Қорықшы квадроцикл мен су таситын көлік құрастырды

Жарияланды
Өзі жасаған техниканы орман алқабын қорғауда пайдаланады

Павлодар облысы Аққулы ауданы Ямышево ауылының тұрғыны Серік Нұрғалиев 12 жылдан астам уақыт бойы осы елді мекенде қорықшы болып жұмыс істейді. Орманшылық аумағын қызғыштай қоритын ол осы уақыт аралығында түрлі қиындықтардың болғанын жасырмайды. Әсіресе, орман ішіне жеңіл көлікпен кіру, аралап бақылау, өрт болса сол жерге дер кезінде жету қиынның қиыны. Қызметтік көліктің шамасы жетпегендіктен, көп жағдайда рейдтерге жаяу шығып кетеді. Осындай ауыртпалықтар салмақ салып, ыңғайсыздық тудырғандықтан туған ағасымен бірге квадроцикл жасауды ойластырады. Сөйтіп, жарты жыл аралығында орман ішінде жүруге жарамды көлікті құрастырып алды. 

«Квадроцикл жасауға керек бөлшектердің көбін өзім сатып алдым. Кейбір бөлшектері бұрын пайдаланылған техникалардан қалған ескі саймандар. Бұл квадроциклмен мемлекеттік орман қорындағы өзіме тиесілі алқаптарды аралап, тексеремін», – дейді ол. 

Серік Нұрғалиев квадроцикл құрастырумен шектеліп қалмады. Орман ішіндегі өрттерді сөндіру үшін су таситын көлікті жаңадан жабдықтап алды. Көлік үстіндегі ыдысқа су құятын вакуумды ойлап тауып, суды сорып алатын екі құралды орнатты. Соның көмегімен қызыл жалынды уақытылы сөндіріп те үлгеріпті. 

Павлодар орман және жануарлар әлемін қорғау мемлекеттік мекемесінің директоры Аждар Жүсіповтің айтуынша, бүгінде орман шаруашылығына қажет техникалар жетпейді. Сондықтан орманшылардың өнертабыстарының табиғи байлықты қорғауда маңызы зор. 
 

Сондай-ақ оқыңыз