«Ресей патшалығына бағынғанымен, үнемі бас көтеріп отырған»: шекарадағы Орал қаласының тыныс-тіршілігі
Орал қаласы – Батыс Қазақстан облысының орталығы. Қала патшалық Ресей заманынан қалған салтанатты сәулет ескерткіштері, саф ауасымен әйгілі. Киім-кешек, азық-түлік пен коммуналдық шығын арзандау болғанымен, баспана бағасы қымбат. «Курсив» пен «Шеврон» компаниясының «Нағыз Қазақстан» жобасы аясында оралдық журналист осы ерекше қаланың тыныс-тіршілігі жайлы әңгімелейді.
Менің аты-жөнім – Ақмарал Шаяхметова, 27 жастамын. 24 жасыма дейін Орал қаласынан 25 шақырым жерде жатқан ауылдан күн сайын қалаға қатынап оқып, кейін жұмыс істедім. Қазір Орал қаласының өзінде тұрамын, жергілікті газетте жұмыс істей жүріп, республикалық БАҚ-тарға мақала жазамын. 2018 жылы Алматыға көшіп келіп, республикаға тарайтын беделді басылымның біріне қызметке тұрдым. Жұмысым өзіме ұнаса да, екі айдан соң туған жеріме, Орал қаласына оралдым. Себебі уақытымның бір бөлігін үйден – жұмысқа, жұмыстан – үйге жетуге жұмсағым келмеді. Бұл тұрғыда Оралда қиындық жоқ, қаланың бір шетінен екінші шетіне қоғамдық көлікпен 1,5 сағатта-ақ жетуге болады, ал таксиге отырсаңыз, 40 минут кетеді.
Бұл материалда Оралдағы өмір несімен тартатын, жастардың дамуына жағдай бар ма, орта статистикалық тұрғынның тіршілігі қандай, неліктен Оралда реурбанизация жүріп, яғни қалалықтардың ауылға көшетіні айтып өтемін.
Батыс Қазақстан облысында кім тұрады, немен айналысады?
Орал қаласының шағын өндірістік аймағының бірі. Фото: Филипп Лепцов
Батыс Қазақстан облысында – 660 мың, Оралда 312 мың адам тұрады. Ұлттық құрамы бойынша қарасақ, қазақтар – 76%, орыстар – 19%, 3%-ы – украиндар мен татарлар, тағы екі пайызы – әзербайжан, неміс пен кәріс сынды өзге ұлт өкілдері.
Батыс Қазақстан облысы – мұнай саласы қарқынды дамыған ірі өндірістік өңір. Аймақтағы басты мұнай магнаты – БҚО-ның Ақсай қаласындағы Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кен орнында мұнай мен газ өндіретін «ҚПО консорциумы». Одан кейінгі орында тұрған «Жайықмұнай» ЖШС-ның да өңір экономикасына қосар үлесі қомақты. Аймақ экономикасының 90%-ы осы екі магнаттың айналасында шоғырланған. Салық комитетінің мәліметі бойынша, аталмыш екі компания – аймақ бюджетіне кедендік алым мен ірі салық төлеушілер.
Мұнайдан бөлек, Батыс Қазақстан облысында ұсақ саз және құм карьерлері, сондай-ақ «бор төбешіктер» – әктас карьері көп. Осының бәрі құрылыс материалдары өндірісі индустриясын дамытуға ықпал етеді.
