Дельта штамы Қазақстан экономикасына қандай қауіп төндіреді?
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың айтуынша, дельта штамының жоғары қарқынмен таралуы әлемдік экономиканың перспективасын қайта қарауға мәжбүр етті. Ол шілде айында теңге бағамының серпініне және резервтерге қандай сыртқы және ішкі факторлар әсер еткені туралы да айтқан.
Оның сөзінше, жаңа штамм әсіресе, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы іскерлік ахуалды қиындатып жіберген. Әсіресе, Индонезия, Таиланд, Филлипин, Оңтүстік Кореяда өндірістік сала көрсеткіштері төмендеп кеткен. Эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауы инвесторлардың тәуекелге дайындығын төмендетіп, бұл дамушы нарықтар активтерінің серпініне теріс әсер етті: шілдеде АҚШ доллары бағамының дамушы елдердің валюталарына қатысты қалыпты жаһандық нығаюы байқалған.
«Мұнай нарығындағы ахуал әлемдік валюта нарығындағы ахуал сияқты шілдеде екіұшты және құбылмалы болды. ОПЕК+ елдерінің уағдаластықтары туралы және коронавирустың дельта штаммының таралу серпіні туралы жаңалықтар аясында мұнай бағасы біресе көтеріліп, біресе төмендеп отырды. Айдың қорытындысы бойынша мұнай бір баррель үшін 76,33 АҚШ долларына дейін 1,6%-ға өсті. ОПЕК+ қатысушы елдерінің шілденің басында жоспарланған кездесуі қарама-қайшылықтарға байланысты нәтижесіз аяқталды. Елдер тек айдың ортасында ғана келісімге келе алды. Альянс мүшелері 18 шілдеде келісімге келіп, 2021 жылғы тамыздан бастап ай сайын өндіру көлемін тәулігіне 0,4 млн баррельге ұлғайту туралы шешім қабылдады. Айдың аяғында инвесторлар АҚШ-тағы апта сайынғы мұнай қорының төмендеуі туралы деректерге байланысты отынға сұранысты едәуір қалпына келтіру мүмкіндігіне назар аударды, нәтижесінде бағалар бір баррель үшін 76 АҚШ долларынан астам деңгейіне дейін өсті. Covid-19 дельта штаммының таралу қарқынының күшеюі биылғы жылғы тамыздың басынан бастап мұнай бағасын белгілеуге айтарлықтай теріс әсер етті: бағалар 8,4%-ға төмендеп, бір баррель үшін 69,9 АҚШ доллары деңгейіне жетті» дейді Молдабекова.
Сондай-ақ ол Ұлттық банктің ақша-несие саясатын қатаңдатып, базалық ставканы 9,25 пайызға көтеруінің арқасында теңге 424,45 долларға дейін 0,7%-ға қалыпты түрде нығайған. «Мөлшерлеменің көтерілуі ішкі валюта нарығында теңгерімді ұстап тұруға және сыртқы инвесторлар үшін теңгелік активтердің тартымдылығын сақтауға ықпал ететін қосымша фактор болып табылады» дейді ол.
Айтуынша, Ұлттық Банк валюталық интервенцияларды жүзеге асырған жоқ. Бюджетке трансферттерді жүзеге асыру үшін Ұлттық қор қаражатын конвертациялау көлемі 1,1 млрд долларды, ал квазимемлекеттік сектор тарапынан валютаны сату 479 млн долларды құраған. Ал тамыздың басынан бастап дельта штаммның таралуы мен мұнай бағасының төмендеуі аясында теңге бір доллар үшін 425,53 теңге деңгейіне дейін 0,3%-ға әлсіреген. Ал алдын ала деректер бойынша алтынвалюта резервтері бір айда 76 млн долларға шамалы азайып, биыл 30 шілдеде 35,0 млрд долларды құрапты. Резервтердің төмендеуі еркін айырбасталатын валютадағы активтердің қысқаруы есебінен орын алды дейді.
«Резерв қысқаруының негізгі себептері ретінде – клиенттердің кете бастауын және 126 млн доллар мемлекеттік қарызды төлеуге байланысты Ұлттық Банктегі ЕДБ қаражатының 655 млн долларға азаюын айта аламыз. Екінші жағынан, алтын портфелінің өсуі ЕАВ-дағы активтердің төмендеуін толықтай теңестіруге мүмкіндік берді. Әлемдегі коронавируспен күрестегі күрделі жағдай және әлемдік экономиканың белгісіз даму перспективалары аясында алтынның бағасы шілдеде бір унция үшін 1 828 долларға дейін 4%-ға өсті, ал Ұлттық Банктің алтынвалюта активтерінің құрамындағы алтын портфелі 959 млн долларға өсті» деген дерек айтады ҰБ өкілі.
Жыл басынан бері Ұлттық қордың инвестициялық кірісі шамамен 2 млрд долларды құраған. Акциялар нарығының өсуі оң инвестициялық кірістің негізгі қозғаушы күшіне айналып, ҰБ Ұлттық қорды басқару тиімділігін арттыру және ең көп кірісі бар активтер сыныптарының үлесін арттыру стратегиясы шеңберінде акциялардың үлесін ұлғайтқан. Акциялармен қатар дамушы нарықтардағы корпоративтік облигациялар мен еурооблигациялардың үлесі артқан.
Әлия Молдабекова алдағы уақытта ұлттық валютаға әсер ететін факторларға қатысты мынадай жорамал айтады.
«Коронавирустың дельта штаммының таралуы негізгі тәуекел факторы болып табылады және экономикалық өсу қарқыны бойынша болжамдарды қайта бағалауға әкелуі мүмкін. Қазірдің өзінде біз коронавирустың «дельта толқыны» аясында қаржы нарықтарының түзетілуін байқап отырмыз. Бірінші кезекте, бұл дамушы нарықтарға қатысты. Биыл 27 шілдеде ХВҚ әлемдік ІЖӨ болжамын қайта қарап, оны 2021 жылы 6% деңгейінде сақтап қалды. Бірақ осы қайта қарау шеңберінде дамыған елдерде өсу 5,6%-ға дейін артып, дамушы елдер бойынша болжам 6,3%-ға дейін төмендеді. Ұлттық Банктің жуырдағы базалық мөлшерлемені арттыру туралы шешімі халықаралық инвесторлар үшін теңгедегі активтердің тартымдылығын қолдайды, олардың әкелінуі жыл басынан бері 392 млрд теңгені құрады» деді Әлия Молдабекова.
Ол сондай-ақ 11 тамызда Moody’s халықаралық рейтингтік агенттігінің Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «Ваа3» деңгейінен тұрақты болжаммен «Ваа2» деңгейіне дейін арттыруы ішкі валюта нарығы үшін маңызды оң оқиға болып табылатынын да атап өтті.