Кредитті кейінге шегергеннің зияны қандай?

Жарияланды
«Жеті рет өлшеп, бір рет кесудің» бұған қатысы қанша?

Есіңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы пандемия басталған кезде банктерге кредит бойынша шегерім сұрағандарға рұқсат беруді тапсырған еді. Дереу шын мұқтажы бар, алты ай «демалыс» алайын деп көштен қалмай алғандар бар, несиелерін уақытша «қатырып» қойды. Бірақ оның салдарын ойлап жатқандар аз. Тіпті кесірі тиіп, «Құдай-ау, қайда сол кездер» деп бұрынғы төлем сомасын аңсап жүргендер көп. Ендеше іскерлік жаңалықтар жазылатын порталымыздан пайдалы ақпаратты қабыл алғайсыз! Қаржылық сауатыңызды ашамыз. 

     Ауызекі тілде несие бойынша шегерім алуды «кредиттік каникул» деп атайды. Ал демалыс десе, көз алдыңызға тоқсан күн жаз, уайым-қайғысыз шат-шадыман шақ елестейтін болса керек. Сабаққа барудың, тапсырма орындап, сөмке арқалаудың қажеті жоқ. Иә, жазғы демалыстың жақсы тұсы сол. Ал кредиттік демалысты әсте мұндай жағымды деуге келе қоймас. Себебі арқаны кеңге салып, аяқты көтеріп қойып жататын уақыт емес. Шегерім алған мерзім үшін «көтере алмаған қосып арқалайды» демекші, жүктемеңіз арта түседі. 

Кредиттік шегерімнің механизмі былай қарағанда оп-оңай сияқты: банкке төлей алмай жатқаныңызды айтып бір ауыз ескертесіз, олар құжаттарыңызды қарап, шешім қабылдайды. Егер төлемді бірнеше айға кейінге шегеруге рұқсат берсе, сол мерзімді тоқтатып қояды. Одан кейін, айталық, алты айға алған болсаңыз, арада жарты жыл өткен соң жаңа кесте алып, төлеуді жалғастыра бересіз. Тіпті жақсы емес пе? Іздегенге — сұраған. Ендеше, кредитімді уақытша «мұздата тұрайын» деп ойлауыңыз әбден мүмкін. Десек те, банкке қатысты қандай да бір шешім қабылдағанда жақсылап ойлану керек. Осы ретте не нәрсге мән беру керегіне тоқталайық. 

Төлемді кешіктірген болып шығуыңыз мүмкін

Ең алдымен, банктің сізге нақты рұқсат бергенін растап алуыңыз керек. Яғни «бастысы, ескерттім» деп қолды қалтаға салып жүре алмайсыз. Өтінім бергеннен кейін банк міндетті түрде сізге хабарлама жібереді. Карантин кезінде рұқсат алу оңай болғанымен, жай күні шегерімге банк келісе бермейді. Тіпті тапсыратын құжаттар тізімі де ұзын-сонар. Ең басты шарты сол — табысыңыздың төмендеп, күн көрістің расында ауырлағанын дәлелдеу. Банк сіз тапсырған құжаттарды қарастыра келе, белгілі бір шешім қабылдайды. Сонымен бірге банктің құжаттарды қарастырып жатқан кезінде каникулда жүрген боп есептелсеңіз де, нәтижесінде сізге шегерім жасалмайтын болып шықса, алдыңғы кесте қайта оралып, төлем жасамаған күндер «жарқырап» мерзімі кешіккен боп шыға келеді.  

Кредит тарихын бұзбаса да, көрініп тұрады

Мерзімін кешіктіріп, банк менеджерлерінің қоңырауынан қашып, коллекторлардың «қаһарына» ұшырамас үшін шегерім алу да — бір тәсіл. Әрі кей адамдар кредит тарихын бұзбайды дегенге еш жерде көрінбейді, шегерім жасағаным білінбейді деп ойлайтын болса керек. Аты айтып тұрғандай, кредит тарихы әр үтір-нүктені тізеді. Тіпті кейбір банктер сізге кредит берерде бұған мән беріп қалуы да ғажап емес. Яғни «бұл адам шегерім жасапты, демек кейін төлей алмауы қалуы мүмкін екен» деген ой түюі мүмкін. Сондықтан аса үлкен қажеттілік болмаса, бұрынғыша кредитіңізді бірінші кезекте төлеп, қалған шығынды сол өтелгеніне қарай есептеген дұрысырақ. 