Индустриялық өнеркәсіп кәсіпорындарына келер болсақ, оларды шартты түрде екі топқа бөлуге болады: «КСРО мұрасы» және «селфмейд компаниялар». Бірінші топтағылар – облыс аумағында Кеңес Одағы кезінен бері жұмыс істейтін, жеке меншікке өткен зауыттар. Мәселен, «Зенит» – Каспий теңізіндегі Қазақстан шекарасын қорғауға қажет кеме шығарады, ал «Агромашжөндеу зауыты» – арнайы техника, «Береке» сүт зауыты шаруалардан сүт сатып алып, одан балмұздақ, сүзбе және май өндіреді. «Нұржанар» сыра зауыты өткен ғасырдың 60-70-жылдарындағыдай, сыра, лимонад және квас шығарады. «Селфмейд» зауыттар қатарына: шыныпакет шығаратын «Стеклосервис» кәсіпорнын, «Квант» жиһаз фабрикасын және «Агран» металл базалар желісін жатқызуға болады. Бұл кәсіпорындар қайта құру кезеңінде жұмысын бастап, қазір облыс қазынасына қомақты салық төлеп, көптеген жұмыс орнын ашып отыр.
Егер ауыл шаруашылығы туралы айтар болсақ, облыс климаты, шалғынды жері ет және сүт бағытындағы мал шаруашылығына қолайлы. Етті малды ірі ферма мен жеке шаруа қожалықтары өсіреді. Бұл өңірдің тұрғындары ежелден мал баққан, шаруаның жайын жақсы біледі. Сондықтан Батыс Қазақстанның еті мен сүтінің дәмі басқа аймақтардікінен өзгеше. Егін шаруашылығына келер болсақ, көбіне бидай егеді. Климаты қатал болғандықтан, бақша дақылдарын молынан егуге мүмкіндік аз, есесіне алған өнім сапалы болады.
Жайық өзені ондаған жылдар бойы тартылып барады, тіпті кейбір жерін жаяу кешіп өтуге болады. Фото: Филипп Лепцов.
Өңірдегі балық шаруашылығы – бөлек әңгімеге арқау болар тақырып. Патшалық Ресей кезінде өңір балықшылары сарайға балық жеткізіп отырған. Ал қазір Жайық өзенінің хәлі мүшкіл, сағасы тарылып, суы азайып барады. Облыс атынан Сенатта отырған депутаттар осы мәселені көтеріп, өзенді кұтқару шараларын қолға алуға шақырып жүргенімен, жағдай жыл өткен сайын шаралап, өзен суы тіпті егістік суғаруға жетпей жатыр. Ал балықты ұмытқалы қай заман.
Өңірде қолөнер қайта жанданып, ауыл тұрғындары өз қолдарынан шыққан бірегей өнімдерін сатылымға шығарып келеді. Оңтүстік өңір тұрғындары жүн түтіп, көрпе тіксе, облыстың еуропалық бөлігіндегі кент тұрғындары ірімшік, қаймақ, сүзбе қайнатып, қала базарына шығарады. Қаланың қолөнершілер түрлі мүсін, сурет мен өзге де кәдесыйлар жасайды.
Сонымен қатар, Батыс Қазақстан облысының ҚАЖД қызметкерлері де тұтқындар жасаған бұйымдарды табысты бизнеске айналдыра алған. Қатаң режимдегі колония тұтқындары орындық пен қаладағы гүлзарларда қойылатын темір сәкі жасайды. Ұлттық нақыштағы сандықтарды да оралдықтар жақсы алады.
Жалақы жайына келер болсақ, БҚО статистика департаментінің дерегі бойынша, былтыр өңірдегі орташа айлық жалақы 206 мың теңгені құраған. Бұл ретте тау-кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлерде жұмыс істейтін кейбір мамандар ең жоғары жалақы – 1 млн теңгеден астам алады, өнеркәсіптегі жалақы– 390 мың теңге, құрылыс саласында – 226 мың теңге, ең төменгі табыс өнер, ойын-сауық және демалыс саласында, бұл кәсіптегі орташа жалақы – 106 мың теңге. Орташа айлық жалақының жоғары болуына мұнай өндірісінде жұмыс істейтін вахташылардың айлығы әсер етеді. Мұны статистика департаментінің өзі де растайды: аудан бойынша алар болсақ, ең жоғары, 402 мың теңге жалақыны Бөрілі ауданындағы кәсіпорындар төлеп отыр. Мұнай өндірісіне қатысы жоқ адамдардың басым көпшілігінің жалақысы 150-180 мың теңге айналасында.
