Ұлттық банк базалық мөлшерлемені неліктен 9 пайыз деңгейінде қалдырды?

Жарияланды
Қазақстан экономикасы 2020 жылы 2,6%-ға қысқарған

Ұлттық банктің ақша-несие саясаты жөніндегі комитеті пайыздық дәлізді +/–1,0 п.т. сақтай отырып базалық мөлшерлемені жылдық 9,00% деңгейінде сақтау жөнінде шешім қабылдады. Тиісінше өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 10,00% және өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме – 8,00% болады. 

Ұлттық банктің хабарлауынша, инфляцияны орта мерзімді кезеңде 4-6 пайыздық нысаналы дәлізге қайтару мақсатында осындай шешім қабылданған. 

«Сыртқы және ішкі инфляциялық қысым ұлғайды, азық-түлік бағасының одан әрі көтерілу тәуекелі артты, инфляциялық күтулердің жоғарылауы байқалады.  Жылдық инфляция 2020 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық Банктің болжамына сәйкес қалыптасып, 7,5% болды. Азық-түлік инфляциясы әлемдік баға мен ішкі өндірушілер бағасының серпініне байланысты май, жұмыртқа, қант және көкөністің айтарлықтай қымбаттауы нәтижесінде 11,3%-ға дейін жылдамдады. Азық-түлік емес инфляция 5,5% болды. Киім, аяқ киім, ЖЖМ бағасының өсуі бәсеңдеген кезде эпидемиологиялық жағдайға, сондай-ақ қашықтан жұмыс істеу және оқу жағдайында сұраныстың сақталуына байланысты дәрі-дәрмек, түрмысты заттар мен техника бағасы көтерілді. Сервистік инфляцияның 4,2%-ға (ж/ж) дейін жылдамдауы реттелмейтін ақылы қызметтердің қымбаттауына байланысты болды» делінген хабарламада. 

Базалық инфляция көрсеткіштері инфляциялық процестердің жылдамдауын көрсетеді. Мәселен, жемістер мен көкөністерді, реттелетін коммуналдық қызметтер, теміржол көлігі, байланыс, бензин, дизель отыны мен көмірді қоспағанда жылдық көрсеткіштегі маусымдық таза базалық инфляция 2020 жылғы желтоқсанда 7,9%-ға дейін (қыркүйек-қазанда – 5–6%) жылдамдаған. 

Сондай-ақ Қазақстан экономикасы 2020 жылы 2,6%-ға қысқарған. ЖІӨ-нің төмендеуіне тау-кен өндірісі, сауда және көліктің төмендеуі теріс әсерін тигізді. Тау-кен өнеркәсібіндегі құлдырау мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемінің құлдырауы әсер етіпті. Көліктің қысқаруына жүк айналымы мен жолаушылар айналымы көлемінің төмендеуі ықпал еткен.

«Сауданың теріс серпіні карантиндік шектеулердің сақталуына және төмен сұранысқа байланысты болды. Сонымен қатар, ІЖӨ серпініне өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс, ақпарат және байланыс, сондай-ақ мемлекеттік сектор оң үлес қосты» деп жазады ҰБ. 

Ұлттық Банктің кәсіпорындар арасында жүргізген сауалнама нәтижелері нақты сектордағы ахуалдың жақсарғанын көрсетеді. 2020 жылғы шілдеден бастап іскерлік белсенділік индексі желтоқсанда 49,0 тармақты құрап, 50 тармақ белгісіне қарай өсуді жалғастырып келеді. Кәсіпорындар бизнесті жүргізу жағдайларының жақсарғанын атап өтеді – Қазақстан экономикасы бойынша бизнес климат индексі 2020 жылғы желтоқсанда 4,2 (қарашада – 1,3) болды.

Алпауыт елдерде COVID-19-ға қарсы вакцинация басталған кезде әлемдік экономикадағы ахуал әлсіз оң күйінде қалып отыр, бұл бірқатар елдерде карантиндік шектеулердің күшеюіне және вирустың жаңа штамдарының пайда болуына байланысты. Дамыған елдердің өнеркәсіп секторы және Қытайдағы сыртқы сауда көрсеткіштерінің одан әрі өсуі әлемдік экономикаға айтарлықтай қолдау көрсетуді жалғастыруда.

Сауда әріптес елдердегі жылдық инфляция серпіні әртүрлі бағытта қалыптасып келеді. 2020 жылғы желтоқсанда ЕО-да жылдық инфляция 0,2% деңгейінде қалыптасты. Қытайда 2020 жылғы қарашада дефляциядан кейін инфляция 0,2%-ға дейін өсті. Өз кезегінде Ресейде инфляцияның 4,9%-ға дейін үдеуі байқалады, бұл азық-түлікке әлемдік бағаның өсуімен бірге сыртқы инфляциялық әсердің артқанын көрсетеді. Сауда әріптес елдердің монетарлық талаптары икемділігін сақтап отыр.

Әлемдік мұнай нарығындағы ахуал біршама жақсарды, бұл ОПЕК+ жаңа уағдаластығымен, жаппай вакцинацияны күтумен және әлемдік экономиканың қалпына келуімен түсіндіріледі. Аталған факторлардың қолдауымен Brent сұрыпты мұнайдың бағасы 2021 жылғы қаңтардан бастап бір баррель үшін 55 АҚШ долларынан жоғары көтерілді.
Мұнай нарығының даму перспективаларының белгісіздігіне қарамастан, халықаралық ұйымдардың соңғы болжамдарында күтілетін мұнай тұтыну бойынша бағалау шамалы жоғарылады. Сонымен қатар, мұнай бағасының қазіргі қалпына келуіне байланысты мұнай ұсынысы да ұлғаяды деп күтіледі. EIA болжамдары бойынша 2021 және 2022 жылдары Brent сұрыпты мұнайдың бағасы тиісінше орта есеппен барреліне 52,8 және 53,4 АҚШ долларын құрайды.

Базалық мөлшерлеме бойынша бұдан кейінгі шешімдер инфляцияның нақты серпініне және оның болжамдарға сәйкестігіне, инфляциялық күтулердің төмендеу және тұрақтану қарқынына, сондай-ақ тәуекелдер теңгеріміне байланысты қабылданатын болады. 

 
Сондай-ақ оқыңыз