Бұрынғыдан да көбірек не ұзағырақ төлейсіз

     Тектен-тек, тегіннен тегін ешкім сізді жарылқай қоймайды. Осыны ұғып алу керек. Шегерім — кредитті кешіру емес. «Жегенді желкеден шығарып жатса да» таңғалуға болмайды. Мысалы шегерім жасаған кезде сізді екі жол тұрады: не ай сайынғы төлем сомасын бұрынғыдай көлемде қалдырып, мерзімін ұзарту, болмаса мерзімін созбай, сол шегерім жасаған айлардағы төлемді қалған мерзімге бөліп, ай сайынғы төлем сомасын көбейту. Енді мынаны білу керек. Төлем сомасы өссе, онсыз да бір айдан келесі айға дейін жығылып жетіп, несие төлемге шамасы келмей жүрген адамға жүктеме тіпті көбейеді. Айталық, шегерімге дейін 20 мың теңге төлесе, жарты жылдық демалыстан соң 30 мың теңге болып шығуы мүмкін. Әрине, бұл ретте кредиттің пайыздық мөлшерлемесі, мерзімі әркімде жеке-жеке. Сондықтан есептетіп алуды ұмытпағайсыз. Ал енді жүктемені көбейтпес үшін мерзімді создыратын болсаңыз, мұнда да ұтатыныңыз шамалы. Өйткені кредиттің жүйесі сондай — неғұрлым ұзақ төлеген сайын, соғұрлым пайыз да өсе береді.  

Кредиторлар ұсынысы қандай болады?    

 Жалпы алғанда шегерімнің жағымды тұсы кредит тарихын бұзбайтынын жоғарыда атап өттік. Төлемді кешіктіргеніңіз үшін «жаман» клиент атанбайсыз. Әр банктің заңы әр түрлі. Сондықтан шегерім шарттары да түрліше. Кредиторлар сізге не ұсынуы мүмкін?

•    Кредит мерзімін ұзартуы мүмкін. Айталық үш айда халіңізді түзеп алатын болып, шегерімді сонша уақытқа созсаңыз, төлем кестеңіз қайта қаралып, уақыты сәйкесінше үш айға ұзарады. Бірақ төлем көлемі сол күйі қалады;
•    Белгілі бір мерзімге пайыздық мөлшерлемені төмендетуі мүмкін;
•    Негізгі қарызды кейінге шегеруді немесе үстінде қосылатын пайыздық сыйақыны ғана төлеуді ұсынуы мүмкін. Яғни сіз не негізгі қарызды ғана төлеп отырасыз, не пайызды өтейсіз. Бұл жағдайда ай сайын қалай болған күннің өзінде қандай да бір соманы төлейтініңізді ескеріңіз;  
•    Төлем кестесін өзгертуі де мүмкін. Егер шегерімді осылай жасайтын болса, онда төлемді жалақы алатын уақытыңызға қарай ыңғайластырып береді;
•    «басты ауыртқан» кредиттен құтылу үшін пайыздық мөлшерлемесі төмендеу кредит беруі мүмкін. 

    Бұлардың қай-қайсын алу үшін де тиісті құжат сұралады. Яғни ресми түрде растау қажет. Кредит тарихы нашар, келісім-шарт талаптарын жиі бұзатындар, кей қылықтарымен алаяққа ұқсағандар, өз еркімен жұмыстан кеткендерге банк шегерім жасамайды. Әбден тығыраққа тіреліп, төлеуге мүлдем мүмкіндік болған жағдайда ғана бұл қадамға барған дұрыс. Өйткені қай жағдайда болсын банк қарызын қайтарып алады, есесін шығарады, еш ұтылмайды. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» дегенді шегерімге қатысты да қолдануға болатын сияқты. «Аттандап» шауып, бармақ тістеп қалмас үшін қаржылық сауатыңызды арттырып тұрған жөн. Ол үшін сайтымыздағы мұндай кеңестерді мұқият оқып жүргеніңіз өзіңізге пайдалы. 
 

Сондай-ақ оқыңыз