Футболдан Еуропа чемпионатына қандай атақты футболшылар қатыса алмайды?
Санаулы күндерден соң футболдан Еуропа чемпионаты басталады. Атауына кәрі құрлық есімі берілгенімен, бүкіл әлем назары ауатын доп додасында 24 ұлттық құрама бақ сынайды. Негізі былтыр өтуі тиіс чемпионат коронавирус пандемиясына байланысты бір жылға кері шегерілген еді. Енді чемпионат 11 маусым мен 11 шілде аралығында Еуропаның 11 елінде – Әзірбайжан, Англия, Венгрия, Германия, Дания, Испания, Италия, Нидерланды, Ресей, Румыния және Шотландия стадиондарында өтпек.
Атаулы сайыс жақындаған сайын чемпионатқа бара алмайтын әйгілі футболшылардың есімдері де жария болып жатыр. Әрине, бәріне кінәлі – жарақат.
Мадридтік «Реалдың» қорғаушысы Ферлан Менди жарақатына байланысты Франция құрамасымен бірге Еуропа чемпионатына бара алмайды. 25 жастағы футболшы биылғы маусымда 26 кездесуге қатысып, 1 гол соқты.
Жақында ғана «Манчестер Юнайтед» жейдесінде 100-ші кездесуіне шыққан Харри Магуайр де жарақат алып қалды. Бас бапкер Сульшердің айтуынша, жарақаты анау айтқандай күрделі емес. Тез арада айықса, Еуропа лигасының финалында ойнауы мүмкін. Бірақ емделуі кестедегідей бола қоймаса онда қорғаушы кәрі құрлық бәсекесінде Англия құрамасына көмектесе алмауы мүмкін.
Еуроға бара алмайтын ойыншылардың қатарында Украина құрамасы мен донецкілік «Шахтердің» шабуылшысы Жуниор Мораес те бар. 34 жастағы футболшы «Александрияға» қарсы кездесу алдындағы жаттығу кезінде жарақат алған. Футболшының операциядан соң қалыпқа келуі алты айға созылмақ. Осы маусымда ол 25 кездесуде 9 голдың авторы атанды.
Журналист Танкреди Палмери твиттерде Италия құрамасы мен ПСЖ жартылай қорғаушысы Марко Верраттидің Еуро-2020-ға бара алмайтынын жазған. Футболшы 8 мамырда оң жақ тізесінен жарақат алыпты. Әдетте мұндай жарақаттың жазылуына бір айдай уақыт кетеді, одан кейін де қалыпқа келу үшін тағы бірнеше күн қажет. Дәл осылай болды деген күннің өзінде Верратти Италия құрамасына ширек финалдан бастап қана көмек бере алады. Әрине, Роберто Манчини шәкірттері топтық кезеңнен шыға алса. Верратти 2016 жылғы Еуропа чемпионатына да жарақатына байланысты қатыса алмаған еді.
«Гертаның» польшалық шабуылшысы Кшиштоф Пентек те операция жасатты. Оған тобық сынған деген диагноз қойылған.
«Соңғы 36 сағат мен үшін ауыр болды. Жарақат мен қатты армандаған Еуро-2020-да ойнауыма мүмкіндік бермейді. Бірақ мен футболда да өмірдегідей ештеңенің себепсіз болмайтынын білемін. Сірә, Құдайдың маған қатысты өзіндік жоспары бар сияқты. Мен бұған позитивті қараймын. Жақсы күндер алда күтіп тұр» деп жазады Пентек желідегі парақшасында.
Испания құрамасының 18 жастағы талантты ойыншысы Ансу Фати де («Барселона») Еуропа матчтарын теледидардан тамашалайды. Ол былтыр қараша айында «Бетиске» қарсы ойында тізесінен ауыр жараланған. Фати 2019 жылдан бастап «Барсаның», 2020 жылдан бастап Испания құрамасының негізгі ойыншысына айналды.
