Дағдарыстан соң еңбек өнімділігі қалай қалпына келмек?

Жарияланды
Әлем елдері экономикалық құлдырауды бастан кешуде

COVID-19 дағдарысы басталғалы бері әлем елдерінің экономикасы түрлі құлдырауды бастан кешіп жатыр. Коронадағдарыс әсіресе, еңбек өнімділігіне кері әсерін тигізді. Адамдардың вирустан тым қатты зардап шегуі олардың жұмысқа баруын, уақытылы еңбек қатынастарын қамтамасыз етуін тежеп тастады. Нәтижесінде, экономикалық өсім деңгейі елеулі түрде нашарлап кетті. 

McKinsey (MGI) ғаламдық институтының зерттеуінде 2024 жылға дейін әлемдік еңбек өнімділігінің өсімі тек 1 пайызға жылдамдауы мүмкін делінеді. Яғни, бірқатар елдерде жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көрсеткіші айтарлықтай өсуі мүмкін, мәселен Испанияда 1500, ал АҚШ-та 3500 долларға дейін. Бірақ ЖІӨ өсу үшін сұраныстың артуы мен мемлекет қабылдайтын шешімдер де ерекше маңызға ие. 

«Пандемияның өнімділіктің кейбір факторларына әлі күнге қысым жасап отырғанына қарамастан, көптеген компаниялар өз бизнестерін жылдам трансформациялап үлгерді. Еуропа мен Солтүстік Америкада жұмыс істейтін компания басшыларының біздің сауалнамаға берген жауабы бойынша, олар 2020 жылы технологияға көбірек инвестиция жасай бастаған. Жалпы, цифрландыру 20-25 пайызға жылдамдады. Сондай-ақ пандемия компанияларды жұмыс тиімділігін арттыруға баса мән беруге мәжбүр етті. Компаниялар коронадағдарыстан шыққан соң жаңа бизнес-модель қалыптастырып, жұмыс істеудің мейлінше қолайлы әдісін іздей бастады. Компания басшыларының 42-45 пайызы 2020 жылдың қорытындысы бойынша операциялық шығындар мен түскен табыстың айырмасы қысқарды дейді» делінген зерттеу мәтінінде. 

Компания зерттеуінше, қалай болғанда да кәсіби және техникалық салада қызмет көрсететін, IT, денсаулық сақтау, коммуникация саласында қызмет атқаратын ірі компаниялар еңбек өнімділігі деңгейін арттыру бойынша лидерлікке ие болады. Қазірдің өзінде АҚШ пен Еуропада аталған секторларда өнімділіктің кәдімгідей өсуі (2 пайызға жуық) байқалған. 

«Олар басқаларды M&A келісімдері (жұтылу және бірігу), инвестиция және ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыс шығындары сияқты көрсеткіштер бойынша басып озады. Бұл салалардың дәйім жақсаруы экономиканың өзге салаларына оң әсер етеді. Алайда өнімділіктің өсуіне дағдарыстың ұзақ мерзімді экономикалық әсері кедергі болуы мүмкін. Індеттің таралуы төмендеген мезетте қысқа мерзімді сұраныс пайда болады, бірақ осы сұраныстың өзіне қысым тудыратын факторлар бар. Ол қиындықтың бетін қайтару үшін міндетті түрде мемлекеттік қолдау қажет болады» делінеді зерттеуде. 