Орал қаласының тарихы қандай?
Егер ежелгі түркі-қыпшақ тайпалары мен Алтын орда кезеңіндегі тарихқа тереңдемесек, қазіргі Орал қаласының негізі XVII ғасыр басында қалана бастаған. Патшалық саясат пен салықтан қашқан орыс қолөнершілері мен казактары қазақ жеріне келіп қоныстанады. Орал қаласының тарихы Жайық қалашығының көшірілуімен басталады.
Архангел Михаил ғибадатханасы. Ғибадатхананың жертөлесінде мысалшы Иван Крылов жасырынған. Фото: Филипп Лепцов.
Казактар негізінен балық аулап, егіншілікпен айналысқан. Кіші жүз қазақтарымен көрші, орыс патшалығынан дербес өмір сүрген. І Петр заманында патшалыққа бағынғанымен, үнемі бас көтеріп отырған. 1773-1775 жылдары Орал қаласы Емельян Пугачев бастаған көтерілістің «астанасына» айналды. Одан кейін бірнеше жылдан соң Сырым Датұлы халық көтерілісін бастады. Имератор сарайы көтерілісті аяусыз басып-жаншыды.
Десе де Оралда өмір жалғасып жатты. Әлеуметтік-экономикалық тұрғыда бәрі жақсы еді: әлі күнге дейін сақталған бай көпестердің үйлері бой көтеріп, биржа, банк, типография, мектеп, шаштараз, мешіт пен шіркеу салынды.
Облыс әкімдігінің ғимараты. Кезінде орыс сауда-өндірістік банкі орналасқан, революциядан кейін халық депутаттар ғимаратына айналды. Фото: Филипп Лепцов.
Революциядан кейін жергілікті халық Кеңес билігін де мойындағысы келмей, азаматтық соғыс басталды. Фрунзе мен Чапаев сынды қолбасшылардың есімі осы кезеңмен байланысты. 50 күн қоршауда тұрып, Орал қаласы кеңес әскеріне берілді.
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Орал Сталининград майданының (қазіргі Волгоград қаласы) майдан тылына айналды, мұнда майданды әскери оқ-дәрі және азық-түлікпен қамтамасыз ететін госпиталь, кәсіпорындар орналасты. Кеңес заманында бүкіл елдегідей: көшіп келген тың игерушілер колхоз мен совхоз құрды, қалаларда зауыт пен жатақхана, Сталин, Хрущев, Брезневтердің заманында солардың атымен аталып кеткен үйлер салынды.
Көпес Ванюшиннің үйі. Жақын жерде татар ауылы жатыр. Фото: Филипп Лепцов.
Тоқсаныншы жылдардың басында, кеңес одағы ыдырағаннан соң, орыстардың көпшілігі Оралдан Ресейге көшіп кетті, бір бөлігі пәтерлерін сатса, кейбірі саяжайларын тастап кетті.
Ал 2000-жылдардың басында бос жатқан саяжайларға қалаға көшіп келгенімен, пәтер сатып алуды қалтасы көтермейтін жұрт қоныстана бастады. Ресми статистика Орал қаласы тұрғындарының саны 310-320 мың дегенімен, қала билігі бұл сан 350 мыңнан асып жығылуы мүмкін екенін айтады. Биылғы халық санағында нақтысы белгілі болмақ.
Баға қандай?
Соңғы жылдары баспана бағасының шарықтауына байланысты, Оралда қайталама нарықтағы немесе жаңа үйлерден пәтер сатып алу өте қиын. Егер 2015 жылы бір бөлмелі пәтер 4,5-5 млн теңге тұрса, қазір орналасқан ауданы мен жағдайына қарай 8-10 млн теңгеге бағаланады. Үш бөлмелі пәтерлер 2015 жылы 11 млн теңге тұрса, 2021 жылы олардың бағасы 18 млн теңгеге жетті.
