Қоянды су қоймасында балықтандыру іс-шарасы жүргізілді
Нұр-Сұлтан қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы «Жаснұр» кәсіпорнымен бірлесіп, Қоянды су қоймасында көктемгі балықтандыру іс-шарасын өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бұл — су қоймасында балық қорын сақтауға, ұстап тұруға және ұлғайтуға, сондай-ақ бағалы балық түрлерін шығаруға бағытталған.
Биыл су қоймасына алғаш рет пелядь, рипус балықтарының әрқайсысының 1 миллион дернәсілі жіберілді.
Балықтандыру үшін Зеренді балық қоймасының инкубациялық цехтарында өсірілген дернәсілдер пайдаланылды. Оларды тасымалдау үшін арнайы пластикалық пакет қолданылды. Әр пакетке 10-12 литр су құйылып, дернәсілдері орналастырылады, ал бос орын оттегімен толтырылады.
Дернәсілдер жіберілгенде судың температурасы 18С болды. Олар күз мезгіліне дейін ет алып, үлкейеді.
Қазір су қоймасын балықтандыру үшін қолайлы уақыт, суда көптеген қоректік заттар мен балық қорегінің неше түрі бар.
Балық жіберу ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің «Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» РММ, «Солтүстік филиалы» ЖШС және Қоянды ауылдық округі әкімдігінің өкілдерінің қатысуымен өткізілді.