Енді қазақстандықтар онлайн режимде уақытша тіркеуге тұра алады. Оны қалай жүзеге асырады?

Жарияланды (жаңартылды )
Тіркеуге тұру азаматтардың бас ауруына айналған

Кез-келген уақытта заңды түрде әрекет ету үшін, кез-келген мемлекеттік көмекті алу үшін тұрақты немесе уақытша тіркеу талап етіледі. Көп жағдайда пәтер жалдап тұратын отбасылар үшін уақытша тіркеу мәселесі бас ауруға айналған. 

    Енді бұл қиындық та еңсерілмек. Ел азаматтары eGov порталы арқылы онлайн түрде бүкіл ел аумағы бойынша уақытша тіркеуге тұра алады. Азаматтар белгілі бір кезеңге басқа қалаға көшсе, жұмыс, оқу немесе ем алу мақсатында мекен-жайын ауыстырса eGov порталына кіріп, уақытша тіркеуге өтініш берсе болады. 

    «Басқа қалада отырып сіз уақытша тұрып жатқан мекен-жай бойынша тіркеле аласыз. Ол бір жылға жарамды. Бұл шаруаны сіз порталға кіріп, 15 минут ішінде істей аласыз. Егер сіз осы жұмысты іске асыру үшін халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) баратын болсаңыз, жолға кететін уақытты есептемегеннің өзінде біраз уақытыңызды жоғалтар едіңіз»,– дейді Әсет Тұрысов. 

    Бұл онлайн қызметті алу үшін не істеу керек? Алдымен порталға кіріп, авторизация жасап, «Азаматтық, миграция және иммиграция» тармағын және «Халықты тіркеу және тіркеу есебінен шығару» санатын таңдау керек. 

Уақытша тіркеу 1.jpg

Одан әрі қарай «қызметке онлайн тапсырыс беріп», 1-ден 12 айға дейінгі аралықта тіркеу кезеңін таңдай аласыз. 

Уақытша тіркеу 2.jpg

Егер пайдаланушы «Мен – меншік иесі» дегенді таңдаса, онда облысты таңдайды немесе мекен-жайдың тіркеу кодын енгізеді. ЭЦҚ немесе бір реттік пароль арқылы қол қояды. Бәрі сәтті жүзеге асса жеке кабинетке өтінімнің орындалуы туралы хабарлама келеді.

Егер пайдаланушы «Мен – меншік иесі емеспін» дегенді таңдаса, онда меншік иесінің ЖСН нөмірін және мекен-жайын енгізеді. Меншік иесі де осы порталдағы өзінің жеке кабинетіне кіріп, тіркелген нысанды растауы тиіс. Содан соң барып пайдаланушы ЭЦҚ немесе бір реттік пароль арқылы қол қояды. Бәрі сәтті жүзеге асса жеке кабинетке өтінімнің орындалуы туралы хабарлама келеді.

    Тұрғылықты жері бойынша уақытша тіркеу жасаған кезде пайдаланушының тұрақты тіркеу мекен-жайы өзгеріссіз қалады. Яғни, уақытша тіркеу мерзімі аяқталған соң порталға қайта жүгінудің қажеті жоқ. 

    Еске салайық, 2017 жылы қаңтар айында қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» және «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, азаматтың уақытша келу орны бойынша тіркелуін міндеттейтін бап күшіне енген болатын. Басқа жерге бір айдан астам уақытқа келген азамат 10 күн ішінде тіркелуге міндетті. 

    Егер азамат үшін уақытша тіркелу процесін жүзеге асыру ХҚКО-ға бару арқылы ыңғайлы болса, онда өзімен бірге келесі құжаттарды алып баруы міндетті: 
•    Мекен-жай кодын көрсетумен тұрғын үй иесінің келісімі; 
•    Тұрғын үй иесінің жеке басын куәландыратын құжат (ол да келуі міндетті); 
•    Тіркелушінің жеке басын куәландыратын құжат. 

Уақытша тіркеу – азаматтың меншік иесінің құқығына таласу қаупін тудырмайды. 

 

Сондай-ақ оқыңыз