Оралда жаңа тұрғын үйлер көптеп салынып жатыр, биыл билік 8 көппәтерлі тұрғын үй құрылысына 8 млрд қосымша транш бөлген, жыл сайын қалада 20-25 жаңа үй салынады. Айта кету керек, жер үй салғанда да оралдықтар сәулетшілердің пікірін аса ескеріп жатпайды. Үй салуға жер телімін бермесе, саяжайда да қымбат үй сала береді. 2011 жылы Деркөл өзеніндегі су тасқыны Самал элиталық коттедж кентін шайып кетті, ол жақтағы үйлердің құны 50 млн теңгеден асатын еді.
Қалада жалға баспана алу арзан емес. «Крыша» сайтының мәліметіне сүйенсек, шағын, біраз жөндеу көрген жайлы пәтер кем дегенде 60 мың теңге тұрады. Коммуналдық қызметі бөлек. Ал үш бөлмелі пәтерді 90-100 мың теңгеге жалға алуға болады.
1 бөлмелі пәтердің коммуналдық шығыны 7-9 мың теңге айналасында, оның ішінде 4-5 мыңы жылудың құны екенін ескерсек, коммуналдық төлем аса қымбат емес. Екі бөлмелі пәтердің коммуналдық шығыны – 10-11 мың теңге. Үш бөлмелі пәтердікі – 15 мың. Бұған интернет пен кабельдік телеарналар бағасы кірмеген. Интернетке ай сайын шамамен 5 мың теңге кетсе, кабельдік телеарналарға 2 мың теңге төлейміз.
Негізгі азық-түліктің наурыздағы бағасы:
* Сиырдың жон еті, 1 кг – 1 800 теңге
* Тартылған сиыр еті, 1 кг – 2 000 теңге
* Сазан 1 кг– 1 200 теңге
* Мөңке 1 кг – 500 теңге
* Тауық еті – 1 200 теңге
* Қияр, қызанақ –1 000 теңге
* Болгар бұрышы – 1 800 теңге
* Картоп, пияз, сәбіз – 100-150 теңге
* Нан – 140 теңге
* Ұн 1 кг – 220 теңге
* Май 800 теңге
* Тетрапакеттегі сүт – 280 теңге
* Қолдың сүті – 300 теңге
* Қолдың қаймағы, 0,5 литр – 1 500 теңге
* Қол сүзбесі – 1 000 теңге
* Үй ірімшігі – 2 500 теңге
* Банан – 500 теңге
* Алма – 400 теңге.
«Алтын Алма» базарындағы сиыр еті. Фото: Ақмарал Шаяхметова
Қалалық базардағы көкөніс. Фото: Ақмарал Шаяхметова
Жергілікті «Белес» ұны қала тұрғындарының сұранысына ие. Фото: Ақмарал Шаяхметова
Оралда жергілікті үш фирма тауық етін шығарады: «Акас», «Орал нарыққа құс фабрикасы» және «Жайық құс». Фото: Ақмарал Шаяхметова
Оралда карантин кезінде сұйық май қымбаттады. Фото: Ақмарал Шаяхметова
Қаладағы «Лидер» (Атырау қаласынан), жергілікті «Алтындар», «Анвар», ресейлік «Бағдаршам» желісі және «Дина» гипермаркеті (Атырау) –тұрғындардың көп баратын дүкендері. Бұл супермаркеттерге халық негізінен тұрмыстық химия, азық-түлік, тұрмыстық тауар сатып алу үшін барады. Базардан ет, балық және сүт сатып алады. Қалада базарлар да көп: «Алтын Алма», «Мирлан», «Аяжан», «Ел – Ырысы», «Сұлтан», «Урарту», «Жайық», «Мерей».