Хорватия құрамасы мен қазандық «Рубиннің» ойыншысы Филип Уремович те өз құрамасына көмектесе алмайтындардың бірі. Былтырдан бастап Уремович құрамаға тұрақты түрде шақырыла бастаған болатын.
Тізе мен тізе буынындағы шеміршек жарақатын алған Чехия құрамасының плеймейкері Лукаш Провод та Еуропа чемпионатына қатыспайды. Ол осыған дейін ұлттық құрама жейдесінде жеті рет алаңға шығып, бір рет мергендігімен көзге түскен. 24 жастағы футболшы прагалық «Славия» командасында ойнайды.
Англия құрамасы мен «Ливерпульдің» креативті қорғаушысы Трент Александер-Арнольд нағыз дер шағында құрлық додасынан құр қалайын деп тұр. Алайда жарақатына байланысты емес. Бас бапкер Гарет Саутгейт оның позициясында өзге ойыншыларды чемпионатқа алып барғанды жөн көретін сыңайлы. Биыл футболшы АПЛ-да 34 кездесуге шығып, 2 гол соғып, 7 нәтижелі пас берген.
«Ливерпульдің» тағы бір қорғаушысы, Нидерланды құрамасының лидері Вирджи ван Дейк өз командасын осы жолы өрге сүйрей алмайды. 29 жастағы футболшы ауыр жарақат алған 2020 жылдың қазан айынан бері алаңға шыққан жоқ. Футболшы қазір денсаулығы біршама қалыпқа келіп қалғанына қарамастан Еуропа чемпионатына бармауды жөн деп шешкен.
Араға жылдар салып Швеция құрамасына қайта оралған Златан Ибрагимович те жарақатына байланысты чемпионатта атой сала алмайды. 39 жастағы футболшы әлі бабында. Ол биыл А сериясында «Милан» сапында 19 матчта 15 гол соқты.
Қақпашылардан Германия құрамасының бас голкипері Марк Андре тер Штегенді алаңнан көрмеуіміз мүмкін.
«Клубтың медициналық штабымен бірлесе отырып тізеге тағы да қосымша операция керек деген шешімге келдік. Неміс құрамасымен бірге Еуро-2020-ға бара алмайтыным өкінішті. Бірнеше жылдан бері алғаш рет үйде отырып жанкүйерлік жасаймын. Біз жеңеміз деп үміттенемін» деп жазды қақпашы инстаграмда.
Тағы бір неміс ойыншысы Марко Ройс те Еуропа чемпионатына бармайды. Бұл футболшының денсаулық әлеуеті жаман емес. «Боруссия» сапында да тәуір ойын көрсетіп жүр. Жалпы, Ройс Германияның соңғы жылдардағы ең бір талантты, әрі ойын тұрғысынан ең бір тұрақты футболшысы саналады. Дегенмен футболшыны жарақат жиі мазалайды. Бірақ бұл жолы емес.
«Қиын әрі қызыққа толы маусымнан соң Йоахим Левпен бірге талқылай келе Еуропа чемпионатына бармайтын болып шешім қабылдадым. Бұл мен үшін қиын шешім. Себебі, әркез құрама сапында ойнағанда қатты қуанышты болдым. Бірақ аса ауыр маусымнан соң өз денеме демалыс та беруім керек. Жаңа маусымды тың күшпен бастағым келеді. Біздің құрамаға чемпионатта жеңіс тілеймін» деп жазды Ройс әлеуметтік желідегі парақшасында.
Испания құрамасы мен мадридтік «Реалдың» капитаны Серхио Рамос та чемпионатқа бармайды. Құрама бас бапкері Луис Энрикомен ақылдасып, осындай шешім қабылдаған.
«Ауыр маусымнан соң демалу қажет. Мен әркез 100 пайызға дайындық жасадым. Өз командама көмектесе алмайтыным өкінішті. Бірақ осы жолы демалып, өз өзіме келіп, келер маусымға үлкен күшпен кіріскім келеді» депті Рамос желіде.