Бос жұмыс орындарын қайдан, қалай тапса болады?

Жарияланды
Еңбек мәселелері – ең бірінші мәселе болып тұр

Қазіргі уақытта еңбек құқығы, жұмыспен қамту мәселелері алдыңғы қатарға шыққан, өзекті түйткілдерге айналып барады. Үкіметтің түрлі жобаларды қолға алғанына қарамастан проблемалар керісінше шиеленісіп бара жатқандай. Сарапшылардың айтуынша, бұрын формальды білім беру шеңберінде алынған білім біліктілікті арттырмай 10 жылға жететін, бүгінде көптеген мамандықтар бойынша дағдылардың өзектілігі тек 2 жыл сақталады. Бұл да ойланатын жайт. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасовтың айтуынша, осы орайда министрлік Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. 

«ҰБЖ үш негізгі сұраққа жауап береді: «Заманауи мамандар нені білуі және істей алуы керек? Бұл үшін оларды не және қалай оқыту керек? Олардың біліктілігін қалай тануға және беруге болады?». Ұлттық біліктілік шеңбері түріндегі негіз қаланды, ол біліктіліктің 8 деңгейінен тұрады және маман қандай деңгейде, қандай жалпы кәсіптік құзіреттерге және білім деңгейіне ие болуға тиіс екенін айқындайды; орындалатын жұмыстардың күрделілігіне және пайдаланылатын құзіреттердің сипатына қарай деңгейлер бойынша нақты саладағы маманның біліктілігіне қойылатын талаптарды жіктейтін 36 салалық біліктілік шеңбері жаңартылды; қаржы секторын, жеңіл және химия өнеркәсібін, экология саласын қоса алғанда, 7 сала бойынша жұмыс әлі де жалғасуда; 600-ге жуық кәсіби стандарттар бекітілді, олар нақты мамандық пен лауазым аясында қызметкерге қандай дағдылар мен білім қажет екенін нақты түсінуге мүмкіндік береді» деп түсіндірді ведомство өкілі.

Оның сөзінше, 2025 жылға қарай кәсіптік стандарттар экономикалық қызмет түрлерінің кіші сыныптарының 70 пайызын қамтымақ. 

«Бекітілген кәсіптік стандарттар 2689 мамандықты және бүкіл ел бойынша экономикалық қызмет түрлерінің кіші кластарынан 27%-ын қамтиды. Салалар бөлінісінде кәсіптік стандарттармен ең көп қамту құрылыс (94,4%), ауыл шаруашылығы (78%), ақпарат және байланыс (57,9%) салаларында байқалады. «Атамекен» ҰКП және жұмыс берушілер бірлестігімен кәсіби стандарттар әлі қамтылмаған салалар бойынша шаралар жүргізіп жатырмыз» деді Ақмәди Сарбасов.  

Спикердің айтуынша, мамандардың біліктілігін тәуелсіз сертификаттауды «Атамекен» ҰКП 38 сертификаттау орталығы жүзеге асырады. Олар мамандарды реттелмейтін мамандықтар бойынша бағалайды.

Өз кезегінде халықты жұмыспен қамту орталықтарының жұмысы да жетілдірілмек. «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті Дәулет Арғандықовтың айтуынша, аталған орталықтың қызметін жаңғырту және қызмет көрсету тетіктерін жетілдіру, оның ішінде электрондық форматқа көшіру бойынша жұмыстар қолға алынған. 

Оның айтуынша, елімізде 203 жұмыспен қамту орталығы қызмет көрсетеді. Ағымдағы жылы 175 мың адам жұмысқа орналастырылды, 30 мыңнан астам адам жұмысынан айырылу бойынша төлем алады. 16 мыңы – жұмыс тәжірибесі жоқ жастар, олар жастар практикасына жіберілді, тағы 16 мыңы – мүгедектігі бар, көп балалы адамдар үшін әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді, ал біліктілігі төмен қызметкерлер негізінен қоғамдық жұмыстарға жіберіледі, биыл 110 мыңы жұмыспен қамтылған, 14 мыңы – қысқа мерзімді курстарға жіберілмек. 

«Аталған жұмысты жаңғырту бойынша жұмыстар үнемі жүргізіледі. Жұмыспен қамту орталықтарында көп арналы жүйе енгізілген: бүгінде келудің қажеті жоқ, өзара іс-қимылды электрондық еңбек биржасы, eGov, телефон арқылы жүзеге асыруға болады. Бұл тек жеке тұлғаларға ғана емес, сонымен қатар жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерге де қатысты. Өткен жылдың қараша айынан бастап онлайн форматта, бұл цифрлық жұмыспен қамту орталықтарына көшу бойынша жасалған  алғашқы қадам, жұмыссыздарды тіркеуге байланысты 5 қызмет, жұмысынан айырылу бойынша төлемге өтінім беру мәселелері және субсидияланатын жұмыс орындарының үш түрі ауыстырылды. Жыл соңына дейін «Ұрпақтар келісімшарты» және «Алғашқы жұмыс орны» жаңа шараларын онлайн форматқа көшіру жоспарлануда. Келесі жылы бұл жұмыс қашықтан кеңес беру форматына көшу тұрғысынан күшейтілетін болады» деді барлық жұмыспен қамту орталықтарының басшысы.

ХЖҚО жұмысын жетілдірудің келесі кезеңі – қызмет көрсетуді қашықтан форматқа көшіру. Ең алдымен, бұл сұранысқа ие қызметке қатысты – бейне байланыс құралдарын пайдалана отырып, нақты уақытта мәселелердің кең спектрі бойынша ізденушілер мен жұмыс берушілерге консультациялар беру. Бұл жұмыс 2022 жылы жүргізіледі деп жоспарлануда. 

Шалғайдағы ауылдық елді мекендерде немесе интернетке шығу проблемалары бар адамдар үшін халықты көбірек қамтуды және қызметтерге қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін мобильді (жылжымалы) жұмыспен қамту орталықтарын құру жоспарлануда.

Сондай-ақ  Дәулет Арғандықов жыл сайын 400 мыңнан астам қазақстандық электрондық еңбек биржасында жұмыс табатынын айтты. Қазір елімізде жұмыс және кандидаттар іздеуге арналған барлық жұмыспен қамту орталықтары, 44 жеке жұмыспен қамту агенттіктері және жұмыс іздеу бойынша 5 интернет-алаң жұмыс істейді. 

Оның айтуынша, жыл сайын электронды еңбек биржасында жұмыс берушілер шамамен 800 мың бос жұмыс орнын, ал жұмыс іздеушілер 600 мың түйіндеме орналастырады, ал биржа арқылы 400 мыңнан астам азамат жұмыс табады. 

«Дағдылар банкі» енгізілді.  Жұмыс берушілерді мамандықтың болуы емес, нақты дағдылардың болуы қызықтырады: адам не істей алады. Яғни, ол білім беру жүйесін тереңірек іздеуге және бағдарлауға қызмет етеді.  Біз қандай дағдылар талап етілетінін анықтаймыз, тиісінше, нарықта қандай дағдылар қажет екенін айтамыз, online курстар қалыптастырамыз, білім беру жүйесін бағдарлаймыз. Сондай-ақ, 1 наурыздан бастап электронды еңбек биржасы қайта жасалды. Еңбек нарығына бейімделген жаңа анықтамалықтар, жіктеуіштер енгізілді. Жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейту үшін «Самұрық – Қазына»  компаниялар тобымен интеграцияны жоспарлап отырмыз» деді Арғандықов.
 

Сондай-ақ оқыңыз