Еңбек өнімділігі дәл қазіргі сәтте Қазақстанның да бас ауыртар мәселесі болып тұр. Осы проблемаға тіпті дүниежүзілік банктің өзі назар аударған. Халықаралық ұйым Қазақстан 2050 жылға таман дамыған, табысы мол 30 елдің қатарына кіргісі келсе еңбек өнімділігін арттыруға қазірден бастап күш салуы тиіс деген ой айтады. Дүниежүзілік банк сарапшылары еңбек өнімділігі өсімін күшейтуге әсер ететін басты үш фактор деп сараптайды. Бірінші кезекте, кәсіпорын технологиялық дамуға баса мән берсе, инновацияны лайықты деңгейде жаңғырта алса, интернет мүмкіндіктерін алғашқылардың бірі болып игерсе, нарықтағы өзге бәсекелестерінен бір қадам алда тұр деген сөз. Одан кейінгі кезектегі мәселе – қызметкерлердің біліктілігіне назар аудару. Компания еңбек өнімділігін арттыру үшін қызметі нашар көрінген қызметкерлерді қайта даярлаудан өткізуі қажет. Егер одан соң да нәтиже шықпаса, онда оларды жұмыстан шығарған абзал. Сонымен қатар компанияға қажетті жер телімін табу, қаржыландыруды реттей алу, білікті кадрларды топтастыру да – еңбек өнімділігінің кепілі.

Сарапшылар қорыта келе мемлекет өнімділігі төмен, пайдасы аз кәсіпорындарды нарықтан ығыстырып, мықты, заманға бейімі бар компанияларды қолдауы керек деп санайды. Соның арқасында босап қалған жұмысшыларға да жұмыс табылады, нарық та тез жанданады. Ал Қазақстанның қазіргі экономикалық ахуалы осы үш аспектінің де негізгі талаптарына жауап бермейді деп жазады дүниежүзілік банк. 

Ал Азия даму банкі сарапшыларының зерттеуінше, Қазақстан экономикасы былтыр едәуір тығырыққа тірелгеніне қарамастан, 2022 жылы біршама прогресс көрсете бастайды. 

«Егер эпидемиологиялық жағдай жақсарса және вакциналау ойдағыдай өткерілсе онда 2022 жылы экономиканың қалпына келуі жеделдейді. 2021 жылы жалпы ішкі өнім 3,2 пайыз деңгейінде болады деп күтілуде. Шикізат өндірісі көлемінің қалпына келуі және оның бағасының өсуі осыған (ЖІӨ өсіміне) әсер етеді. Сондай-ақ қызмет көрсету саласы да дағдарысқа дейінгі графигіне қайта оралады деген болжам бар. Ал 2022 жылы инвестиция мен көмірсутегі өндірісінің артуы арқасында ЖІӨ өсімі 3,5 пайыз деңгейіне көтерілуі мүмкін. Қазақстан экономикасы шикізат экспортына қатты тәуелді. Сондықтан сыртқы факторлар ЖІӨ өсіміне дереу әсер етіп жатады. Мысалы, 2008-2009 жылғы үлкен дағдарыстан кейін және мұнай бағасының құлдырауынан кейін де Қазақстан экономикасы қалпына келді, бірақ одан кейінгі дамуы қайтадан баяулап қалды. Коронавирус пандемиясынан соң экономикалық тұрақтылыққа қол жеткізу үшін Қазақстан ел ішінде жоғары технологиялардың қолданылуына көбірек көңіл бөлуі қажет» деп жазады Азия даму банкі. 

Халықаралық банктің Қазақстандағы жетекшісі Нариман Манапбековтың айтуынша, экономика берік болу үшін қаржылық жүйені нығайту қажет. 

«Ғылыми зерттеулерге инвестиция салу, білімге берілетін шығындарды көбейту – экономикаға серпін береді. Өңдеуші секторға көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың арқасында биыл өнеркәсіп өсімі 2 пайызға көтеріледі деп болжанып отыр. Сондай-ақ әлемде шикізатқа деген сұраныс биыл өсе бастайды. Бұл да Қазақстандағы пайдалы қазбалар өндірісінің 2,8 пайызға дейін жоғарылайтынын байқатып тұр. Бұдан бөлек карантин шектеулерінің әлсіреуіне байланысты қызмет көрсету саласы 2021 жылы 3,8 пайызға, 2022 жылы 3,4 пайызға өседі деген болжам бар» дейді банк басшысы.

  

Сондай-ақ оқыңыз