Қазақстандықтардың қанша пайызы отандық медицинаға сенбейді? Белсенділер үкіметке ұсыныс жолдады

Жарияланды
Олар сервистік медицина қағидалары өзгеруі тиіс деп санайды

Еліміздің денсаулық сақтау саласы жаңа бағыттар мен міндеттерге мұқтаж. Осылай деп өз талабын қойған қоғам белсенділері Алматыда жиналып, өз ұсыныстарын президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және ел үкіметіне жолдады. «Еститін мемлекет» ұсыныстарымызды ескерер дейді белсенділер. 

Жиналғандардың айтуынша, бастаманың негізгі мақсаты – денсаулық сақтау жүйесін реформалаудың мемлекеттік стратегиялық бағдарламасын әзірлеуге және іске асыруға қол жеткізу. Олар сервистік медицина келесідей негізгі 5 қағида шеңберінде дамуы әрі әрекет етуі тиіс деп санайды: 

  1. Қолжетімді; 
  2. Білікті; 
  3. Ашық;  
  4. Есепті; 
  5. Қазақстандағы бәсекеге қабілетті медициналық көмек

Трансформацияның бес бағыты:

  • Медициналық сақтандыру; 
  • Дәрілік заттар; 
  • Әлеуметтік қағидаларға және бәсекеге қабілетті нарықты дамытуға негізделген медицина; 
  • Денсаулық сақтау жүйесінің жаңа сынақтарға дайындығы (пандемия, оның ішінде COVID-19, табиғи апаттар, әскери қақтығыстар және т.б.); 
  • Медициналық қызметкерлер. 

«Барлығына денсаулық» азаматтық бастамасы аясында 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап еліміздің барлық өңірінде 1700-ден астам сауалнама ұйымдастырылып, «Бізге қандай медицина керек?» тақырыбында екі қоғамдық фасилитациялық (бірлесе шешім қабылдау түрі) сессия ұйымдастырылған. Сауалнама нәтижелері бойынша респонденттердің 75 пайызы медицина қызметкерлерінің еңбегін құрметтейді, сонымен бірге респонденттердің 56 пайызы олардың біліктілігіне сенбейді. «Сіз өзіңізді медициналық мекемеде қауіпсіз және жайлы сезінесіз бе?» деген сұраққа сауалнамаға қатысушылардың 61 пайызы «жоқ» деп жауап берген. Сонымен қатар, ковидпен ауырған респонденттер жауаптарында басқа респонденттерге қарағанда түңілген көңіл-күй көбірек байқалған. 

Сауалнама нәтижесі бойынша түрлі бастамаларға деген қоғамның сенім өте төменгі индексі анықталған. Азаматтар медициналық сақтандыру жүйесіне 5 пайыз, денсаулық сақтау министрлігінің статистикасына 7 пайыз және дәрілік заттардың қолжетімділігіне 9 пайыз ғана сенім білдірген. Сарапшылардың пікірінше, бұл мәселелер басты назарды талап етеді.

111 (2).jpg

«Қазақстанның денсаулық сақтау саласының реформасы елдің адами капиталы мен әлеуетін дамыту үшін аса қажет. Әйтпесе, бізді жарқын болашақ күтіп тұр деп айту қиын. Ертеңгі күні мұнай таусылып, «қара алтын» әлемдік экономиканың басты драйвері деген атынан айырылған сәтте жағдай тіпті қиындайды» дейді қозғалыс қатысушысы, сервистік модельдерді зерттеуші Жанна Прашкевич. 

Мәжіліс депутаты Ерлан Смайловтың айтуынша, реформа бірінші кезекте қазақстандықтардың теңсіздігін жоюы тиіс. 

«Республиканың өңірлерінде, әсіресе қала, ауыл бөлінісінде қазақстандықтардың барлығы бірдей медициналық қызметтерге уақтылы қол жеткізе алмайды. Теңсіздік көп компонентті және экономикалық, әлеуметтік, басқарушылық және салалық себептерге ие. Денсаулық сақтау жүйесінің күйзелісті жай-күйінің негізгі факторларының бірі – бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану болып отыр. Ал тиімді реформалаудың іргетасы – азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы адал, толыққанды диалог» дейді  Қазақстан Халық партиясының өкілі. 222 (1).jpg

Қозғалыс қатысушысы Ерлан Нұрпейісов 30 жыл ішінде жүргізілген реформалардың сәтсіз болуының себебі – мемлекеттің азаматтық қоғам талап-тілектерін ескермей, өздігінен өзгеріс жасауынан. «Қазір денсаулық сақтау саласындағы реформаларды ел тұрғындарының азаматтық сұранысы және азаматтық белсенділер мен тәуелсіз сарапшыларды реформалау жөніндегі жұмыс топтарына қатысу негізінде бастау қажет. Олай болмаған жағдайда, кез-келген жаңа реформа сәтсіздікке ұшырайды» дейді белсенді. 

Қарапайым адамдар әңгімесінде медицина саласында тегін қызмет көрсету үлесінің төмендеп бара жатқаны жайлы жиі айтылады. Бұл саладағы «көлеңкелі бизнес» түрлері де әңгімеден тыс қалмайды. Ел тұрғындарының 33 пайызы тек қана ақылы қызметке жүгінгенін айтса, 18 пайызы медициналық қызметті тегін тұтынған. 

333 (1).jpg

Қатысушылар «Барлығына денсаулық» бастамасы аясында бірқатар ұсыныстар айтады. Соның ішінде мынадай басты ұсыныстар бар: 

  • Халықтың осал топтары мемлекеттік қолдау алып, жұмыс істейтіндерге ең төменгі жалақы сақтандыру төлемдерін төлеуі керек. Ең төменгі сақтандыру өтемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің есебіне енгізілуі тиіс; 
  • Емдеудің біліктілігін арттыру үшін клиника мен сақтандыру компаниясы арасында тежемелік əрі тепе-теңдік жүйесін құру, əлемдік озық практиканы пайдалану қажет; 
  • Әлеуметтік міндетті сақтандыру қорын денсаулық сақтау министрлігінің қарамағынан шығарып, ƏМСҚ-ның директорлар кеңесінің құрамынан денсаулық сақтау министрлігінің барлық өкілдерін шығарып, қоғамдық белсенділерді енгізу қажет; 
  • Өтпелі кезеңде СҚ-Фармациядан қызметкерлердің еңбекақысына, сатып алу логистикасына, үй-жайларды жалға алуға жəне дистрибьютордың өзінің өзге де шығыстарына жұмсалған шығындар туралы нақты ақпаратты талап ету қажет; 
  • СҚ-Фармациядағы ұзақ мерзімді шарттарды қайта қарау. Мемлекеттік монополистердің тəуелсіз аудит жүйесін енгізу. Меншік нысанына қарамастан медициналық жабдықпен жабдықтау құқығы бəсекелес ортаға берілуі тиіс. Дəріханаларда, қоймаларда жəне ауруханаларда дəрігерлер мен халыққа қолжетімді дəрілік заттардың болуы туралы ашық ақпараттық платформа құру. Дəріханаларда, қоймаларда жəне ауруханаларда дəрі-дəрмектердің болуына қойылатын талаптарды əзірлеу. Барлық елді мекендерде дəріхананың болуын қамтамасыз ету.
  • Мемлекеттік жəне жеке меншік клиникалардың құқықтары мен міндеттерін жеке бизнестің бəсекеге қабілеттілігін дамыту жағына қарай қайта қарау.
     
Сондай-ақ оқыңыз