Президент Төтенше жағдай кезіндегі жұмыстарды тексерді
«Нысандарды күзету, көшедегі тәртіпті сақтау аса маңызды міндет екені түсінікті. Дегенмен, қазіргі жағдайда басты міндет – дезинфекция жасау» — деді, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл туралы Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы телеграмм каналында хабарлады.
Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан қаласының әскери жиынға шақырылған аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қызметшілерімен кездесуде мәлімдеді. Сондай-ақ, Қарулы Күштердің техникалық дайындығын және қала әкімдігінің Төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі жұмысын тексерді.
Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимінің барлық талаптарын бұлжытпай орындау қажет екенін айтты.
«Шағын бизнесті шығарамыз деп жатырмыз. Жалпы қаланың тұрғындары карантин режимін міндетті түрде сақтауы керек. Онсыз болмайды», — деді ҚР Президенті.
Бұған қоса, Мемлекет басшысы әлеуметтік міндеттемелерді орындаудың және медицина қызметкерлеріне сыйақы төлеудің маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар, жаңа жұқпалы аурулар емханасын салу мәселесіне арнайы тоқталды. Президенттің айтуынша құрылыс бар-жоғы екі аптаның ішінде бітуі керек. Ең алдымен, оның сапасына ерекше мән беру қажет.