиындау. Одан да ресми сайттағы әкімнің жеке блогына жазу немесе ЭЦҚ кілт арқылы онлайн өтініш беру ыңғайлырақ. Сонда 15 жұмыс күнінен соң жауап келеді.
– Білуімше, сіздер бюджет қаржысының жұмсалуын бақылап қана қоймайсыздар, істелген шаруаның сапасын да тексересіздер. Әкімдік жасап жатқан жұмыстың сапасына көңіліңіз тола ма?
– Көп ретте жағдай былай өрбиді: Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы техникалық шарттарды әзірлейді, конкурс өткізеді және мердігер жеңімпазды таңдайды, салық төлеушінің ақшасына жұмысты жеке фирма жүргізіп, жұмыс біткен соң хабар-ошарсыз жоғалып кетеді. Сөйтіп, бүкіл шағым тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына барады. Қазір біз халықты ақпараттандыру, қабылдау актілерін жеткізу, сапасыз жұмыс үшін мердігерге шағым түсіру, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына өтініш жазу тәжірибесін қолға алып жатырмыз.
– Бюджет қаржысын бөлу, мемлекеттік сатып алу жасау бойынша әкімдік жиі қателік жібере ме?
– Биыл Петропавл қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы екінші жыл қатарынан мемлекеттік сатып алулар туралы заңды бұзып отыр. Олар аула ішіндегі аумақты асфальттау және қоршаулар тұрғызу бойынша бір ғана «Kaz Fortis» ЖШС деген компаниямен бір ғана көзден тікелей келісімшарт жасау арқылы келісімге келіп отырған. Тағы бір мысал: барлық аулаларда стандартты балалар алаңқайы салынған. Ал тұрғындар біздің аулада зейнеткерлер тұрады, ауладағы балалардың жасы 14-тен асқан, алаңқай 10 жасқа дейінгі балаларға арналған деп шағымданып жатады. Бұл орайда тұрғындар өздеріне керектіні таңдау үшін арнайы техникалық шарттар әзірлеу керек.
– Қоғамдық мониторинг жасаудың арқасында қол жеткізген жетістіктер қандай?
– Қоғамдық мониторингтің арқасында әлеуметтік аудитті жете меңгерген белсенділер тобы қалыптасты. Ал бұл мердігерлер үшін үлкен проблема. Олар көшеде дауласып жатпайды. Өз құқығын білгендіктен жылдам акті әзірлеп, ТШК-ға сұраныс, мемлекеттік архитектуралық-құрылысты бақылау және лицензиялау мекемесіне шағым жолдайды. Қажет болса техникалық және авторлық бақылау ұйымдарын да хабардар етеді. Тиісті ақшасын ала алмаған соң мердігердің өзі тұрғынға келеді. Сол себепті, жылдан жылға жұмыс, қызмет сапасы артып, тұрғындар пікірінің маңызы өсе түспек.
– Бюджет қаржысын бақылау әр адамның қолынан келе ме? Ол үшін қандай заң мен ережелерді білу қажет?
– Қазақстан Республикасының жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңында (18.11.2015. № 410-V) жеке тұлға, заңды тұлға, қоғамдық ұйымдардың жемқорлыққа қарсы атқаратын әрекеттері көрсетілген:
2) Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы және құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру бойынша ұсыныстар береді.
3) Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға қатысады.
7) Сыбайлас жемқорлық мәселелері бойынша БАҚ-та түсіндіру жұмыстарын жүргізеді және әлеуметтік маңызы бар шаралар ұйымдастырады.
Сонымен қатар 2015 жылы 28 желтоқсанда бекітілген қоғамдық кеңестер туралы заңы бар. 2020 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу ережесі бекітілді. Осы заңдарды негізге ала отырып кез-келген азамат жергілікті әкімдіктен өз құқығын талап ете алады.
– Рақмет!