Приморский каналында балықтар қырылып жатыр

Жарияланды
Жайық өзеніне өлі балықтар  ағып келген 

Теңіз арқылы Жайық өзеніне қарай  Приморский каналына өлген балықтар ағылып келді. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметі Сәкен Ділдахмет мәлімдеді.

Ағылып келген балықтардың ішінде ірі ақтабан және жетілген торта балықтары анықталды. Лабораториялық зерттеулер үшін бірнеше жерден судың сынамасы алынды.

Экспресс-талдау әдісі арқылы судағы оттегінің концентрациясы анықталды: Жайық өзенінде 9,7 мг/л, Жайық өзені мен Приморский каналының тоғысатын жерінде 3,5 мг/л және Приморский каналының ортасында 1,5 мг/л.
Жайық өзеніне ағып келген өлі балықтың көбісі қайта тіріліп, суда жүзіп кетті. Өлген балықтар жиналып, қазіргі таңда көлемі анықталуда.

Өлген балықтардың сынамалары алынып, балықтардың қырылуын анықтау үшін ветеринарлық инспекцияға зерттеуге жолданды. Қырылған балықтар анықталған жерде ақтабан және торта балықтарының бірнеше данасы алынып, ішек-құрылысы зерттелді. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, торта балығының көбісі уылдырық шашу кезеңінен кейін, ал ақтабан балықтары жыныстық жетілудің 4 сатысында болып шықты.

Балықтардың қырылу себебі лабораториялық зерттеулердің қорытындысынан кейін белгілі болады.
 

Сондай-ақ оқыңыз