Педагогигалық оқу орындарының сапасы сын көтере ме?
Қазақстандағы педагогикалық оқу орындарының сапасы қандай? Деңгейін арттыру үшін не істеу керек? Осы тақырыпта Adal Bilim алаңында сөз қозғалды. Қазіргі педагогикалық оқу орындарының деңгейі қандай? «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бұл мәселені толық шеше алды ма? Мұғалім мамандығын «көлденең көк атты» жөнсіз иемденбеу үшін қандай шаралар қолдану қажет? Үздік түлектердің педагогикалық мамандыққа деген ынтасын қалай арттырамыз? Осы сауалдарды модератор Ерболат Мұхамеджан тікелей эфирде спикерлерге жолдай отырып, талқы жасады.
Эфир қонақтары: М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетінің провосты Сергей Пен, Тараз өңірлік университетінің 1-проректоры Ержан Әмірбекұлы, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова, YESSENOV UNIVERSITY ректоры Берік Ахметов және ProBilim Analytics орталығының сарапшысы Нұрмұхаммед Досыбаев. Тікелей эфирді көрмегендер болса, мәтін түрінде үзік ойларды оқырман назарына ұсынғанды жөн көріп отырмыз. Талқының толық нұсқасын Adal Bilim Facebook парақшасынан көруге болады.
Ержан Әмірбекұлы: Бізде педагогтарды даярлайтын элиталы, жекеменшік оқу орындары жоқ
Біріншіден, бүгінде сапасыз педагогтердің дайындалуына жоғары оқу орындарының кінәсі, әрине, бар. Қазақстанда 85-ке жуық оқу орнында болашақ ұстаздар даярланады. Ал арнайы педагогикалық 5 жоғары оқу орны бар. Одан бөлек, 50-ден астам жекеменшік университеттерде де мұғалімдікті оқытады. Шыны керек, соңғыларының көпшілігі сапалы педагогтер кадрын әзірлеуге баса көңіл бөлген жоқ. Университеттер жабылып, лицензияларынан айырылып жатқаны бекер емес деп ойлаймын. Екіншіден, ең үздік мектептердің түлектері мұғалімдікті таңдаған жоқ. Биыл шәкіртақы өсті, еңбекақы көтерілді, «Педагог мәртебесі» туралы арнайы заң қабылданды. Содан барып қана ата-аналар да, талапкерлер де ойлана бастады. Ал осы уақытқа дейін мұндай болмаған соң, үздік мектептерді бітіргендер педагогиканы таңдауға мүдделі болмады. Меніңше, адамның кез келген мамандықты таңдауына әлеуметтік, экономикалық және жеке мотивациялық фактор әсер етеді. Бұдан бөлек, әлемдік ғалымдар ортаның әсерін де қосады. Сол ортаның қалыптасуы енді белең алатын сияқты. Бізде педагогтарды даярлайтын элиталы, жекеменшік оқу орындары жоқ. Ал біз айтып отырған бес университетте техникалық мамандықтар да оқытылады. Бұдан кейінгі мәселе — 36 жоғары оқу орнына гранттың бөлінбеуі. Өз басым мұны қолдаймын. «Атамекеннің» рейтингісіне қарап, содан қорытынды шығарып, мемлекеттік грантқа тапсырыс бермейтін болды. Бұған өкпелеудің қажеті жоқ. Себебі мемлекеттік жоғары оқу орындарының өзінде кей мамандықтарға грант бөлінбеді. Егер осылай жалғастыра берсек, жақсы нәтижелерге қол жеткіземіз деп ойлаймын.
Сергей Пен: «Өрлеу» министрлікке формальды көрсеткіштерді көрсетуге ғана көмектесті
Кадрларды қайта даярлау мен біліктілікті арттыруға келгенде, квазимемлекеттік «Өрлеу» сынды ұйымдарға біз үнемі қарсы шығып келдік. Өйткені біздің ойымызша, осы жылдар ішінде атқарған жұмысы жемісті бола алмады. Ол министрлікке формальды көрсеткіштерді көрсетуге көмектесті. Мысалы «үш тілділік бойынша осынша курс өткізілді, одан мынанша адам сертификат иеленді» дегендей нәтижемен шектелді. Бұл ешқандай да шынайы көрсеткіш емес. Осы ретте біздің ұсыныс мынау: біліктілікті арттыру жүйесін қайта бағдарлап, арнайы бес педагогикалық жоғары оқу орнын басты орынға қою керек. Себебі мұғалімнің біліктілігін арттыру стандарттарын тәуелсіз акционерлік қоғамның қалыптастыруы – абсурд. Олардың тіпті университеттер мен педагогикалық факультеттер сынды академиялық институцияға қатысы жоқ. Ал енді аталған оқу орындарының бұған қаншалықты дайын екеніне келсек, ол жерлерге дені дұрыс менеджерлер керек. Сонда олар кадрды сапалы іріктеп, жалақыны көтеріп, реттейді. Аса ұзақ уақыт та қажет емес — әрі кетсе екі жыл.
