Степногорскіде 20 тұрғынды пәтер алып беремін деп алдаған алаяқ әйел сотталды

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
20 адамның 45 млн теңгесін иемденіп алған алаяқ ұсталды
20 адамның 45 млн теңгесін иемденіп алған алаяқ ұсталды / Фото: shutterstock

Степногорскіде әйел тұрғын үй алып беремін деген желеумен 20 адамды алдаған. Ол жергілікті тұрғындардың 45 млн теңгеден астам ақшасын иемденіп, қаражатты жеке қажетіне жұмсаған. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады, деп жазады Kursiv.Media.

Степногорск қаласының прокуратурасы күдіктінің бұған дейін де ірі мөлшерде бірнеше рет алаяқтық жасағанын анықтады. Қала тұрғынына қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Сотталған әйел 2023-2024 жылдар аралығында пайдакүнемдік ниетпен, азаматтарды алдау және олардың сенімін теріс пайдалану арқылы тұрғын үй сатып алуға жәрдемдесуге уәде берген.

Бұл ретте өз міндеттемелерін орындауға ниеті де, нақты мүмкіндігі де болмағанына қарамастан, азаматтардан ақша алып, оны жеке мақсаттына жұмсаған.

Қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде 20 азамат жәбірленуші деп танылып, оларға жалпы сомасы 45 млн теңгеден астам материалдық залал келтірілген.

Сот талқылауы барысында сотталушының қылмыс жасағаны дәлелденді.

Степногорск қаласының сотының үкімімен әйел ҚР ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енді.

Бұған дейін Астанада «Qyran» тұрғын үй кешенінің 51 үлескерлерін 3 млрд теңгеге алдаған құрылыс компаниясының қызметкерлері сотталған еді.

Сондай-ақ оқыңыз