Оралда киім-кешек бағасы мен сапасы қай елде шығарылғанына байланысты, әртүрлі. «Сity Centre» әмбебап дүкені мен көппәтерлі үйлердің бірінші қабатында орналасқан дүкендерден сапалы еуропалық бренд заттарын сатып алуға болады. Бұл дүкендерде аяқ киім 30 мың теңгеден басталса, сырт киім бағасы – 40 мың теңге, ал жейде – 15 мың, шалбарлар 20 мың теңгеден басталады.
Ал «Арзан» және «Киім-кешек әлемі» секілді жергілікті дүкендерде, сондай-ақ de Facto, Coton, Wikiki ірі желілік дүкендерінде аяқ киімді 15 мың теңгеге, сырт киімді шамамен осындай бағада, джинсы мен шалбар – 7 мың теңгеден бастап, көйлек пен жейдені 10 мың теңгеге сатып алуға болады. Бұл заттардың сапасы нашарлау, олар Қытай, Қырғызстан немесе Түркиядан әкелінеді.
Қоғамдық көлікте жол жүру құны – 80 теңге, бірақ қоғамдық көлік қызметінің сапасы көңіл көншітпейді. 600-800 теңгеге такси ұстауға болады, екі аялдамалық жерге 400 теңгеге де апарып тастайды. Қаланың бір шетінен екінші басына бару керек болса, такси 1500 теңге алады.
Островский атындағы орыс драма театры. Фото: Филипп Лепцов
Карантинге дейін Оралда да ойын-сауық желілері де жақсы жұмыс істеп тұрған еді, ең қымбаты – балалар батуты мен түрлі карусель болатын. Бір балаға бір күнде 10 мың теңгеге дейін жұмсап жібересіз.
Қаладағы ірі 3 кинотеатрдың біріндегі билет құны – 800 теңге. Оралда екі театр: Х.Бөкеева атындағы Қазақ драма театры мен Островский атындағы орыс драма театры жұмыс істейді. Бұл өнер ордаларындағы режиссура мен актерлік құрам орталықтағы театрлардан кем түспейді, бұрыннан қалыптасқан мектеп бар. Билет құны – 700 теңге. Кейде асталық немесе ресейлік театр труппалары гастрольмен келіп жатады, олардың спектальдеріне билет 1500 теңгеден басталады.
Емельян Пугачевтің музей-үйі. Фото: Филипп Лепцов
Музей билеті қымбат емес, 200 теңге тұрады. Орал қаласында тарихи музейлер көп, солардың арасында Емельян Пугачевтің музей-үйін ерекше атап өткен жөн. Ағаш үйде сол заманның тұрмыстық заттары мен киім-кешегі сақталған. Керемет картиналардың авторы, суретші Сәкен Ғұмаровтың музейі тылсым мен абтракцияға толы. Бұл суретшінің бірқатар жұмысы жеке коллекционерлердің қолында, ғаламторда анда-санда осы суреттерді сататыны жайлы хабарлама шығып жатады. «Көне Орал» деп аталатын тағы бір музейде қала тарихы мен тыныс-тіршілігі жайлы сыр шертетін жәдігерлер қойылған. Оның негізін қала тарихы үшін отбасылық жәдігерлерін аямайтын адамдар қалаған. Сонымен қатар, «Капитан қызына» материал жинау барысында Оралда бірнеше күн тұрақтаған А. Пушкин музейі, қазақтың батыр қызы М.Мәметова музейі бар.
Қалада қалған жөн бе, көшкен дұрыс па?
Оралдағы Христос ғибадатханасы, жанында – облыстық сот. Сурет: Филипп Лепцов
Оралда қалу-қалмау – әркімнің өз еркі. Оралдан жастар негізінен Алматы, Нұр-Сұлтан, Самара немесе Санкт-Петербургке кетіп жатыр. Алматы – мәден астана ретінде тартса, Нұр-Сұлтанға жақсы қызмет істеп, табыс табу үшін барады. Ал Самара – білім алып, жүмыс табу тұрғысынан мүмкіндігі мол, ең жақын жатқан қала.
