Шағын бизнестегі үлкен дағдарыс. Шағын кәсіп иелерінің бестен бір бөлігі өз ісін уақытша тоқтатқан

Жарияланды
Жұмысы жүріп тұрған бизнестің де қатары 0,1 пайызға азайған

Қазақстанда жұмысын уақытша тоқтатқан шағын кәсіпкерлердің саны бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 19 пайызға өскен, деп жазады finprom.kz. 

Жұмысы жүріп тұрған бизнестің де қатары 0,1 пайызға азайған. Ал Қаржы министрлігі болса, микро және шағын бизнесті тексеруге жарияланған мораторийдің күшін жою мәселесін көтеріп отыр.

2 қыркүйекте өткен Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мемлекеттік бюджет кірісін арттыру үшін, 2020 жылғы 1 қаңтардан 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін микро және шағын кәсіпкерлікті тексеруге  жарияланған мораторийді алып тастауды сұрады. Ал бұл мараторий мемлекет басшысының тапсырмасымен жарияланған болатын.

Министрдің дәл осы ұсынысы коронодағдарыс кезінде шағын және орта бизнес үшін жығылғанға жұдырық болмақ. Шағын бизнесті тексеруге мараторий жариялау, оларды мемлекеттік қолдау – пандемияға дейін қолға алынған шаруа еді. 

 «Биыл тамыздағы есеп бойынша, Қазақстанда 335 мың шағын кәсіпорын жұмыс істеп тұр.  2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 6,8% артық. Алайда елдегі шағын компаниялар арасында белсенді жұмыс істеп тұрғаны  бар-жоғы  –  49% немесе 164,1 мың. Ал 35,8% немесе 120 мыңы белсенділігін жоғалтқан. Яғни олардың қатары бір жылда 19,2 пайызға көбейген. Жұмыс істеп тұрған шағын компаниялардың тағы 15,2% немесе 50,9 мыңы –  әлі белсенді қызметін бастамаған жаңа кәсіпорындар» дейді сарапшылар. 

Жұмыс істеп тұрған шағын кәсіпорындардың жартысына жуығы мегаполистерде: Алматы (84,1 мың) және Нұр-Сұлтан (59,5 мың), сондай-ақ Қарағанды облысында (22,6 мың) орналасқан. Қызылорда (8,1 мың) Солтүстік Қазақстан (8,3 мың) мен Батыс Қазақстанда (8,3 мың) белсенді жұмыс істеп тұрған компаниялар саны аз. 

Сала бойынша алып қарастырса, сауда-саттық пен автомобиль жөндеу саласында жұмыс істейтін шағын кәсіпкерлердің қатары көп. Одан кейінгі орында  құрылыс (44,6 мың), кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет (23,1 мың) салалары келеді. 

Жеке кәсіпкерлердің біршамасы ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы (243,8 мың), сондай-ақ көлік және қоймалау (64,8 мың) саласында тіркелген.

Сондай-ақ оқыңыз