Ішкі істер министрлігі 102 мобильді қосымшасын іске қосты

Жарияланды
"102" мобильді қосымшасы арқылы оқиға орнынан қысқа хабарлама, фото, видео жібере алады

ҚР ІІМ бүгін жаңа сервис – «102» мобильді қосымшасын іске қосты. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев өзінің Facebook парақшасында жазды. 

Министрлік алдында тұрған міндеттердің бірі – заманауи, технологиялық, азаматтардың сеніміне ие ішкі істер органдары жүйесін құру болып табылады.

    «Бүгін «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында біз ресми түрде азаматтарға ыңғайлы жаңа сервис – «102» мобильді қосымшасын іске қосамыз. Ақпараттық технологиялардың қазіргі даму деңгейінде кез-келген ақпарат найзағайдың жылдамдығындай тез тарайды. Біз полицияның азаматтардың хабарламаларына ден қоюы да осындай тез болғанын қалаймыз. Тәулік сайын полицияның жедел басқару орталықтарының операторлары 102-арнасына келіп түскен 10 мыңға жуық хабарламаға жауап береді. Сонымен бірге, оқиға туралы ақпарат полицияға емес, әлеуметтік желілерге жіберілетін жағдайлар да кездеседі. Әдетте, әртүрлі оқиғалардың куәгерлері фотосуреттерді немесе видеоларды өз парақшаларына салады немесе танымал пабликтерге жібереді. Бұл оқиғаларды біздің мамандар әлеуметтік желілерді бақылау кезінде анықтайды. Бұл ретте полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтың жолын кесу немесе қылмысты «ізін суытпай» ашу үшін пайдалануына қажет болатын қымбат уақыт жоғалады. Сондықтан полиция қызметкерлеріне оқиғалар мен азаматтардың хабарламаларына жедел жауап беруге мүмкіндік беретін арнайы қызмет жасау идеясы пайда болды. Ішкі істер министрлігінің «102» мобильді қосымшасы оқиға орнынан қысқа хабарлама, сондай-ақ фото, видео жіберуге мүмкіндік береді» – деп жазды министр Facebook-те.

Сонымен қатар, бейне қоңыраулар жасауға болады. Бұл ретте қоңырау шалушының орналасқан жері анықталады, ал ЖБО операторлары не болып жатқанын көріп, дереу тиісті ден қою шараларын қабылдай алады.

    «Қосымша арқылы сыбайлас жемқорлық, полиция қызметкері тарапынан жасалған бопсалау фактісіне тап болған жағдайда, ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік қызметіне де жүгінуге болады. Біз қосымшаның көмегімен және біздің бірлескен күш-жігеріміздің арқасында полицияның жедел әрекет етуі, қылмыстарды ашудағы тиімділік артады және көптеген құқық бұзушылықтардың алдын алуға болады деп күтеміз. Егер өзіңіздің немесе өзгенің қауіпсіздігіне немесе өміріне қауіп төніп тұр деп ойласаңыз, мас адамның рөлге отырғанын көрсеңіз, зорлық-зомбылықтың куәсі болсаңыз, жануарларға қатыгездік жасалып жатқанын көрсеңіз, күдікті адамды байқасаңыз, дереу хабарлаңыз. Тек бірлескен күш-жігерімізбен ғана біз құқық бұзушылыққа төзбейтін және қауіпсіз қоғам құрамыз», – деп жазды министр Facebook-те.

Сондай-ақ оқыңыз