«QazVac» – отандық ғылымның жеңісі. Елімізде жас ғалымдарға қандай мүмкіндіктер жасалмақ?

Жарияланды
Алдағы уақытта елдегі ғалымдар санын 1,5 есе артады

Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен сәуір айында елімізде жас ғалымдар кеңесі құрылған еді. Оған 24 жас ғалым кіреді және ғылымның түрлі салаларының мамандары қамтылған. 

Кеңес төрағасы Еламан Айболдинов кеңестің мемлекеттік органдармен бірлесіп атқаратын жұмыстарына қатысты былай дейді: 

«Жас ғалымдар кеңесі министрліктің қос комитетімен қоян-қолтық жұмыс атқарып жатыр. Ғылым комитетінде болып жатқан өзгерістер, заңнамалық өзгерістер, конкурсқа дайындалу, конкурстық құжаттамаларды жасау, әзірлеу сияқты жұмыстармен айналысады. Мемлекет басшысының жолдауындағы грант мерзімін 3 жылдан 5 жылға дейін арттыру туралы шешімін жас ғалымдар да үлкен құлшыныспен қарсы алды. Бұл жас ғалымдарды ғылымға тарту, экономиканы дамытуға өз үлестерін қосуына үлкен қолдау болды. Екінші комитет – білім саласындағы Бақылау комитеті. Әрқашан да диссертациялық кеңестер, ғылыми дәреже мен ғылыми атақ алу бойынша жас ғалымдар өз ұсыныстарын білдіріп отырады. Жастар өте белсенді. Әрдайым өз ұсыныстарын айтып жатады». 

Оның айтуынша, қос комитет жас ғалымдардың ұсыныстарын қабылдап, қоян-қолтық жұмыс атқарып, жас буынды өз жұмыстарына тартуда.

Алдағы уақытта елдегі ғалымдар санын 1,5 есе арттырып, 34 мыңға дейін жеткізу көзделген. Ұлттық жоба аясында 2025 жылы осы мақсатқа қол жеткізілмек. 2020-2021 жылдары ғылымды қаржыландыру көлемі 2 есеге ұлғайған. Биыл қаржыландырудың жалпы көлемі 83 млрд теңгеден асады екен. Соның арқасында былтыр ғылым комитеті 5 грант және 2 бағдарламалық конкурс жариялады. Қазіргі таңда Қазақстан бойынша 1164 жоба қаржыландырылып жатыр. 

Ғылым комитетінің төрайымы Жанна Құрманғалиеваның айтуынша, Елбасы тапсырмасы бойынша екі мәрте жас ғалымдарға арналған конкурстар өткізіліпті. Олардың аясында 315 ғылыми жоба іске асырылып, 40 жасқа дейінгі 2000-нан астам жас ғалым қызмет етуде. 

«Ғылымда қалатын жастарға әрдайым жұмыс орны табылады. Оған не кепіл? Біріншіден, президент былтырғы жолдауында жыл сайын жас ғалымдарға кемінде 1000 грант бөлуді тапсырған болатын. Жақын арада конкурс жарияланады. Жыл сайын постдокторантураға PhD қорғап шыққан жас ғалымдарға үш жылдық гранттар бөлінеді. Ол гранттардың сомасы үш жылға 24 млн теңгені құрайды. Жас ғалымға кемінде мың доллардай стипендия төленеді, қалғаны ғалымға жетекшілік ететін ғылыми ұйымға тиесілі болады. Бұл ретте екі шарт бар: жас ғалымның сол институтта немесе ЖОО-да жетекшісі және шетелде мықты, тәжірибелі ғылыми консультанты болуы керек. Сондай-ақ, ғылымда қалуға талпынысы, жоспары, іске асыратын ғылыми идеясы болуы керек» деді Құрманғалиева. 

Бұл ретте комитет төрайымы соңғы жылдары жас ғалымдарға көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың артқанын атап өтті.  

«Бүгінгі таңда іске асырылып отырған 315 жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі үш жылға 17,8 млрд теңгені құрайды. Бұл конкурстар жыл сайын өткізіледі. Жас ғалымдар болашағына, ғылыми әлеуетіне сенетін болса, кемінде 500 ғалым жыл сайын ғылыми әлемнің ең мықты ғылыми институттарында ғылыми тағылымдамадан өте алады. Конкурс 28 қазанға дейін өтеді. «Болашақ» бағдарламасы арқылы кез келген ғалым, жас шектеуі жоқ, шетелде тағылымдамадан өте алады» деді спикер жас ғалымдарды осы мүмкіндікті пайдалауға шақыра отырып.

Қазір жаппай қолданысқа енгізілген COVID-19-ға қарсы «QazVac» вакцинасы да – отандық ғылымның жеңісі. Биыл сәуірден бастап ғылыми-зерттеу институты вакцинаның 1 млн дозасын өндіріп, «СҚ-Фармация» қоймаларына жеткізген. Қырғызстанға 25 мың доза жөнелтілді. Бұл вакцина осы елде де тіркелді. 

«Үшінші кезең бойынша барлық клиникалық зерттеулер аяқталды. 9 шілдеде соңғы талдаулар жиналды, содан кейін шілде айының соңына дейін өңдеу, көптеген деректерге статистикалық талдау жүргізілді. Үш мың адам қатысты. Параметрлер өте көп болды. Шілде айының соңында біз үшінші кезең және бүкіл клиникалық зерттеулер бойынша қорытынды есеп дайындадық. Есеп дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығына жіберілді. Қазіргі уақытта ол сараптамадан өткізілуде. Біз әлі қорытынды алған жоқпыз. Бірақ, есебімізге сәйкес, алғашқы қазақстандық «QazVac» вакцинасының клиникалық зерттеулері сәтті өтті. Есепті дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы мақұлдаған жағдайда, қазақстандық ғылымның жетістігін көрсету үшін кезекті халықаралық жетекші жоғары рейтингті журналға мақала жариялау үшін дайындалып жатырмыз. Мұндай мақалалар тез жарияланбайды. Бірінші жағдайда, мақаламыз 6 айға қаралды. Жыл соңында немесе келесі жылдың басында жаңа жарияланым жарық көреді деп ойлаймыз» деді ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закария. 

Сонымен қатар, ол Жамбыл облысында (Отарда) орналасқан жаңа зауыт туралы да айтып берді. 

«Зауыт екі ай бойы тестілік режимде жұмыс істейді. Шілде айынан бастап валидациялық процестер – зауыттағы барлық тораптардың, болып жатқан процестердің техникалық ерекшеліктерінің сәйкестігін зерделеу басталды. Яғни, зауытта сатып алынған және орнатылған барлық заттар техникалық сипаттамаларға, вакциналарға арналған құжаттамаға сәйкес болуы керек. Бұл ұзақ процесс. Ол болашақта GMP, жақсы өндірістік тәжірибе бойынша сертификаттаудан сәтті өту үшін қажет. Біз GMP ұлттық сертификатын алдық, қазір халықаралық сертификаттаудан өту үшін ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Процестер іс жүзінде аяқталды, валидациялық сериялар дайын. Олар толық сәйкес келген жағдайда өнеркәсіптік коммерциялық партиялар болады» деп нақтылады спикер.  

Сондай-ақ оқыңыз