Гаухар Алдамбергенова: Педагогикалық университеттерде тек педагогтерді даярлау қажет
Мысалы 2015 жылы оқуға түскен 2600-дей талапкердің 2019 жылы 1900-і бітіріп шыққан. Біздің университетте тек қыздар оқитындықтан, оқуды аяқтамауына себеп көп. Тұрмысқа шығады, күйеуінің жағы оқуын жалғастыруға мүмкіндік бермейді. Көбіне 2-3 курста отбасын құрады. Одан қалса, өз аймағындағы университетке ауысып кететіндер болады. Тағы бір себеп — оқу үлгерімі, тәртіпті бұзуы. Бұл — санына байланысты деректер. Сапаға келсек, бізде бұрын экономист, юрист мамандығы оқытылған. Былтырдан бастап тоқтатылды. Өйткені біздің ойымызша, педагогикалық университеттерде тек педагогтерді даярлау қажет.
Нұрмұхаммед Досыбаев: Мемлекеттік басқару түбегейлі өзгеруі керек
Бізде білім саласын басқару дұрыс жолға қойылмаған. Сапасыз білім үшін университет басшылары мен мектеп директорын сұраққа ала береміз. Бірақ одан ештеңе өзгермейді. Ол үшін бірінші кезекте мемлекеттік басқару түбегейлі өзгеруі керек. Мысалы Кембридж университеті — мемлекеттік оқу орны. Бірақ ол дегеніміз мемлекеттің меншігінде, түбегейлі бағынышты деген сөз емес. Американың кез келген оқу орны мемлекет тарапынан қаржыландырылса да, автономды болады. Ректорлыққа сайлану арқылы келеді. Сайланғандықтан сапаға жұмыс істейді. Бізде ректорлар мен директорларды мемлекеттік органдардың басшылары тағайындайды. Сондықтан тағайындағандарға тікелей бағынышты болып қалады. Егер Назарбаев университетіндегідей автономияны әріптестерге беріп, жалақысын көбейтер болсақ, сосын барып толықтай жауапкершілік сұрауға болады. Ал енді педагогтарды даярлайтын оқу орындарына келсек, елдегі барлық университеттің ішінен таңдау жасау керек. Яғни қай оқу орнын бітірген маманның жұмысына қоғам риза? Солардан іріктеп, жағдай жасайық. Қаржыны нақты нәтиже көрсеткендерге берген жөн. Екіншіден, педагогикалық ЖОО-ларға автономия беру қажет. Сол кезде әр ректор алаңсыз жұмыс істейді. Үшіншіден, қаржыландыруды қайта қарау керек. Педагогтерді дайындауға 2 миллион теңге бөлсе де, бұл инвестиция ақталады.
Берік Ахметов: Автономды десе де, бәрін министрлік шешеді
Меніңше, бірінші автономды директорлар кеңесін жасақтау қажет. Қазіргі директорлар кеңесінде министрлік өкілі басқарады. 2018 жылдан бері қанша жерден «автономды» деген ремарканы айтып келгенімен, шынында министрлік шешеді. Тіпті ректордың өзі бір өңірден екінші жерге іссапарға бару үшін министрліктен рұқсат сұрайды. Осы ретте айтқым келетіні, белгілі бір талаптар қою үшін алдымен жақсы қаржы бөлінуі керек. Сонымен бірге мүмкіндік беру қажет. Бірақ егер 3-5 жыл ішінде сол мүмкіндікті пайдалана алмаса, үмітті ақтамаса орнынан алынуы тиіс. Айталық, шетелге не елдің басқа қаласына іссапармен барса, күнделікті қадағалап емес, жыл соңында содан шыққан нәтижені сұрау керек. Қаншалықты эффект берді, не бітірді?