Қазақстандықтардың автокөліктің қай түрін ұнататыны белгілі болды. Карантинге қарамастан ел азаматтары көлік сатып алуды тоқтатпаған
Биылғы пандемия көп салаға залалын тигізгені рас. Алайда қазақстандықтардың көлік сатып алу қабілеті кеми қоймаған сияқты. Мұны сарапшылар пікірі және ресми статистика растап отыр.
Қазақстан автобизнес қауымдастығының мәліметі бойынша, қыркүйек айында елімізде 10 940 автомобиль сатылған. Жалпы, қаңтар-қыркүйек айлары аралығында қазақстандықтар 63 408 жеңіл көлік пен коммерциялық техника сатып алған.
«Қазақстандық автонарық тамыз айындағы қарқынын сақтап қалды. Қыркүйекте экспортты қоса есептегенде дилерлер 9804 жеңіл көлік пен жеңіл коммерциялық техника және 1136 жүк көліктері мен автобустарды сатқан. Оның 798-і Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан елдеріне экспортталды. Бұл 2019 жылдың қыркүйегімен салыстырғанда 65 пайызға жоғары көрсеткіш» делінген қауымдастық хабарламасында.
«Мамандардың есептеуінше, Қазақстан биылғы жылды позитивті нотада аяқтай алады. Алдын ала болжам бойынша еліміз 2020 жылы 90 мыңнан астам көлік саудасын рәсімдеуі мүмкін. Оның 60 мыңы отандық өндірістен шыққан техникалар».- дейді қауымдастық вице-президенті Анар Мақашева.
Енді қазақстандықтар мейлінше көп сатып алған көліктер тізіміне келейік. 2019 жылмен салыстырғанда Chevrolet (710%) және Ravon (268%) көліктерінің сатылымы біршама өскен. Қазақстандықтар 1538 көліктің 1353-ін сатып алған. Одан кейін 2137 бірлікпен Lada және Hyundai көліктері тұр.
Корей көлігінің 1782-сі қазақстандық есепке қойылған. Үздік үштіктен кейінгі көліктер жағдайы мынадай:
Қазақстандықтар:
1087 Toyota;
619 Ravon;
323 JAC;
407 Kia;
342 Volkswagen;
282 Nissan;
251 Renault сатып алған.
Сондай-ақ, ел азаматтары Chevrolet Cobalt (880), Hyundai Tucson (615), Toyota Camry (567), HyundaiAccent (425), Lada Vesta (407), Hyundai Creta (317), Hyundai Santa Fe (272) көліктерін де қолайлы санап, рәсімдеген.
Қазақстанның автомобиль өнеркәсібі кәсіпорындарының одағы «ҚазАвтоПром» дерегіне сүйенсек, Қазақстан азаматтары 2020 жылдың сегіз айында жаңа жеңіл көлік сатып алу үшін 468 млрд теңге жұмсаған. Бұл былтырмен салыстырғанда 15,7 пайызға жоғары екен.
«Елдегі тұрақсыз экономикалық ахуалға қарамастан азаматтардың жаңа автокөліктерге деген сұранысы өте жоғары болып отыр. Шілде айымен салыстырғанда тамызда сатылым 28,6 пайызға өскен. Ал былтыр тамыз айында азаматтар 6 мыңнан астам көлікті сатып алса, биыл тамызда сатып алынған жаңа көліктер саны 10 мыңға таяу. Өткен айда қазақстандықтар жаңа көлік алу үшін 84,8 млрд теңге жұмсады. Бұл соңғы 5 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Нарықтың ендігі динамикасы дилерлерге байланысты болмақ. Олар қоғам сұранысын қаншалықты деңгейде қанағаттандыра алады, жағдай соған байланысты»,-дейді «ҚазАвтоПром» стратегиялық жоспарлау директоры Артур Мискарян.
«ҚазАвтоПром» мәліметі бойынша, қазақстандықтар сатып алған жаңа жеңіл көліктердің орташа бағасы 9,9 миллион теңгені құрайды. Қазақстанда құрастырылған жеңіл көліктердің орташа бағасы 7,6 млн теңге деңгейінде. 5 миллионға дейінгі және одан жоғары бағадағы көліктер – Lada, Ravon Nexia, Ravon R4, Lada Largus, Lada Vesta, Renault Logan, UAZ 3741, Lada XRAY, UAZ 3909 маркалары болса,
BMW X5;
Audi Q8;
Porsche Panamera;
BMW X6;
BMW X7;
Lexus LX;
BMW 8 серия;
Porsche Cayenne;
Genesis G90 ;
Mercedes-Benz G-класс көліктері 36,5 – 110 млн теңге аралығында бағаланады.
Жаңа жеңіл көліктерді сатып алу бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр. Оңтүстік астана тұрғындары 12 864 жаңа машина мінген. Екінші және үшінші орындарда Нұр-Сұлтан (6573) мен Шымкент (5175) орналасқан. Одан кейінгі ретте Қарағанды (3456), Қостанай (3254), Атырау (2346), Өскемен (2345), Орал (2202), Павлодар (2095) және Ақтау (1758) қалалары тұр.
Мамандар мынадай қызық дерек келтіреді. Ол отандық нарықтағы дәл қазіргі жеңіл көліктердің «қартайып» бара жатқандығы. Жеңіл көліктердің орташа жасы 17-ден асып кеткен. 2020 жылдың қаңтар-тамыз айларында шыққанына 20 жылдан асып кеткен екінші деңгейлі 250 мыңнан астам көлік тіркелген. «ҚазАвтоПром» мәліметінше, биыл сегіз айда қайта есепке қойылған көліктер саны 620,7 мыңға жеткен және бұл 2019 жылдың осы айымен салыстырғанда 23,5 пайызға төмен. Қазақстандықтардың ерекше сұранысына ие екінші деңгейлі көліктер – Toyota, LADA, Volkswagen, Mercedes-Benz, Audi, Mitsubishi, Nissan, Hyundai, Daewoo/Ravon және GAZ маркалары.
Қазақстандықтардың көлікке деген таңдауы да жыл санап өзгеріп жатыр. Жаңа көлікке ақшасын аямайтын ел тұрғындарының мейлінше жаңа марка мен моделдегі көліктерді иеленгісі келетіні байқалады. Мәселен, 2013 жылы қазақстандықтар жалпы саны 165 мыңнан астам жаңа көлік сатып алса, соның ішінде Lada Largus, Hyundai Accent, Daewoo Matiz, Toyota Avensis, Nissan Qashqai, Skoda, GEELY маркалы көліктерге басымдық берген. Ал арада 7 жыл өткенде, жоғарыдағы дерекке қарай отыра бұл көліктерді сұраныста деп айта алмаймыз.