Вакцинация паспорты деген не? Ол не үшін қажет?

Жарияланды
Елімізде вакцина егу қарқынды жүріп жатыр

Қазақстан сәуір айынан бастап коронавирусқа қарсы вакциналау жұмысын бастап кеткені белгілі. Вакцина алсам деген ықыласты азаматтар саны күн санап артып келеді. Дәрігерлердің айтуынша, вакцина алу ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға ықпал етеді. Соның арқасында вирустың таралуын азайтуға мүмкіндік бар. 

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, қазірге дейін вакцинаның бірінші компонентімен 1 184 124 адам, екінші компонентімен 239 965 адам қамтылған. «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми- практикалық орталығы» филиалы директорының орынбасары Манар Смағұлдың айтуынша, вакцина алғандардың арасында созылмалы аурулары бар адамдар да бар. Ал екпеге реакция болу жағдайлары өте аз тіркелген.

«Бірінші компонент егілген созылмалы аурулары бар адамдардың саны 32 314 адамды құрайды, созылмалы аурулары бар 8397 адам толық курсты аяқтады. 60 жастан асқан 121 мыңнан астам адам иммундау курсын бастады, 8000-нан аса адам аяқтады. Бүгінгі күні иммундаудан кейін елеулі қолайсыз  жағдай тіркелген жоқ. Сонымен қатар, вакцина алғандардың 0,4 пайызында жергілікті және жалпы – жоғары температура, қан қысымының қысқа уақытқа көтерілуі, инъекция орнының қызаруы және ауырсыну түріндегі реакциялар тіркелді» дейді сарапшы.

Сондай-ақ, ол Қазақстанда жұмысқа шығар алдында ПТР-тестілеуді міндетті түрде тапсыру нормасы сақталып отырғанын жеткізді. 

Елде вакциналау қарқынының артып келе жатқанын денсаулық сақтау вице-министрі Ерлан Қиясов та айтқан болатын. Оның сөзінше, дәл қазір елде тәулігіне 70 мыңнан астам адам COVID-19-ға қарсы екпе алып жатыр. 

«Қажеттілікті ескере отырып, егу пункттерінің саны тұрақты түрде артып келеді. Қазіргі кезде өңірлерде 1051 егу пунктінде иммундау жүргізілуде. Бұдан басқа, шалғайдағы аудандарда, ұйымдасқан ұжымдарда, адамдар көп жиналатын жерлерде КВИ-ге қарсы вакцинация жүргізу үшін 303 көшпелі егу бригадасы жұмылдырылды. Иммундау науқанына 10 мыңнан астам медицина қызметкері тартылды» дейді Қиясов. 

Ал денсаулық сақтау министрі Алексей Цой бұдан былай вакциналау паспортының «Ashyq» қосымшасымен біріктірілетінін айтады. Министр халықтың иммунопрофилактикасы үшін e-gov mobile «Вакцинация» сервисін, sms-хабарламаларды, жеке кабинетті пайдалану, сондай-ақ «Цифрлық құжаттар» сервисінде вакциналау паспортын енгізу арқылы IT-технологиялардың мүмкіндіктері кеңінен пайдаланылатынын айтты. 

Болашақта вакциналау паспортын қолдану кеңейтіледі.  Екпе алғаны туралы дерек электронды форматта орналастырылады. Бұл вакцина алғандар санын есепке алуға және вакциналау көлемін жоспарлау және сырқаттануды болжау үшін халықтың иммундық мәртебесін қадағалауға мүмкіндік бермек.  

«Вакцина паспорты мынадай деректерді қамтиды: адам қандай препарат алды, қандай дозада, қай күні, құжатты талап  еткенде көпсетіп, QR-код көмегімен ашуға мүмкіндік береді. Вакциналау паспорты вакцинаның 2 компонентін алғаннан кейін беріледі» деді Цой. 

Вакциналау паспортын біріктіру үшін IATA халықаралық әуе көлігі қауымдастығымен ынтымақтастық мәселесі қарастырылуда. Ал 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап вакцинация паспортын «Ashyq» қосымшасымен біріктіру жүзеге асырылмақ. 

«Шектеу шаралары мен бизнес жұмысы арасындағы теңгерімді орнату мақсатында 2021 жылдың қаңтарында «Ashyq» мобильді қосымшасын енгізу бойынша пилотты іске асыру басталды. Бұл қосымша республиканың барлық өңірлеріне ауқымдандырылған, бұл оның қатысушыларына шектеу шаралары режимінде жұмыс істеуге мүмкіндік берді. «Ashyq» денсаулық және сұлулық, көлік, мәдениет, қоғамдық тамақтану, ойын-сауық объектілерінде, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарда, банктерде, ХҚКО мен ЖОО – да жүзеге асырылады» деп еске салды министр. 

Вакциналау паспортымен қатар жылу карталары да енгізілмек. Бұл – телекоммуникациялық деректер базасында пандемия кезеңінде қаланың белсенділігін талдау жүйесі. Жылу карталары тұрғындардың шоғырлану орындарын, шұғыл қызметтерге қоңырау шалу орындарын, облыстық көші-қон ағындарын анықтауға мүмкіндік береді. Жылу карталарын пайдалану бойынша пилоттық жоба Алматы қаласында іске асырылуда.

Вице-министр Ерлан Қиясов вакциналау паспорттын вакцина алмай-ақ, сатып алуға болады екен деген әңгіменің шындыққа жанаспайтын жалған ақпарат, қауесет екенін, ондай әрекетке ешқашан жол берілмейтінін айтады. 

«Деректерді енгізу бойынша жалпы рәсім бар: адам вакцинацияға келіп, алдын ала тіркеуден, медициналық тексеруден өтеді, вакцина алу үшін жазбаша келісімге қол қояды. Мұндай фактілер бір-екі рет болған шығар, бұл жеке қызметкердің жауапсыз іс-әрекетінен болуы мүмкін. Әрбір факті бойынша мұқият талдау жүргізілетін болады, бірақ жалпы, вакциналау процедурасының өзі мұндай жағдайларды болдырмайды» деп сендірді вице-министр.

Дегенмен, ол жауапты органдар бәрін зерттеп, шара қабылдауы үшін мұндай фактілер туралы хабарлауға шақырды.

Пандемия кезінде кәсіпкерлердің еркін әрі ыңғайлы жұмыс істеуіне мүмкіндік беру мақсатында дайындалып, пайдалануға берілген «Ashyq» қосымшасын қазіргі таңда 230 мыңнан астам қолданады екен. 

Сондай-ақ оқыңыз