Биометриялық мәліметтер деген не?
Бұл технология туралы не білесіз?
Биометриялық технологиялар қаржы саласын біртіндеп жаулап жатыр. Бұлай дейтін себебіміз, аталған технологияны енгізгісі келетіндер қатары күн санап өсіп келеді. Әсіресе, банктер, төлем жүйелері, сауда желілері, кафелер мен өзге де сервистер бұған қосылып үлгерді. Ендеше, биометрия деген не? Оның қаржы нарығындағы орны қандай? Осы жайлы талдайық.
«Биометрия» дегеніміз грек тілінен аударғанда «өмір өлшемі» деген мағынаны береді. Яғни биометриялық мәліметтер — адамның физиологиялық ерекшеліктерін сипаттайтын ақпараттар. Демек, оның көмегімен адамның кім екенін оп-оңай анықтауға болады. Атап айтқанда, диджитал фотосурет, саусақ іздері, көздің шатырша қабығы және өзге де жеке биометриялық мәліметтерден тұрады.
Биометриялық параметрлер
Бүгінде биометриялық параметрлердің екі түрін бар: статикалық және динамикалық. Статикалық параметр деген —адамның физиологиялық сипаттамасына негізделеді. Яғни тумысынан адамға берілген сипаттамалар (ДНҚ, саусақ іздері, қолының геометриясы, көздің шатырша қабығы және т.б). Ал динамикалық параметрлерге адамға тән қимыл-әрекет, тәртібі жатады. Яғни түпсаналық әрекеттеріне негізделеді. Ол дегеніміз, мысалы, жүрісі, сөйлеу динамикасы, даусы және т.б.
Айтқандай, әсіресе, қаржы саласы бұл технология түрін қарқынды енгізіп жатыр. Оның себебі — операцияларды орындап жатқан нақты сіз екеніңізді анық білу үшін. Бүгінгідей алаяқтық көбейген заманда мұндай технологиялар аса қажет.
Аталған бағдарлама саусақ іздерін, сөзін, төлқұжат не жеке куәліктегі суретімен қазіргі түрін салыстырып, анализ жасайды. Яғни ақша жарату үшін картаның артындағы CVV-код не смс арқылы келетін құпиясөз жеткіліксіз. Бұл құпия деректердің қолды болуы өте оңай. Ал енді биометрияны алдау мүмкін емес. Ақшаны сізден басқа ешкім ала алмайды.
Биометриялық технологиялардың нарыққа енуінің тағы бір үлкен артықшылығы — операцияларды жеңілдететінінде. Бұрынғыдай мәліметтерді теріп, енгізіп отырмайсыз. Бар болғаны бірер секунд қана уақыт алады. Сонымен қатар, төтенше жағдай кезінде де таптырмайтын құрал. Бұған мысал ретінде 2011 жылы Жапонияда болған цунамиді айтсақ болады. Жан-жағын түгел жайпаған жер сілкінісі кезінде жапониялықтар банк карталары, құжаттарынан айырылған еді. Осылайша жеке басын куәландыру үшін ақшасын ала алмай біраз уақыт жүрді. Осындай мәселе туғандықтан, Жапония мұның шешімін іздеуге кіріседі. Сөйтіп бірыңғай биометриялық жүйе енгізіледі. Соның арқасында әлгі мәселелер енді мүлдем қорқынышты емес.
Биометриялық технологиялар қалай жұмыс істейді?
Олар бірнеше операциядан тұрады: жазба не сурет — жүйе физикалық болмаса тәртіптік үлгі алады. Сөйтіп биометриялық үлгіні белгілеп, өңдеп, оны математикалық кодқа айналдырады. Нәтижесінде шаблон пайда болады. Сол арқылы аутентификация не идентификация жасалған кезде салыстырылады. Сәйкес келуі не келмеуі биометриялық үлгілердің нәтижесін көрсетеді.
Бір қарасақ, бала кездегі «Простоквашино» мультхикаясындағы Матроскин мысықтың айтқаны айдай келгендей. Есіңізде болса, ол мұрты мен құйрығын құжатым деп атайтын. Ал бүгін айтып отырған биометриялық технологиямыз — дәл соның өзі. Қазіргі таңда биометриялық мәліметтердің мынадай бес түрі кең қолданыста:
• Саусақ іздері
• Бет бейнесі
• Көздің шатырша қабығы
• Алақан тамырларының суреті
• Саусақ тамырларының суреті
Жылдам дамып жатқан технология
Осыдан бірнеше жыл бұрын саусақ іздері ғана қолданылатын. Араға шамалы ғана уақыт салып өзге де түрлері енгізіліп жатыр. Демек, нарықтағы ең тез дамып келе жатқан сегмент деп сенімді айта аламыз. Әсіресе, дауыс, алақан тамырларының суреті, көз қабығы арқылы тану аса танымал. Мысалы, сіз шенген аймақтың төлқұжат бақылайтын жердесіз делік. Бақылаудан өтіп жатқанда сіз саусағыңызды сканерге тигізесіз. Сөйтіп жүйе сол саусақ іздерін виза рәсімдеген кезде тапсырған түрімен салыстырады. Алынған үлгілерді салыстырып, нақты сіз екеніңізді анықтайды. Егер сәйкес келмесе, өткізбей тастайды.
Қаншалықты қауіпсіз?
Биометрия ең қауіпсіз жүйе деп айта аламыз. Себебі құпиясөз не қағаз құжаттардан әлдеқайда сенімді. Алаяқтар сіздің саусағыңыздың іздерін, даусыңызды не көзіңіздің жанарын ұрлап ала алмайды. Бәлкім, болашақта мұны да бұзатын «хакерлер» пайда болар. Бірақ әзірге бұдан қауіпсізі жоқ.
Қазақстанда қаншалықты дамыған?
Әлемдік трендтерге ілескен еліміз аталған технологияны бүгінде қолданады. Ең алғаш болып қаржы саласында енгізілді. Қазіргі таңда биометрия Қазақстандағы бөлшектік сегментпен жұмыс істейтін банктердің бәрінде берлік бар. Бұл технологияның арқасында операциялардың орындалуы әлдеқайда жеделдей түседі, алаяқтыққа да жол берілмейді, банк процесстерін автоматтандырады. Банктердің басым бөлігінде мобайл қолданбада саусақ іздері арқылы аутентификация жасауға мүмкіндік бар. Ал түрі арқылы танитын технологияны бүгінде Kaspi белсенді қолданып жүр. Kaspi ID идентификация технологиясының көмегімен дәл әрі жылдам клиентті тануға мүмкіндік туып отыр. Онлайн рәсімделген кредитті банкоматтан шешіп аларда, картомат арқылы картаны қайта шығарғанда қолданылып жүргені белгілі.
Ал Еуразиялық банктің активінде 3 миллионнан астам қазақстандықтың суреттері мен биометриялық мәліметі бар екен. Бұл банк елімізде тұңғыш болып робот-коллекторлар шығарған еді. Жасанды интеллект әңгімелесіп қана қоймай, әр клиенттің даусын таниды. Алдағы уақытта биометрия бізде кеңірек қолданыла береді. Мысалы қоғамдық көлікке мінген жолаушы FacePay арқылы демде төлем жасай алса, керемет емес пе? Қазақстанда азаматтарды дактилоскопиялық тіркеу 2023 жылдың 1 қаңтарынан басталады деп жоспарланып отыр. Бөгде адамдардың сіздің деректеріңізді пайдалануына тосқауыл қоятын жүйе бұл. Аталған дактилоскопиялық тіркеу процедурасынан азаматтар төлқұжат не жеке куәлік алатын кезде өтеді.