Көлік жүргізу куәлігін инспектордың алып қоюына қалай жол бермеуге болады?
Әрине, жолда әрқилы жағдайлар болып жатады. Дегенмен жүргізуші барынша жол ережесін бұзбауға тырысады. Ал бұза қалса мейлінше өзін ақтап, қателеспегенін дәлелдеп, жүргізуші куәлігінен айырылып қалмауға тырысады.
Нақты ереже мен заңнан бейхабар болғандықтан полицияның барлық сөзі дұрыс әрі орында секілді көрінеді. Осындай жағдайда көпшілік жүргізушінің куәлігімен қош айтысып кете баратыны да жасырын емес. Сондықтан өз құқығыңды қорғау үшін заңды біліп жүру ешқашан артық етпейді.
Мынадай жағдайларда инспектордың жүргізуші куәлігін алып қоюға құқы бар:
• Егер бұл жол жүрiсi қағидаларында тыйым салынған жағдайларда, жолдың жүру бөлiгiнiң қарсы бағытта жүруге арналған жағына, оның ішінде кері бұрылып немесе бұрылыс жасап шықса (ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 596 бабы 3 тармағы);
• Көрiнеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi (белгiсi) бар көлiк құралын басқару, сол сияқты мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерiн (белгiсiн) сәйкестендіруге кедергі келтіретін не олардың түрін өзгертетін немесе жасыратын құрылғылар мен материалдар қолданыла отырып жабдықталған мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi (белгiсi) бар көлiк құралын басқарса (590 бап, 4 тармақ);
• Апаттық жағдай жасағаны үшін әкiмшiлiк жаза қолданылып, сондай жағдай бір жыл iшiнде қайталап жасалса (606 бап, 2 тармақ);
• Темiржол өтпелерiнен тыс жерден темiржолды кесiп өту, шлагбаум жабық тұрған немесе жабылып жатқан кезде не бағдаршамның немесе өтпе жолдағы кезекшiнің тыйым салатын сигналы берілген кезде темiржол өтпелерiне шығу әрекетін бір жыл ішінде тағы қайталап ұсталса (607 бап, 2 тармақ);
• Көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқарса және көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына берсе (608 бап);
• Көлік жүргізу кезінде адам денсаулығына зиян келтірсе (610 бап);
• Жол-көлік оқиғасы болған жерден қашып кетсе – кінәлі ол ма, әлде басқа қатысушы ма, бұл маңызды емес (611 бап, 2 тармақ);
• Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйін куәландырудан өтуден жалтарса (613 бап);
• Көлiк құралдарын пайдалану кезінде абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтiрсе (ҚР ҚК 345 бап, 1 тармақ);
• Жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалса (ҚР ҚК 347 бап)
Мінекей, осы заң бұзушылықтар жүргізуші куәлігінен айыру қаупін тудырады. Тек осы әрекеттер жасалып, хаттама толтырылғаннан кейін көлік иесіне уақытша куәлік беріледі. Бұл әкімшілік кодекстің 795 бабы, 8 тармағында жазылған.
«Егер адамның жасаған құқық бұзушылығына кодексте көлік жүргізу құқығынан айыру санкциясы қарастырылған болса ғана жүргізуші куәлігі алынады. Басқа жағдайларда, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасағаннан кейін жүргізуші куәлігі көлік иесіне қайтарылады» делінген ол бапта.
Инспектор тізімде жоқ құқық бұзушылықтар, мәселен, жылдамдықты асырғаны үшін жүргізуші куәлігін алып қоятынын айтса, онда оған әкімшілік кодекстің 779 бабы туралы ескерткен абзал: «Көлік құралын басқару құқығына жүргізуші куәлігі оның төлнұсқалығын тексеру және жеке тұлғаны көлік құралын басқару құқығынан айыру туралы шешім қабылдау жағдайларында ғана іс үшін маңызы бар құжат болып табылады».
Әркез өз құқығыңызды білген жөн. Сонда ғана тиісті баптан мысал келтіріп, жол полициясының заңсыз әрекетке баруын тыя аласыз. Ал егер заңнан бейхабар болсаңыз, онда түрлі арандатушылықтың құрбаны болуыңыз мүмкін. Әрине, бәрінен де маңыздысы – жол ережесін бұзбау.