Мамыр айында қазақстандықтар қай жаққа ұша алады?

Жарияланды
Айдың ортасынан Батумиге рейс ашылады

Пандемия қаупі әлі сейілген жоқ. Десе де азаматтар ПТР тест тапсыруды, қауіпсіздік талаптарын сақтауды, өзін де, өзгені де ойлауды үйреніп қалды. Оның үстіне биылдан бастап әлем елдері вакциналауды енгізді. Бұл қатарда Қазақстан да бар. Қазақстандықтар қазіргі таңда ресейлік «Спутник V» және қазақстандық «QazVac» вакциналарын белсенді қабылдап жатыр. Осы орайда ел билігі халықаралық әуе рейстерін қвйта ашуға мүмкіндік беріп отыр. Әлбетте, толық емес, тек ішінара. 

Мамыр айында халықаралық бағыттар бойынша ұшақтар аптасына 117 рейспен 40 бағыт бойынша 13 елге ұшады. Мамыр мерекелері кезінде қазақстандықтар келесі елдерге саяхаттай алады: 

  •   Түркия: (Нұр-Сұлтан – Ыстамбұл, Түркістан – Ыстамбұл, Алматы – Ыстамбұл, Алматы –    Анталья, Шымкент – Ыстамбұл); 
  •   Біріккен Араб Әмірліктері: (Нұр-Сұлтан – Дубай, Алматы – Дубай, Нұр-Сұлтан/Алматы/Атырау/Ақтөбе/Қарағанды/ Шымкент/Ақтау – Рас-эль-Хайм, Алматы – Шарджа биылғы 4 мамырдан бастап, Нұр-Сұлтан – Әбу-Даби 16 мамырдан, Алматы – Әбу-Даби 22 мамырдан бастап);
  •    Өзбекстан: (Нұр-Сұлтан – Ташкент, Алматы – Ташкент, Ақтау – Үргенш);
  •    Ресей: (Нұр-Сұлтан – Мәскеу, Алматы – Мәскеу);
  •    Қырғызстан: (Алматы – Бішкек);
  •    Беларусь: (Нұр-Сұлтан – Минск); 
  •    Украина: (Нұр-Сұлтан – Киев, Алматы – Киев);
  •    Германия: (Нұр-Сұлтан – Франкфурт, Орал – Франкфурт, Атырау – Франкфурт);
  •    Грузия: (Алматы – Тбилиси, сондай-ақ 4 мамырдан бастап Нұр- Сұлтан – Кутаиси, Ақтау – Кутаиси және Атырау – Кутаиси);
  •   Тәжікстан: (Алматы – Душанбе);
  •   Оңтүстік Корея: (Алматы – Сеул);
  •   Египет: (Нұр-Сұлтан – Шарм-эль-шейх, Алматы – Шарм-эль-шейх);
  •   Мальдив аралдары: (Алматы – Мале).

«Рейстер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компанияларының сайттарында жарияланған кестеге сәйкес орындалатынын атап өтеміз» дейді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өз мәлімдемесінде. 

Осыған дейін «Air Astana» әуе компаниясы Түркияға ұшатын рейс санын қысқартып, жолаушыларға билет құны толық көлемде қайтарылатынын мәлімдеген еді. 

«28 сәуірден бастап мамырдың соңына дейін әуе тасымалдаушы Алматы – Стамбұл рейсін тек сейсенбі және жексенбі, Нұр-Сұлтан – Стамбұл рейсін бейсенбі, ал Алматы – Анталья бағытын тек сенбі күндері ғана орындайды. Тоқтатылған рейстер туралы әуе компаниясы жолаушыларға хабарлап, әуе билетінің құнын қай жерден алуға болатынын айтады. Сондай-ақ олар өз билеттерін басқа бағыттар мен басқа күндерге қайта рәсімдей алады» делінген әуе компаниясының хабарламасында. 

26 сәуірден бері Қазақстан мен Түркия арасындағы рейс саны аптасына 9 әуе сапарына дейін қысқартылған. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпараты бойынша, Қазақстан Республикасы аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуының алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ХАК) 2021 жылғы 14 сәуірдегі хаттамасына сәйкес, 26 сәуірден бастап Қазақстан мен Түркия арасындағы рейстердің жалпы саны 20-дан 9-ға дейін қысқартылған. 

Сонымен қатар Грузияға рейс ашу да мамыр айындағы ерекше жаңалықтардың бірі болып отыр. Әуежай қауымдастығының дерегі бойынша ПТР тестінің теріс нәтижесі бар кез келген Қазақстан азаматы Грузия әуе кеңістігіне кіруге құқылы. Қазақстанға келгісі келетін Грузия азаматтарына да осындай талап қойылады. Сондай-ақ вакциналаудың екі компонентін де алған кез келген ел азаматы Грузия аумағына кіре алады. Грузия территориясына кіру процедурасы Қазақстан азаматтары үшін 1 наурыздан бастап жеңілдетілді. 

Елімізде вакциналаудың белсенді түрде басталуы халықаралық әуе компанияларының Қазақстанға келе бастауына түркі болмақ. 

Мамыр айынан бастап польшалық LOT Polish Airlines, Біріккен Араб Әмірліктерінің Air Arabia, түркиялық Turkish Airlines, тәжікстандық Tajik Air, латвиялық Air Baltic әуе компаниялары, сондай-ақ тағы бір түрік әуе тасымалдаушысы Corendon Қазақстанға рейстер орындай бастайды. Осыған дейін тәжікстандық Somon Air мен германиялық Lufthansa әуе компаниялары Қазақстаннан рейстер орындауды бастап та кеткен болатын. 
 

Сондай-ақ оқыңыз