Вакцина шығаратын зауыт жұмысын бастауға дайын

Жарияланды
QazVac вакцинасының құрамы өзгереді

Қазақстанда QazVac вакцинасын 2 өндірістік орын шығарады. Бірі Жамбыл облысында биофармацевтикалық зауыт болса, екіншісі – БҚПҒЗИ өндірістік алаңы. Бұл мекемелер айына вакцинаның 750 мың дозасын шығарады, деп жазады ел үкіметінің ресми сайты. Оған қоса қазан айында отандық вакцина құрамы өзгеріп, ол «дельта» штамына қарсы тұра алады.

 «Бүгінгі таңда Қазақстанда коронавирусқа қарсы 3 вакцина қолжетімді (Спутник V, Синофарм, QazVac). Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша  IV тоқсанда Pfizer жеткізіледі деп күтілуде. Бұл ретте тиімділігі жағынан шетелдік баламалардан кем түспейтін отандық вакцинаны қолдайтын боламыз» деді брифинг барысында Е.Тоғжанов. 

Өткен айда QazVac вакцинасы 650 мың доза көлемінде өндірілді, осы айда 750 мың доза жеткізіледі деп күтіліп отыр. Қазіргі кезде Жамбыл облысында биофармацевтикалық зауыт іске қосуға толық дайын. Оған қоса «Антиген» кәсіпорнының базасында вакциналар, оның ішінде QazVac шығарудың толық циклі бар БҚПҒЗИ екінші өндірістік алаңы іске қосылды. 

Биыл Қазақстан тарихында алғаш рет «Биологиялық қауіпсіздік туралы» арнайы заң қабылданады. Ол биоқауіптермен күресуге құқықтық негіз құрайды. Елдің биоқауіпсіздігін болжаудың ұлттық жүйесін құру көзделген. Бұл жүйелі негізде биологиялық қатерлерден қорғау бойынша жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді. 

«Сондай-ақ дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың жеке өндірісін дамыту басымдыққа ие. Бүгін біз өзімізді 17%-ға қамтамасыз етіп отырмыз. 2025 жылға қарай ол 50% деңгейге жетеді. Ол үшін Үкімет деңгейінде арнайы кешенді жоспар қабылданды» деп атап өтті Премьер-Министрдің орынбасары. 

Қазан айынан отандық QazVac вакцинасы дельта штамына қарсы күресуге бейімделіп шығарыла бастайды. 

«QazVac-тың дельта штамымен күрестегі қауқарына жүргізілген зерттеу нәтижесі отандық вакцинаның тиімді екенін көрсетті. Үкіметтің тапсырмасы бойынша Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты (БҚПҒЗИ) ухань коронавирусының штамын дельтаға бейімдеу және ауыстыру бойынша маңызды жұмыс жүргізді. Қазан айында бүкіл QazVac вакцинасы дельта штамымен шығарылады. Ал Eta штамы бойынша бүгінде аталған институт патологиялық материалдар алды және 2 апта ішінде штамм бойынша зерттеу жасау жоспарланып отыр. Содан кейін аталған штамға қатысты QazVac тиімділігін сынау жұмысы жүргізіледі» деді Е. Тоғжанов
 

Сондай-ақ оқыңыз