ЕАЭО елдеріне ортақ мобилді қосымша пайда болды: енді азаматтар одақ аясында еш қиындықсыз жұмыс таба ала ма?

Жарияланды
Одақ цифрлық дамуды күшейтуге ниетті

Алматыда өткен Digital Almaty 2021 форумы қатысушыларына видео үндеу жолдаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа технология және жасанды интеллек мәселесіне ерекше назар аударды. Президенттің айтуынша, Қазақстан алдағы бес жылда жасанды интеллект пен цифрлы технологияларды дамыту бағытында 1 млрд доллардан астам қаржы тартуды көздеп отыр. 

«2021 жылы жасанды интеллектті дамытуға бағытталған техникалық және бағдарламалық шешімдер нарығының үлесі 35 пайызға өсіп, 12 миллиард долларды құрамақ. 2025 жылы 5G өндіріске өз деректерін өңдеу үлесін 70 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Осындай жағдайларда бізге тиімді болжау мен тәуекел модельдерін құруға, реформалардың максималды нәтижесін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін үйлесім қажет. Осы мақсатта Назарбаев университеті базасында жасанды интеллектің ұлттық кластері құрылуда. Деректерді өңдеу орталығы құрылып жатыр. Бес жыл көлемінде 500 млрд теңгеден астам қаржы тарту көзделіп отыр» деді президент. 

Бұл орайда мемлекет басшысы қарқынды цифрландыру бірқатар жұмыс орындарының бос қалдыруы мүмкін екенін, бірақ түптің түбінде технологиялық даму адамдар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтты. Осылай деген президент ЕАЭО елдерінің ұлттық ақпараттық жүйені дамытуға және интеграциялауға мұқтаж болып отырғанын жеткізді. Президент мектеп оқушылары, студенттер және одақтың басқа да азаматтары үшін технологиялар мен жасанды интеллект саласында мемлекетаралық білім беру бастамасын құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Отырыс барысында сөз алған Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин ЕАЭО-ға мүше елдер шеңберінде азаматтар мен бизнесті сәйкестендірудің бірыңғай есеп жүйесін құруды ұсынды. 

«Цифрлы платформа сауда нарығында кедергілер туындатып отыр. Біз тек бірігіп ғана экономикамызды дамытып, қатысушы елдер арасында туындаған құқықтық мәселелерді шеше аламыз. Ашық сауда қатынасы үшін жағдай жасау, ЕО-мен диалог жүргізу, қытайлық «Бір белдеу. Бір жол» бастамасымен еуразиялық интеграцияны тоғыстыру аса қажетті болып тұр. Осының бәрін ортақ цифрлы платформада іске асыруға болады. Біз Еуразиялық даму банкінің шекарадағы кедергілерді жоятын қосымша құру туралы шешімін қолдаймыз» деді Мишустин. 

Ол сондай-ақ Қазақстан мен Қырғызстанды ресейлік «Путешествую без COVID-19» қосымшасына қосылуға шақырды. Аталған қосымша пандемия кезінде өзге елдер аумағына баруға көмектеседі. 

«Қазір ол қосымшаны Ресей, Армения және Беларусь азаматтары пайдалана алады. Қазақстан мен Қырғызстан да қосылады деп үміттенеміз. Онда арнайы QR-код бар, ол бүкіл әлем бойынша еш кедергісіз саяхаттауға мүмкіндік береді. Қосымшаны жүктеп, ПТР-тест тапсыруға болатын лабораторияны таңдап, одан соң тестілеуден өтіп, нәтиже теріс болған жағдайда Ресейге ұшып келуге болады» дейді. 

Ресей премьері Алматыдағы форум кезінде тағы бір жаңашылдықты ұсынды. 2022 жылдың бас кезінде «Работа в ЕАЭС» қосымшасы пайда болмақ. Бұл бірыңғай сервис бос жұмыс орындарын табуға, қажетті құжаттарды рәсімдеуге (медициналық сақтандыру да бар), тұрғын үй таңдауға мүмкіндік бермек. 

Мишустин тиімді цифрлық шешімдер ЕАЭО дамуының қозғаушы күші болады, цифрлы платформасы жоқ елдер цифрлық шешімдер жеткізушілеріне тәуелді болады деді. 

Беларусь үкімет басшысы Роман Головченко болса ЕАЭО аясында цифрлы интеграцияның тым баяу жүретінін, шешімдердің ұзақ уақыт қабылданатынын сынға алды. 

Форум аясында «GovTech және үздік сервистер» пленарлық сессиясына қатысқан цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қазақстан еліміздің IT-ландшафтын құру жөніндегі платформалық модельге өтуі керек екендігін атап өтті.

«Платформалық модель дегеніміз – қандай да бір бізинес-процесті автоматтандыру барысында проблемаларға тап болмау жолы. Бұл оңай түрде, құжаттарға қол қоймай-ақ, бірнеше қызметтерді біріктірмей-ақ жүзеге асуы керек. Біз бизнес-процестердің нақты архитектурасы болатын жүйе ережелері мен мемлекеттің белгілі бір платформасын жасағымыз келеді. Автоматтандыру қызметі алты айға созылмауы үшін тек бір айда жасалуын қарастырудамыз. Сол себепті, ағымдағы кезеңде архитектураны әзірлеп жатырмыз және нарықтан сарапшыларды тартатын боламыз, оған отандық IT-компаниялар қатысады. IT-компаниялар өз қызметтерін осы платформа арқылы мемлекетке сатады» деді Бағдат Мусин.

Министр Қазақстанның IT салада кадрлық мәселелерді шешу керектігін де айтты. 

«Қазір Қазақстан IT-өнімдерді экспорттау бойынша басқа елдерден артта қалып отыр. Себебі, адами капиталдың жетіспейді. Жыл сайын Қазақстанда 20 000 IT-маман білім алып шығады. Бірақ бұл статистика ғана. Сондықтан біз білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, гранттық бағдарламаларды IT-мектептер жағына қарай қайта құрып жатырмыз» деді министр. 
 
Gartner зерттеу және консалтинг компаниясының мәліметі бойынша, 2020 жылы IT-технологияға шығындар көлемі 3,9 трлн доллардан асқан. Жиынтықты есептеулер нарығының көлемі 20 пайыздан астамға, 266 млрд долларға дейін өсіпті. 2023 жылға қарай күрт жылдамдатылған динамиканы ескере отырып, көрсеткіш 623,3 млрд долларға жетеді деген болжам бар. 

Қазақстан да әлемдік көшке ілесуге тырысып жатыр.  

Екі жыл бұрын Қазақстанда Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркі ашылды. Оның базасында бүгінде оқытудың озық тәсілдері мен әдістемелерін пайдалана отырып, «Аlem» бағдарламалаудың IT мектебі жұмыс істейді. Оң тәжірибені ескере отырып, өткен жылы нарыққа жылына 1000-нан астам маман шығаруға қабілетті тағы осындай 4 инновациялық оқу орны ашылды. 2019 жылы Алматыда Astana IT University ашылды, ол әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен және өнеркәсіптік серіктестермен бірлесіп, өмір бойы оқыту тұжырымдамасы негізінде Digital University зияткерлік жүйесін енгізді. 
 

 
Сондай-ақ оқыңыз