Оның үстіне жергілікті билік Оралды болашақта реурбанизация күтіп тұр дейді, яғни қала тұрғындары ауылға қайта көшпек. Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, 2020 жылдың жазындағы карантин. Жазда күннің ыстығы 40 градустан асып кетеді, оның үстіне жергілікті су арнасы желілері өзіне түскен салмақты көтере алмай, қайта-қайта жарыла бастады. Соның кесірінен суды тек сағаттап жіберіп отырды. Ыстық күнде қапырық пәтерден шаршаған тұрғындар қаладан кетіп жатты: біреулер саяжайына барса, кейбірі ауылдағы туыстарының үйін жағалады.
Тағы бір себеп – мемлекеттік «Ауыл ипотекасы» жобасы, бұл бағдарлама бойынша ауыл жастары 1-3 пайыздық ипотекаға ауылдан үй ала алады.
Шаған өзеніндегі көпір. Фото: Филипп Лепцов.
Ал өзіме Оралдағы өмір ұнайды, тіпті карантинде де табыс таптым. Өйткені журналистердің жұмыс істеуіне рұқсат берілді, қолыңда ноутбук болса, жұмыс істеп отыра бересің. Әртүрлі біліктілікті арттыру курстарын онлайн оқуға болады, ал шоппинг жасап қыдырғың келсе, таксиге отыра салып, 4 сағатта түрлі сауда орталықтары мен киім базары көп Самараға жетіп баруға болады. Осындағы музей мен театрға талай барғанбыз, десе де оралдықтардың жылына бір рет Алматы немесе Питерге қыдырып келуін қалтасы көтереді.
Егер ағылшын тілін біршама жетілдіріп, аймақтағы мұнай өндіретін компанияларға түйіндемеңізді тастап жіберсеңіз, Батыс Қазақстан облысында да жақсы жұмысқа тұрып, «классикалық» кеңсе мансабын құруға болады. Алайда қазіргі жастарды бұндай қызмет аса қатты қызықтырмайды. Басым бөлігі біреуге жұмыс істегеннен гөрі, өз ісін бастағанды жөн көреді. Қазір «ағаға» жұмыс істегеннен гөрі, жеке гүл дүкенін, пицца жеткізу немесе сауда-курьерлік желі ашу сәнге енген.
Оралда дипломы посткеңестік елдерде бағаланатын бірнеше жеке институт пен екі мемлекеттік институт бар. Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде педагогтар мен шығармашылық мамандар: хореограф, өнертанушы мен режиссер дайындайды. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті ауыл шаруашылығы мамандардын оқытады. Өзім Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ-дің «орыс тілі мен әдебиеті оқытушысы» мамандығын бітіргеніммен, журналистикада жұмыс істеп жүрмін.
Маған Оралда жаздыгүні Жайыққа шомылған, құм белестерін аралаған, Киров саябағы мен өзен жағасында серуендеген ұнайды. Көңілімнен шықпайтын бір дүние – қалада қарапайым ғана абаттандыру мәселесі шешілмеген. Қоғамдық көлік үнемі толы, іші лас, қыста жаяу жүргінші жолы дұрыс тазаланбайды, үйілген қардан жүре алмайсың. Бірақ бұның бәрі шешімін табатын уақытша қиындықтар деп ойлаймын, олар қаладан көшіп кетуге себеп емес. Жан тынышытығын сыйлайтын Оралымды жалт-жұлт еткен Нұр-Сұлтанға айырбастамаймын.
Егер күндердің күнінде Оралдан көшуге бел бусам, оған жалғыз себеп – қатал климаты болар деп ойлаймын. Ауа температурасы минус 40 градусқа дейін төмендейтін аязды күндері, қары ерімей ұзақ жататын қысы мен жаздыгүнгі +40 градус ыстыққа төзу оңай емес.