«5-10-20» арқылы баспана алудың шарттары қандай?

Жарияланды
Бұл бағдарламаға үй кезегінде тұрғандар қатыса алады

«Қазақстан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова «5-10-20» бағдарламасы арқылы үй алу үшін қандай талаптар қойылатынын айтты.

Ендеше, тарқатып көрелік. Бұған дейін көпшілік түсініп үлгерген тұсы: несие бойынша мөлшерлеме — 5 пайыз, алғашқы жарна — 10 пайыз, 20 жылға дейін алуға болады. 

«Бұл қанатқақты жобаға әкімдікте үйдің кезегінде тұрғандар қатыса алады. ҚР Индустрия және нфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 1 қаңтардағы жағдай бойынша 540 мың адам кезекте тұр. Оның ішінде 212,5 мыңы — мемлекеттік қызметкер, бюджеттік ұйымда істейтіндер, 120,5 мыңы — толық емес отбасы категориясы кіретіндер, 60,8 мыңы — жетім балалар, 43,5 мыңы — І және ІІ топтағы мүгедек жандар, 21,1 мыңы  — отбасында мүгедек баласы барлар, 18 мыңы — зейнеткерлер, қалған 16 мыңы — өзге категорияға кіретіндер» деді басқарма төрағасы. 

Бағдарламаның нақты шарттары мен талаптары алдағы екі аптада белгілі болады. Ал қазір бізге белгілісі мынау:
–    Өз атында баспанасы болмауы керек;
–    Үй алуға кезекке тұрған болуы тиіс;
–    «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» депозитіне пәтер құнының 10 пайызы салынуы шарт;
–    Несие мөлшерлемесі — 5 пайыз;
–    20 жылға дейінгі мерзімге беріледі.

Ибрагимованың айтуынша, үй алуға кезекке тұрғандарды бірнеше топқа бөлу керек. 

1.    Тегін жалдамалы пәтерді адам басына шаққанда ең төменгі жалақыдан аз шығатындарға беру. Әлеуметтік жәрдемақы, соның ішінде мүгедектігіне байланысты алатындар осы топта тұрады. 

2.    Бір адамға шаққанда екі ең төменгі жалақы мөлшерінен аз алатындар жылдық мөлшерлемесі 2 пайыз болатын «Бақытты отбасы» және «2-10-20» бағдарламасына қатысады. Кезекке тұрғандардың үш тобы, яғни көпбалалы, толық емес және мүгедек бала асырап отырған отбасылар ғана осы санат бойынша баспаналы бола алады. 

3.    Табысы екі ең төменгі жалақы мөлшерінен асатындар әкімдіктердің «Нұрлы жер» арқылы салған үйлері мен жеке құрылыс компаниялар салған үйлердің бірін таңдай алады. Қазір бұл екеуінің айырмашылығы тек қарыз сомасында ғана болатындай параметрлер талқыланып жатыр. 
Қарыздың максимал сомасы әр аймақта әр түрлі. Жаңа салынған үйлер бойынша жеке компанияларда Нұр-Сұлтан, Алматы және осы қалалардың маңында 18 миллион теңгеден аспауы керек болса, Атырау, Ақтөбе, Шымкент, Ақтау қалалары мен Түркістан, Қарағанды облыстарында 15 миллион теңгеге дейінгі сомаға ғана алуға болады. Ал өзге аймақтардан осы бағдарламамен алынатын пәтер бағасы 12 миллион теңгеден аспайды. 

«Жоспарланған 390 миллиард теңгенің 180 миллиард теңгесі ипотекалық тұрғын-үйлер салуға бағытталып үлгерген. Яғни Алматыда шаршы метріне — 240 мың теңге, Нұр-Сұлтан қаласы мен оның сыртындағы аумаққа — 220 мың теңге, Шымкент қаласы мен Алматы маңына — 200 мың теңге, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Түркістан және Қарағанда облыстарында — 180 мың теңге, басқа аймақтарда 160 мың теңгеге дейін болуы керек. «Бірақ бұл үйлер жыл соңында ғана беріле бастайды. Ал дәл қазір алатындарға әкімдіктер мен жеке құрылыс компанияларынан бере аламыз»,– дейді Ләззат Ибрагимова.

Сондай-ақ оқыңыз