Қазақстандықтар заң жобаларын талқылауға ынталы ма?
Қазақстандықтардың ашық талқылауға шығарылған заң жобаларна өз ұсыныс-пікірін білдіру индексі 39 ұпайды құраған. Қазіргі кезде халықтың нормативтік-құқықтық актілер жобасын талқылауында оң динамика байқалғанымен, осы жобаларды әзірлеуші мемлекеттік органдар тарапынан орнатылатын коммуникация сапасы төмен.
Transparency Kazakhstan сарапшылары «Ашық НҚА» порталында заң жобаларын жария талқылау процесін зерттеген. Мемлекеттік органдар кез келген заң жобасын «Ашық НҚА» порталында ашық талқылауға шығаруға міндетті.
Transparency Kazakhstan сарапшылары заң жобалау қызметіне қатысу және ықпал ету индексін анықтапты. Сарапшылар аталмыш индексті құру үшін, 11 956 НҚА жобасын, азаматтар жазған 14 406 пікір мен жобаны әзірлеуші мемлекеттік органдар берген 13 699 жауапты талдап, жобалардың мазмұнын қабылданған нормативтік актілермен салыстырған.
Бағдар ретінде Қазақстан үкіметінің 2020 жылға арналған заң жобалау жоспары пайдаланылған, соған сәйкес, еліміздегі 10 министрлік 22 заң қабылдауға міндеттелген.
2020 жылы заң жобалау жоспарында қарастырылған 22 заңнан бөлек, 11 959 НҚА жобасы қоғамдық талқылауға ұсынылған.
Атап айтқанда:
1. Салық және қаржы саласында – 1 837 НҚА жобасы;
2. Әлеуметтік қамсыздандыру – 2 071 НҚА жобасы;
3. Табиғи ресурстар және экология – 908 НҚА жобасы;
4. Туризм және спорт – 108 НҚА жобасы;
5. Экономика, экономикалық қызмет – 5 677 НҚА жобасы;
6. Мәдениет, дін, БАҚ – 561 НҚА жобасы;
7. Әскери есеп және қауіпсіздік – 367 НҚА жобасы;
8. Өнеркәсіп – 376 НҚА жобасы,
9. Лицензия және аккредитациялау саласында – 60 НҚА жобасы.
Жалпы жария талқылауға 2020 жылы жоғарыда көрсетілген 11 589 НҚА жобасын есепке алғанда, жария талқылауға 13 906 жоба жарияланды.
Олардың басым көпшілігін әкімдіктер мен мәслихаттар әзірлеген. лар орталық орган заң немесе бұйрық қабылданғаннан кейін, өз деңгейінде тиісті шешім мен қаулы бекітуге міндетті.
Ең көп жобаны денсаулық сақтау (554 НҚА жобасы), индустрия және инфрақұрылымдық даму (431 НҚА жобасы), білім және ғылым (336 НҚА жобасы), қаржы (366 НҚА жобасы) министрліктері ұсынған.
Өңірлік арақатынаста НҚА жобаларының басым бөлігін Ақмола (1 080), Ақтөбе (1 504), Шығыс Қазақстан (1 936), Батыс Қазақстан (933), Қостанай (1 811), Қызылорда (1 075), Солтүстік Қазақстан (1 313) облысының әкімдіктері әзірлепті.
Заң жобалары негізінен экономика, әлеуметтік қамсыздандыру, салық және қаржы, табиғи ресурстар және экология мәселелеріне қатысты болған. Соның ішіне әлеуметтік қамсыздандыру саласына қатысты жобалар жақсы талқыланған – 63,5 ұпай. Одан бөлек, экономика – 46,7 ұпай, әскери есеп және қауіпсіздік – 37,6 ұпай, мәдениет, дін, БАҚ – 36 ұпай және өнеркәсіп салаларына қатысты жобаларды талқылау 36 ұпай алған.
2020 жылы заң жобаларын талқылауға қатысу индексі 38,9 ұпайды құраған. 2018 жылғы зерттеу нәтижесімен салыстырғанда азаматтардың заң жобасын жария талқылауға тартылуы 9,3 ұпайға (29,6 ұпай – 2018) өскені байқалады.
«Қоғамдық тыңдау мен талқылауға қатысушылар саны бойынша оң динамика байқалады. Мәселен, егер екі жыл бұрын НҚА жобаларының 95%-ын бір адам түсіндірсе, 2020 жылы талқыға қатысушылар саны 500-ден асты» дейді мамандар.
Алайда заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік органдар тарапынан диалог жүргізу және халықтың ескерту-ұсыныстарын қабылдау дайындығы төмен болған.
Заң жобасы мен нормативтік актілерге қатысты айтылған ұсыныс-пікір мен оған берілген жауап саны бірдей-ақ болғанымен, мемлекеттік органдардың берген жауабы, түсініктемесі мен қарсы уәжінің сапасы төмен. Мамандар мемлекеттік мекемелердің дұрыс жауап беруге әзірлігі нашар екенін атап өтеді.
«2018 жылғы зерттеу нәтижесімен салыстырсақ, мемлекеттік органдар тарапынан техникалық және дұрыс емес жауап санының өскенін атап өтуге болады» дейді мамандар.
Мемлекеттік органдар ең көп берген жауаптар:
• Есепке алынады немесе есепке алынды;
• Мәні жоқ жауап;
• Жауаптар сұрақтарға сәйкес келмейді,
• Ұсыныс ескеріледі немесе қарастырылады.
Сонымен қатар сарапшылар заң жобасы мен НҚА-да жіберілетін түрлі қатенің саны азаймай тұрғанын атап өтеді. Айталық, заң әзірлеуші орган жіберген түрлі грамматикалық, стилистикалық және құқықтық қатеге байланысты кейбір НҚА порталға 6-8 рет жарияланса, кейбір жобалар 15-45 рет жарияланған.
Мемлекеттік органдар тарапынан НҚА жобаларын көпшілік талқылауына тарту 13,8 ұпайға (2018 жылы – 75,8 ұпай) төмендегені байқалады. Биліктің қоғамдық талқылаулар аясындағы ұсыныстарды талқылауға дайындық индексі 2020 жылы 62 ұпайды құраған.
TransparencyKazakhstan сарапшылары азаматтардың ұсыныстары нормативтік актілердің қорытынды нұсқасында қаншалықты ескерілгенін анықтау үшін, 5225 жоба әзірлеуші мемлекеттік органдардың 14 406 түсініктемесі мен 13 699 жауабын салыстырған. Содан кейін НҚА жобаларын мақұлданған ұсыныс пен қабылданған нормативтік актілермен салыстырыпты. Нәтижесінде мемлекеттік органдар ұсыныс-ескертулердің 54,8%-ын мақұлдағаны анықталған.
Заң шығару процесіне азаматтық ықпал ету индексі 2020 жылы 23,9 ұпайды құраған. 2018 жылғы зерттеу нәтижесімен салыстырғанда жария талқылауларға қатысушылардың пікірін ескеру 15 ұпайға (38,9 ұпай – 2018) төмендегені байқалады.
«Пандемия кезінде шығарылған заң саны артпаса, кемімеді. Мемлекеттік органдардың жария талқылауға қатысушылар сын-ескертпесін елемеуі біршама азайғанымен, сапалық тұрғыда алсақ, меморган беретін жауаптар еш ықылассыз немесе мүлем дұрыс берілмегенін байқаймыз» деп тұжырымдайды Transparency Kazakhstan атқарушы директоры О. Шиян.