«Болашағы жоқ ауылдарға» республикалық бюджеттен қаржы бөлінбейді

Жарияланды
Оның себебін Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов түсіндірді 

Қазақстанның 2761 ауылы болашағы жоқ елдімекендер тізіміне енген. Бұл ауылдарда 1 миллионға жуық адам тұрады. Ұлттық экономика министрлігі жасаған тізім бойынша, елдегі 3561 ауылдың болашағы бар екен. Оларда тұратын халық саны 6,8 миллионнан асады. 

Ауылды «болашағы бар елдімекендер» тізіміне ензігуде  сол жердің демографиялық ахуалына, тұрғын санына басымдық берілмек. Бұл фактордың 100 балдық шкаладағы үлесі – 50 балл, ал ауылдағы инфрақұрылымға – 30 балл, экономикалық жағдайына 20 балл есептеледі. Парламент отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов бұл істе ауыл тұрғындарының саны, демографиялық жағдай ең бірінші есепке алынады деп ата өтті. 

Осы ретте сенат депутаты Нұрлан Қылышбаев ауылдың болашағы бар-жоғын анықтайтын әдістеме өзгеруі мүмкін бе деген сауал тастады. 

«Министрлік шығарған бұйрыққа сәйкес, ауылдың болашағын анықтау бөліктерге бөлінген. Демографияға 50 балл берілсе, инфрақұрылымға – 20 балл, ал экономикалық бөлік бар-жоғы 20 балды құрайды. Бұндай әдіс ауылдың экономикалық әлеуеті мен еңбек идеологиясын дамытуға елеулі ықпал ете қоймас. Осы ретте мынандай сауал туындап отыр, бұйрықтағы елдімекендердің дамуын анықтайтын бөлігіне өзгеріс енгізіле ме?», – деп сұрады депутат. 

ҰЭМ басшысы бұл қатып қалған әдістеме емес, министрлік кез келген толықтыруды қабылдауға әзір екенін жеткізді. 

«Деморафияға басымдық беріп отырған себебіміз, егер ауыл тұрғындарының саны азаймай, керісінше көбейіп жатса, онда бұл ауылда жұмыс бар, болашағы бар, экономикалық белсенділік те артады», – деді Дәленов. 

Осы ретте министр ауылдың болашағын айқындауда неге демографияға басымдық беріліп отырғанын түсіндіріп өтті. 

«Бұған дейін бонитет балы да жоғары, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындары да бар, алайда тұрғындар ауылды тастап көшкен талай мысал болды. Ондай ауылдарға көп қаржы жұмсаудың қажеті қанша? Сондықтан ең басты көрсеткіш – демография», – деді министр. 

Сенат депутаты Рысқали Әбдікеров 2012-2019 жылдар аралығында елімізде 500-ге жуық ауыл жойылғанын айтып өтті. Әсіресе шекаралық аймақтардағы жағдай қатты ушығып тұр. 

«Қазіргі кезде шағын ауыл қаңырап қалуының алдын алу жұмысы жүргізілмейді. Сондықтан жыл сайын қатары артып келеді. Ұлттық экономика министрлігі бекіткен әдістеме бойынша, даму болашағы бар елдімекендердің қатарына 2761 ауыл кірмеген. Бұл ауылдарда 1 миллионға жуық адам тұрады. Енді осы ауылдарда тұратын кісілердің тағдыры не болмақ?», – деді депутат. 

Десе де, Дәленов бұндай ауылдарға қаржы бөлу жалғасатын, тек жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатынын айтып өтті. Ал республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы басымдық берілген және ірі қалалардың іргесінде жатқан ауылдарды дамытуға жұмсалмақ. 

«Бұл жерде әңгіме қаржыландыру көзін ауыстыру жөнінде болып тұр. Республикалық бюджет тірек және іргелес ауылдарды қаржыландырады, ал артылған ақшаны әкімдік өзге ауылдарға бөледі. Бұл тұрғын саны 300-400 адамнан аспайтын ауылдар» , – деді министр. 

Оның айтуынша бұл тәсіл болашағы бар елдімекендер қатарына енбеген ауылдарды қаржыландыруды арттыруға ықпал етпек. 

Қазіргі кезде елдегі 6 322 ауылда 7,7 млн адам немесе ел халқының 41%-ы тұрады. Соңғы 10 жылда ауыл халқы 310 мың адамға, ал қала халқы 2 миллионға өскен. Бұл ретте урбанизация қарқынына байланысты,соңғы жылдары ауыл халқының үлесі төмендеп кеткен.

ҰЭМ жүргізген талдау әрбір бесінші ауылда (21% немесе 1 361 елдімекен) мектеп мен балабақшаға, ал әрбір үшінші ауылда (33% немесе 2 073 ауыл) – аурухана, дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт пен медпунктке жөндеу жүргізу қажет екенін көрсеткен. 2 мыңнан астам ауылды (36%) сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіп, 30 мың шақырым жолды жөндеу қажет.

 

Сондай-ақ оқыңыз